Талбесік • Бүгін, 08:10

Көпжылдық өсімдіктің жаңа түрі

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде астрагал тұқымдасына жататын көпжылдық өсім­дік­тің 5 мыңға жуық түрі анықталған. Ал жақында Атырау облысында өсетін осы өсім­діктің жаңа түрі табылып, оған Иванов астрагалы атауы берілді.

Көпжылдық өсімдіктің жаңа түрі

«Индер – 2025» халықара­лық ғылыми зерттеу экс­пе­диция­сына В.Татищев атын­дағы Астрахан мемле­кеттік уни­вер­ситетінің профессоры Алексей Лактионов жетек­шілік етті. Экс­педицияға атал­ған оқу орны­ның аспиранты Сая­гүл Ахме­денова, Ресей Ғылым акаде­миясының Екате­рин­бург­тегі Орал филиалына қарай­тын ботаникалық бақ зерт­ханасының меңгерушісі Михаил Князев, сондай-ақ М.Өте­мі­сов атындағы Батыс Қазақ­стан университетінің ға­лым­дары қатысты.

«Бұл өсімдік Индер ауда­нындағы тұз күмбезі ай­ма­ғының эндемигі болып шықты. Алғашқы жиналған гербарий үлгісі Санкт-Петербургтегі Ресей Ғылым академиясы­ның В.Л.Комаров атындағы Бо­таникалық инсти­тутының ғылыми гербарийінде сақ­тау­лы. Гербарий халық­аралық деректер қорына енгі­зілді. Иванов астрагалы – көп­­жыл­дық жартылай бұта. Өсім­дік­тің ұзындығы 5–10 см-ден аспайды. Ашық қызғылт түсті гүл шоғының ұзындығы – 5–8 см. Жемісі – жұмыртқаға ұқсас, ұзындығы 12–20 мм-лік шар тәрізді бұршақ. Ал бұр­ша­ғының іші қуыс, 25-ке жуық дәні бар», дейді А.Лактионов.

рп

Ғалымның пікірінше, ежел­гі скифтер астрагалды өлмейтін шөп деп атаған. Бұл өсімдікті қатерлі ісік және жүрек ауруларын емдеу үшін қолдануға болады.

«Өйткені астрагал ауруға қар­сы тың иммундық жүйе­ні нығайтып, вирусқа төтеп беретін интерферонды жетіл­ді­реді. Ағзаның суық тию, тұ­мау және бронхит секілді сыр­қаттарға қарсы күресу үшін ішкі механизмін іске қосуға көмектеседі. Бауыр қызметін жақсартады, қандағы қант дең­гейін төмендетеді. Қан тамырларын кеңейтіп, қан қысымының төмендеуіне ықпал етеді», дейді ғалым.

Ресейлік ғалымдар астра­­­­гал­дың бірнеше түрін онко­ло­­гиялық ауруларды емдеуге пай­далану мақсатын­­­да зерттеулер жүр­гізуді қол­ға алыпты. Ал ха­­лық­аралық экспедицияның мүше­­лері өсім­діктің тағы үш жаңа түрін тапқан. Енді олар жер­гі­­лікті флора мен өсім­дік­тер­ді зерттеуді жалғас­тыруды көз­деп отыр.

«Қуыс бұршағы бар өсім­дікті көргенде, оның ерекше екенін бірден түсіндік. Бұл – ме­нің ғылыми қызметім­­дегі айтулы жетістік», дейді ­Саягүл Ахмеденова.

 

Атырау облысы