Шаруашылық • Бүгін, 11:27

Қазақстан Тәжікстан нарығына астық экспортын арттырады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Тәжікстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзодамен, сондай-ақ тәжік ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Тәжікстан нарығына астық экспортын арттырады

Тараптар Қазақстаннан Тәжікстанға астық жеткізілімін өзара тиімді шарттармен ұлғайту перспективаларын, астық нарығы бойынша ақпарат алмасу мәселелерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады.

Келіссөздердің басты тақырыбы - Қазақстаннан Тәжікстанға астық экспортын арттыру мәселесі болды.

Тәжікстан - дәстүрлі түрде Қазақстандық астық өнімдерінің негізгі өткізу нарықтарының бірі. Орта есеппен бұл елге жыл сайын шамамен 1 миллион тонна астық жеткізіледі.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ деректері бойынша, 2024 жылдың қорытындысында Тәжікстанға астық экспортының көлемі 1,3 миллион тоннаны құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп.

Ал 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы маусымға дейінгі аралықта жаңа өнімнен 1,2 миллион тонна астық экспортталған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе артық (сол кезеңде — 823 мың тонна болған).

Айдарбек Сапаров экспортты кеңейту мәселелерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растап, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Тәжікстанмен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.