Заң мен Тәртіп • Кеше

Фемида немесе сот ісінің соқпағы

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әңгімені әлімсақтан бастасақ, адамзат ақыл-ойының аламанында грек жұртының алған бәйгесі аз емес. Олай болатын себебі Сократ, Аристотель, Платон секілді саңлақ санаткерлерінің санасын қалыптастырған мифологиялық түсінік біздің дәуірде де маңызын жоғалтқан жоқ. Жаһанға жарық сыйлаушы алапатты Аполлон, сұлулық пірі айдидарлы Афина, ұсталардың жебеушісі Гефест сынды сан мыңдаған кейіпкерлер адам бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттердің адамданған бейнесі. Соның ішінде әділет медеткері Фемиданың болмысы бөлек. Оның бір қолында таразы, екінші қолында қылыш тұрады, ал көзі әр кез байлаулы. Онысы ешкімге бұра тартпайтын турашылдығының, ешкімге тұра шаппайтын тұрақтылығының айғағы. Бұл күнде Фемиданың бейнесі бүгінгі сот жүйесінің, жалпы құқықтық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, оның тәуелсіз еліміздің төрелік залдарында орын тепкеніне де отыз жылдан асты. Осы уақыт аралығында мемлекетіміздің сот жүйесі біршама өзгерісті бастан өткеріп, дамудың жаңа белесіне көтерілді.

Фемида немесе сот ісінің соқпағы

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат қабырғасында сот жүйесін реформалау жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамында заң шығарушы орган депутаттарымен қатар, тәжірибелі адвокаттар, заңгерлер, ғалымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Бұл – сотқа деген сенімді арттыру жолындағы бедерлі белес. Себебі мұндай алаңда тек шағым-өтініштер емес, сот қызметтерін тікелей тұтынатын азаматтардың ұсыныс-пікірлері ескеріледі. Жоғарғы Сот төрағасы Асхат Мерғалиевтің айтуынша, осы платформа аясында сындарлы диалог орнап, ымыра мен өзара түсіністік негізінде бірқатар шешімдер қабылданған.

«Заңнамалық актілердің арқасында сот процестерінің жылдамдығы мен тиімділігі арта түсті. Мәселен, бұрын апелляция сатысынан оралған істер бірінші сатылық сотта қайта қаралып, уақыт пен қаражат ысырап болатын. Қазір апелляциялық соттар істі қайта қайтармай, сол жерде-ақ нақты шешім қабылдайды», дейді Жоғарғы Сот төрағасы.

Бұл – азаматтардың бұзылған құқықтарын тезірек қалпына келтіруге жол ашатын маңызды өзгеріс. Сонымен қатар судьялар үшін де бұл шешім жауапкершіліктің күшеюіне әкеледі. Ендігі жерде әрбір төреші қабылдаған үкімі үшін өз деңгейінде толық жауап береді.

фемида

 

Қысымға тосқауыл – сенімге жол

Бұрын жиі көтерілетін мәселелердің бірі – құқық қорғау органдары тарапынан судьяларға көрсетілетін қысым жайы еді. Енді бұл бағытта да құқықтық тосқауыл қойылды. Бұрын жедел іздестіру шараларын жүргізуге облыс прокуроры рұқсат берсе, енді тек Бас прокурордың санкциясы қажет. Бұл – сот тәуелсіздігіне қол сұғылмауын нақты қамтамасыз ететін заңнамалық кепіл.

Сондай-ақ судьяларды тағайындау және мансаптық ілгерілеу тәртібі де жаңаша сипат алып отыр. Мәселен, Жоғарғы Сот судьялығына Сенатқа бір емес, екі үміткер ұсынылады. Ал 2025 жылдан бастап аудандық соттарда төраға лауазымына судьялар өзара жасырын дауыс беру арқылы таңдалады. Мұндай тәсіл ашықтықты арттырып, сот корпусының ішкі беделін көтермек.

 

Жауапты судья – әділ сот

Судьяның қызметін бағалау және жауапкершілігін арттыру – реформалардың тағы бір өзегі. Бұрын судьяның заңды өрескел бұзғаны дәлелденсе де, тәртіптік жаза қолданылмай қалатын жағдайлар кездесетін. Енді бұл кемшілікке жол берілмейді. Арнайы тетік бойынша әрбір күші жойылған сот актісі Сот жюриінің талқылауына түспек.

Жаңа заң жобасында судьялардың қызметін бағалаудың ашық әрі әділ көрсеткіштері белгіленген. Бағалау процесі енді жазалау емес, керісінше, кәсіби өсу мен әлсіз тұстарды анықтау мақсатында жүргізіледі. Судьялар өз көрсеткіштерін онлайн форматта көре алады. Бұл – жүйенің толық цифрлануына қадам.

 сот

Кассациялық реформалар

Қазіргі уақытта сот ісін сатылы жүргізу мәселесі кең талқыланып жатыр. Бұған дейінгі бірнеше реформалар – 5, 4 және 3 буынды модельдер – сот жүйесіндегі тиімділікті арттыруға бағытталса да, шешілмеген түйткілдер қалды. Мәселен, облыстық соттардың әрі апелляция, әрі кассация рөлін қатар атқаруы жүйені күрделендіріп, азаматтардың сеніміне селкеу түсірді.

