Аймақтар • Бүгін, 08:35

Түрленген Тараз

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлы Жібек жолы бойында орна­ласқан Тараз қаласы соңғы бірнеше жылдың беде­рінде түрлене түсті. Маңай­дағы Байзақ, Жам­был аудандарынан бір­­­неше елді мекен облыс ор­та­­лы­ғының қата­­­рына қо­сы­лып, қала аумағы ай­тар­­­лықтай кеңіді. Нәти­­жесінде, тұрғын­­­дар­дың саны артты. Тиісінше, Та­разда «Жібек жолы», «Әу­лие­­ата» аудандары құ­рылды.

Түрленген Тараз

Қала әкімдігі келтірген ресми дерекке жү­гін­сек, қазіргі кезде облыс орталығында қоныстанған халықтың саны 480 мыңнан асты. Іргедегі Байзақ, Жамбыл аудандарынан 14 ауылдың қала қатарына қосылуының арқасында шаһар тұрғындарының саны жарты миллионға жуықтады. Жергілікті халықтың саны артқан сайын Таразда қолға алынатын жобалар мен атқарылатын жұмыстар легі де көбейе түсті. Сол тұрғыда жер­гі­лікті атқарушы билік өкіл­де­рі барын салып жұмыс істеп жатыр.

Тараз қаласының әкімі Ба­қытжан Орынбековтің айтуын­ша, облыс орталығында екі ауданның құрылуы шаһардағы жұмыстарды сапалы жүйелеуді, халыққа көрсетілетін қызметті тиімді ұйымдастыруды, қаланы оңтайлы басқаруды, қордаланған өзекті мәселелерді дер кезінде шешуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұқара мен билік ара­сында ашық диалог орнатуға мүм­кіндік береді.

а

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің ирри­гациялық жүйесін барынша жақсарту мәселесін назарда ұстап отыр. Содан да болса керек, жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл мәселені назардан тыс қалдырған емес. Президент тапсырмасын жүйелі түрде жүзеге асыруға ден қойған өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қала аумағындағы 6 ирригациялық, 2 дренаж каналды механикалық тұрғыдан тазалаудың маңызына басымдық беруінің арқасында қалалық қазынадан қаражат қа­рас­­тырылып, тиісті жұмыс қолға алынған болатын. Нәтиже­сін­де, жылдар бойы жыр болған «Түйте» каналының түйткілі ше­шілді.

«Өңір басшысы Ербол Қара­шөкеевтің тапсырмасына сәйкес өткен жылы Тараздағы жалпы ұзындығы 60 шақырымнан асатын 8 каналға механикалық тазалау жұмысы жүргізілді. Каналдардың абаттандыру жұмысы да назардан тыс қалған емес. Біз қаладағы каналдарды тазалап қана қоймай, оның айналасын жасыл желекпен көмкеріп, төңірегін түгелдей абаттандыру мәселесіне де басымдық беріп отырмыз. Оған жергілікті халық куә. Бұл өз кезегінде тұр­ғындардың алаңсыз тынығуы мен серуендеуіне мүмкіндік туғызса, екіншіден, ағын судың канал бойы­мен кедергісіз ағуына мүмкіндік береді. Қолға алынған ауқымды жұмысты барынша жүйелі түрде іске асыру – бас­ты мақсатымыз», дейді Тараз қаласының әкімі Б.Орын­беков.

Аумағынан бірнеше канал өтетін еліміздегі жалғыз қала Та­раз екені баршаға белгілі. Сол іргелі каналдардың маңайын қолдан келгенше жасыл желекпен көмкеріп, абаттандыру жұмысын жүргізудің маңызы зор. Сол ар­қылы облыс орталығында қала тұрғындары серуендейтін жаңа мәдени демалыс орындардың қарасын арттыруға әрі көне шаһардың жаңа келбетін қалып­тас­тыруға болады. Қазірде жер­гілікті атқарушы билік осы мә­селеге айрықша басымдық беріп отыр. Нәтижесі көңіл көншітеді.

Тұрғындар талай жыл бойы жырлаған «Түйте» каналының төңірегін реттеу – қолға алған жұмыстың айқын нәтижесі. Еліміздегі ең ірі шағын аудан саналатын «Ұлы далада» қазіргі кезде 45 мыңнан астам халық қо­ныстанған. Одан бөлек, каналдың маңайында «Бурыл» тұрғын ала­бының халқы тұратынын ескерсек, жергілікті тұрғындардың саны еселене түсетіні анық. Жалпы ұзындығы 1 шақырым 738 метрді құрайтын каналдың бойы қазіргі кезде жергілікті тұрғындардың бос уақытта сер­­уендейтін демалыс аймағына айналды. Бір сөзбен айтқанда, қала билігі ауқымды жо­баны жүзеге асыру арқылы екі бірдей мәселенің шешімін тапты.

Ресми дерекке жүгінсек, «Түйте» каналын қалыпқа келтіру жұмысы «Сервис Құрылыс» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асты. Жобаның жалпы аумағы – 34,7 мың шаршы метр, оның 9,1 шақырымы – жаяу жүргіншілер жолы. Жаңғыртудан өткен ка­нал­дың айналасы талапқа сай абат­тандырылған. Сондай-ақ су арнасының жағалауы көгал­дандырылды, тиісті жабынды­лар тө­селіп, тұрғындардың тыны­ғуына арналған орындықтар қо­йылды.

Тараздағы ауқымды жұмыс­тар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ресми дерекке сенсек, қала билігі енді «Үшбұлақ» кана­лына уақыт сұранысына сай жаң­­­ғырту жұмысын жүргізуді көздеп отыр. Канал үстіне көпір салу жоспарланған. Су арна­сының 1,2 шақырымы жаңаша кейіпке енбек. Сондай-ақ ка­нал­дың айналасын «Түйте» каналы секілді көгалдандырып, жер­гілікті халық серуендейтін сая­бақ­қа айналдыруға басымдық бе­рілмек. Мұнда воркау­т, спорт алаң­­шалары, зейнеткерлерге ар­налған арнайы аумақ салынады. Осы­­лайша, жергілікті атқарушы билік тағы бір жобаны жүзеге асырмақ.

Қалай алып қарасақ та, соңғы жылдары облыс орталығын көр­­кей­ту жұмысы қарқынды түр­де жүргізіліп жатыр. Қалада «Ұлы дала» шағын ауданының бой көтеруі «Бурыл» тұрғын алабында қоныстанған халыққа тиімді болды. Мұнда бірнеше көшеге жа­ңадан жол салынды. Жаңа ба­ғыттағы қоғамдық көліктер пайда болды. Сондай-ақ халық сұ­ра­нысына сай жаңа әлеуметтік ны­сандар бой көтерді. Бір сөзбен айт­қанда, жаңа шағын ауданның са­лынуы қаланың тыныс-тірші­лігіне тың серпіліс әкелгені талас тудырмайды.

 

ТАРАЗ