Шаруашылық • Бүгін, 16:39

Түркістан облысында қуаңшылықпен күрес жүріп жатыр

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауа-райының жауын-шашынсыз болуына байланысты Түркістан облысында ағын су тапшылығы орын алуы қауіптілігі жоғары болып тұр. Жалпы облысқа жылдық қажетті лимит 4,8 млрд текше метр болып бекітілген. Өңірдегі 896,2 мың гектар егіс алқабының 389,3 мың гектары атмосфералық жауын-шашынға тәуелді жерлер. Ауа райы қолайсыз болып, егістіктің шамамен 49,8 мың гектары пайдалануға жарамсыз деп танылды. Бұл жалпы егіс алқабының 5,5 %-ын құрайды. Қуаңшылық 336 шаруаның жұмысына тікелей әсер етіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан облысында қуаңшылықпен күрес жүріп жатыр

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков  ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілік тәртібімен беріліп жатқанын мәлім етті.

«Алдағы уақытта су тапшылығын толық шешу мақсатында «Бәйдібек ата», «Боралдай» суқоймалары жобалары қолға алынды. Нәтижесінде «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады. Жобаны толық аяқтауға 5,4 млрд теңге қаржы бөлу ұсынылды. Биыл облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға орналастырылатын болады», деді Нұрбол Тұрашбеков.

Оның айтуынша облысқа тиесілі жылдық су пайдалану лимитінің 63%-ы көрші мемлекеттердің аумағынан келеді. Трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектар жер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Жалпы облыстағы 25 суқойма, 1 су реттегіш, 269 каналды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде су нысандарының тозу көрсеткіші 76%-дан 50%-ға төмендейді. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, жыл сайын қосымша 200 млрд теңгенің өнімі өндіріледі.