
Кітап авторлары – Еркін Бақтияров пен Мұсағали Тасқалиев тарихи тұлғаның қызметіне осы күнге дейін жеткілікті баға берілмегенін атап өтті. Хансұлтан комиссар туралы жазушы, публицист Бейбіт Қойшыбаев 2017 жылы мақала жариялады. Одан басқа дерек жоқ. Сүйіншәлин есімі қазақ кеңестік ағарту саласын басқарғандар туралы жинаққа да енбей қалды. Ескерерлік жайт, 2023 жылы Алматы қаласындағы бұрынғы Фурманов көшесіндегі Сүйіншәлин тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. «Темірбек Жүргенов 1933 жылдың маусымынан 1937 жылдың шілдесіне дейін Қазақстанның Халық ағарту комиссары болды. Ол ұсталған кезде орнына Біржан Манкин тағайындалып, бес ай ғана басқарды. Сол жылдың желтоқсанында Хансұлтан Сүйіншәлин оқу комиссары болып бекітілді», дейді Ақтөбе облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Еркін Бақтияров.
Хансұлтан 1905 жылы Ырғыз болысының Ақтоғай деген жерінде өмірге келген. Жеті жасында анасы өмірден өткенде, әкесі Сүйіншәлі Шалқарға көшіп келеді. Мұнда үш жыл медреседе, одан соң екі басқыштық орыс мектебінде оқиды. 1918 жылы әкесі өмірден өткенде, Хансұлтан 13 жаста екен. 1924–1925 жылдары Ақтөбеде кеңестік партия мектебінің тыңдаушысы, коммунистік партия мүшесі, одан кейін Шалқар уездік комсомол ұйымын басқарады. 1926–1927 жылдары Қарсақпай уездік комсомол ұйымының хатшысы, 1928 жылдан Қостанайда округтік комсомол комитетінде, Алматыда жұмыс істейді. Оқу комиссары 1938 жылдың тамызында тұтқындалып, Алматы түрмесіне қамалып, 1940 жылдың 11 маусымында бес жылға сотталады. Жазасын Магадандағы еңбекпен түзеу лагерінде өтейді. «Хансұлтанды ұстап кеткенде, әйелі Қатира екі жастағы ұлы Болатты алып қырғыз жеріне кетіп, елге 1942 жылы қайта оралады. Оған ерінің ақталғаны жөнінде хабар 1955 жылы жетіп, келесі жылы Хансұлтанның Магадан облысы Сусаман кентінде 1941 жылы 3 қаңтарда жүрек талмасынан қайтыс болғаны туралы анықтама берілген», дейді Е.Бақтияров. Сараң өмірбаяндық деректердің арғы жағында кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында халықты сауаттандыру ісіне зор үлес қосқан тұлғаның ұмытылған еңбегі тұр.
Баласы Болат Хансұлтанұлының жасы 89-да, сол ауылда тұрады. Өсіп-өнген әулет. Кездесуде Түргеннен Болаттың баласы Әлжан мен немересі 24 жастағы Хансұлтан Әлжанұлы хабарласып, шейіт кеткен аталарының туған жеріне Болат ақсақалдың сәлемін жеткізді.
Ақтөбе облысы