Жоғарғы Сот ұсынған жаңа модель – үш толыққанды сатыдан тұратын жүйе: бірінші саты, апелляция және «тұтас кассация». Елордада азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот құрылып, әрқайсысы өз бағыты бойынша жұмыс істейді. Мұндай құрылым аймақтық қысымнан ада, таза құқықтық бағамен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоғарғы Сот төрағасының айтунша, қоғамның «тұтас кассацияға» деген сұранысы – әділеттіліктің нақты көрсеткіші. Бұл модель істерді бірден үш судьяның құрамында қарауды, ауызша талқылау жүргізуді, процессуалдық «сүзгілерді» енгізуді көздейді. Жаңа тетік Жоғарғы Сот төрағасының қайта қарау ұсынысы арқылы «жетілікке» өтуді қажет етпейді. Бұл – судьялар тәуелсіздігіне жасалған елеулі қадам.

 

Медиация: мәміленің мәуелі жолы

Иә, бүгінде жұрттың көбі дау туындаса, сотқа жүгінуді бірден ойлайды. Алайда ұзаққа созылатын сот процесі, жүйкені тоздыратын дәлел-дәйек жинау, мемлекеттік алым, адвокат жалдау, қайта-қайта шақыртылу сияқты машақаттар қарапайым азаматты қажытып, өзінен-өзі қақтығыс ушыға түсетіні рас. Осындай сәтте медиацияға жүгінсе, ұтылмайды.

Медиация – тараптардың ерікті түрде келісімге келуіне көмектесетін балама тетік. Бұл тәсіл көп жағдайда салмақты дау-дамайды сотқа жеткізбей шешіп береді. Қазір елімізде бұл институт біртіндеп қалыптасып, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті, кәсіби медиатор Жанділдә Жақыповтың айтуынша, медиатор ірі қаржылық мәселелерден бастап, отбасылық жанжалдарға дейін түрлі азаматтық істермен айналысады.

«Қарапайым мысал – ажырасу процесі. Егер тараптар келіссе, медиатор бес күн ішінде татуласу рәсімін рәсімдеп, небәрі 3–4 сағатта некені бұзу мен мүлікті бөлісу мәселесін де заңды түрде реттеп бере алады. Бұл – соттағы ұзақ әрі қымбат процедуралармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді әрі жеңіл жол», дейді ол.

Медиация – батыстан келген жат ұғым емес. Қазақ халқы тарихта дау-дамайдың шешімін билер мен ақсақалдар арқылы тапқан. Ел ішіндегі үлкен дау да, ұсақ кикілжің де ағайын арасы бұзылмасын деп бітімгершілікпен аяқталған. Ендеше, бүгінгі медиаторлар – кешегі билердің заңды жалғасы.

Философия ғылымдарының докторы Сымбат Шәкіровтің пікірінше, медиацияның басты миссиясы – қоғамда дауды сот арқылы емес, түсіністікпен, сабырмен, әділеттілікпен шешу.

«Медиация – бұл, ең алдымен, әңгімелесе білу мәдениеті. Қарапайым адам сөзін тыңдайтын, ойын айтатын, ішкі күйін жеткізетін алаң табуы керек. Міне, медиатор осы алаңды қалыптастырады»,  дейді ол.

Медиаторлардың шеберлігі – тек заң білуде емес, алдымен тыңдай білуінде. Шынайы диалог, бірін-бірі түсіну, сабырмен сұрақ қою арқылы екі тараптың да ішкі түйткілін жарып шығару – үлкен өнер. Бұл шеберлікті меңгеру үшін заңнан бөлек, психология, коммуникация, мәдениеттану секілді салаларда да білім болуға тиіс.

медиация

Сымбат Шәкіровтің айтуынша, медиация – қылмыстық әділет жүйесінің де тепе-теңдігін сақтап тұратын тетік. Мұнда басты рөл – жәбірленуші мен құқық бұзушыға беріледі. Екеуара тікелей кездесу арқылы зардап шеккен адам кешірім беріп, қылмыскер жасаған ісіне өкінетінін шынайы жеткізеді. Осы арқылы екі тарап та өзара жан дүниесін жеңілдетеді. Бұл – шынайы кешірім мен әлеуметтік сауығуға бастар жол.

«Біз заңнан емес, әдептен аттамайтын қоғам құруымыз керек», дейді философ.

Қазақта «Тура биде туған жоқ» деген тәмсіл бар. Бұл – әділет пен ардың алмасындай өткір тұжырым. Кезінде Қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке сынды билер айтқан кесімді сөз халықтың жүрегінде заңнан биік ұғым болып сіңді. Бүгінгі заманда сол рух пен парасатты сот реформалары арқылы қайта жаңғырту – уақыттың талабы, қоғамның үні. Ал сот реформаларының басты мақсаты – азаматтардың әділетке қол жеткізуін оңайлатып, сотқа деген сенімді арттыру. Жаңа өзгерістер мен заманауи тетіктер – құқықтық мәдениетті жетілдірудің нақты қадамы. Судьяның жауапкершілігі, процестің ашықтығы мен тиімділігі, балама шешім жолдарының дамуы – бәрі де қоғамдағы тұрақтылық пен заң үстемдігін қамтамасыз етеді. Ақ пен қараны ажыратар әділдік жолында Фемида бейнесі тек символ емес, адал төреліктің айғағына айналуға тиіс.