Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:15

«Антифрод» күдіктілерді анықтайды

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Бас прокурор Берік Асылов жасөспірімдер қыл­мы­сы көбейген облыс­тар­дың қатарында Атырауды да атаған еді. Биыл бұл өңірде кәмелетке толмағандар та­ра­­пынан жасалған қылмыс былтырғы 3 айдағы көрсет­кіш­тен 2,2 есеге көбейген.

«Антифрод» күдіктілерді анықтайды

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сүйенсек, мұнайлы өңір жасөспірім-дері өткен жылғы 3 айда 14 қылмыс жасаған. Ал биылғы осы кезеңде кәмелетке толмағандар тарапынан 31 қылмыс тіркелді. Жасөспірімдердің 3 түрлі қыл­мысты жиі жасауға бейімдігі анықта­лыпты. Бұл – ұрлық, бұзақылық және тонау.

Кейінгі бір жылда Атырау облысында интернет-алаяқтық қылмысы көбейгені байқалған. Полиция қыз­мет­кер­лері мұның себебін үш жайтпен ­байланыстырады. Біріншіден, тұрғындар қаржылық сауатын арт­тыруға мән бермейді. Екіншіден, цифрлық сауат­тың төмендігі де алаяқ­тарға тиімді болып отыр. Үшіншіден, мұнайлы өңірдегі табыс деңгейінің жоғары болғаны алаяқтардың қызы­ғу­шылығын тудырады.

«Қазір интернет-алаяқтыққа қарсы үшін алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізіледі. Осы орайда полиция департаменті мен 109 call-орталығы арасында бірлескен іс-шаралар туралы меморандум жасалды. Барлық екінші деңгейдегі банкке ішкі істер органымен алаяқтық транзакциялар туралы ақпарат алмасуға жол ашқан «Антифрод-орталық» онлайн платформасы іске қосылды. Бұл платформамен интернет-алаяқтар жасаған қылмыстар, жәбірленушілерден аударылған қаржының кімнің есепшотына түскені тез анықталады. Қаржыны алушының есепшотын бұғаттау үшін «Антифрод-орталық» платформасында ұсыныстар жолданды. Мұндай іс-шаралар интернет-алаяқтардың заңсыз әрекетін жедел әшкерелеуге, жәбірленушінің қаржысын қайтаруға мүмкіндік береді», деп ақпарат берді баспасөз қызметі.

Осындай алдын алу іс-шараларына қарамастан алаяқтардың заңсыз әрекеті жиі қайталанатын қылмыстың біріне айналып отыр. Әсіресе интернет-алаяқтық қылмысы оқтын-оқтын қайта­ланады. Сондай-ақ ұрлық та жиі жасалады. Дегенмен былтырғыға қарағанда, ауыр қылмыстардың қатары 11,2 па­йыз­ға азайған.

«Мәселен, 2024 жылы 536 қылмыс тіркелді. Биыл жыл басынан бері тіркелген 476 қылмыстың 339-ы ашылды. Ал қалған қылмыстық істер бо­йын­ша кешенді-тергеу амалдары жүр­гізіліп жатыр. Осыған байланысты тиісті сараптамалар тағайындалып, процессуалдық шешім қабылдау үшін тергеу жалғасады», деп нақтылады баспасөз қызметі.

Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларына адам өлтіру қылмысын жедел ашу міндетін жүктеп отыр. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың алдын алуға басымдық берілген.

«Атырау облысында қасақана адам өлтіру қылмысының алдын алу және жедел-профилактикалық іс-шараларын күшейту мақсаты көз­­делді. Осыған байланысты облыс әкімдігімен 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасының жоспары жасақталды. Ішкі істер министрлігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №943 бұйрығымен «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралары» жоспары бекітілді. Қазір облыста қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (54,8%, 31-ден 14-ке дейін), зорлау (70%, 10-нан 3-ке), бұзақылық (8,9%, 56-дан 51-ге), ұрлық (13,5%, 297-ден 257-ге), ұялы телефон ұрлығы (28,3%, 46-дан 33-ке), мал ұрлығы (60%, 15-тен 6-ға), алаяқтық (25%, 863-тен 647-ге дейін), тонау (41,4%, 29-дан 17-ге), қарақшылық (50%, 4-тен 2-ге) қылмысы азайды», деді департаменттің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Алайда бұл өңірде полиция қыз­мет­­керлері іздеу салғанымен, әлі ұс­тал­­маған күдіктілер бар. Іздеуде жүр­ген­дер саны – 33.

«Жыл басынан бергі 4 ай 20 күнде іздеу жарияланған 59 күдіктінің 26-сы ұсталды. Күдіктілердің басым бөлігі алаяқ­тық және ұрлық қылмысын жаса­ғаны үшін іздестіріліп жатыр», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Жұртшылықты алаңдатып отырған жайттың бірі – есірткі қылмысы. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 5 айда есірткімен байланысты 59 құқық бұзушылық, оның ішінде 32 қылмыс тіркелген.

«Заңсыз айналымнан жалпы сал­мағы 29 килодан астам есірткі, аса ауыр санатқа жататын 3 килоға жуық синте­тикалық есірткі заты тәркіленді. Поли­ция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәти­жесінде заңсыз 2 фитозертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасы жойылды. Өзге де заң бұзушылықтарды анық­тау үшін жүргізілген жұмыстың нәти­жесінде автокөлікті есірткілік мас күйде жүргізген 17 адам жауапқа тар­­тыл­ды. Облыс аумағында есірткі тасы­­­малдаумен айналысқан 14 күдікті ұс­тал­ды. Күдіктілердің алтауы өзге өңір­­лер­ден келгені, ал екеуінің колледж сту­денті екені анықталды», дейді Қ.Садықов.

Күдіктінің бірі – Қызылорда облы­сы­нан келген 17 жастағы жасөспірім. Оны тінту кезінде қара изолентпен орал­ған 25 түйіншек табылды. Түйін­шек­­тің әр­қай­сысына 1 грамм ақ түсті ұнтақ салын­ған. Сараптаманың қоры­­тын­дысы­мен ақ түсті ұнтақтың «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі екені дәлелденді. Есірткінің жалпы сал­мағы – 24,7 грамм.

Ал Индер ауданының 37 жастағы тұрғынынан салмағы 1 килодан асатын син­тетикалық есірткі алынды. Қазір ұс­талған екі күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.

Департамент бастығының бірінші орынбасары мәлім еткендей, полицейлер еріктілермен бірге есірткі сайттарын жарнамалайтын 60-қа жуық граф­фити жазбасын жойған. Интернет желі­сіне мониторинг жүргізіліп, есірткі жарнамалаған 332 сайт анықталған. «Антифрод» ақпараттық жүйесімен күдік тудырған 673 есепшот анықталып, ондағы 30 млн теңге жуық қаржы бұғатталып отыр.

 

Атырау облысы