
Фильм көрерменді ерекше тылсым әлемге жетелейді. Басты кейіпкер – қиялы ұшқыр Элио. Ол кездейсоқ Жердің өкілі ретінде бүкіл ғаламның тіршілік иелері жиналған планетарлық ұйымға тап болады. Енді ол адамзат атынан сөйлейтін жалғыз өкіл. Элио бүкіл галактикаға қауіп төндіріп тұрған дағдарысты қалай реттемек? Міне, ұсынылып отырған ғылыми-фантастикалық фильм ғарыштағы қызықты оқиғаларды шым-шытырық эпизодтармен тарқатып, кішкентай көрерменнің қиялын биікке еркін самғатады. Бұл тек шытырман оқиға емес, әр балаға өзін тану мен даму жолын көрсететін нұсқаулық деуге де болады.
Осы бастама аясында Disney студиясы 2024 жылы «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша», биыл «Ақшақар», «Лило мен Стич» деп аталатын фильмдерін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмысын қаржыландырды. Қазақ тілінің ірі халықаралық студиялар өз қаражатымен қолдайтын тілдердің қатарына қосылуы – тіліміздің дамуы үшін өте маңызды оқиға. Көрерменге жол тартқан «Элио» туындысы да осы халықаралық игі бастаманың тізбекті бір тарауы.
Көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Алматы