
Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарындағы тарихи орын ХІІІ–ХV ғасырларда Каспий маңы ойпатындағы Алтын Орданың гүлденген қалаларының бірі болған. Ортағасырда Алтын Орда қалаларынан шыққан керуендер Хорезм, Иранға Ақтөбе-Лаэти арқылы өткен.
«Бұл қалашықта алғашқы қазба жұмысын 1965 жылы археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Михаил Мерщиев бастады. Ал 1974–1981 жылдары аралығында КСРО Ғылым академиясына қарайтын Археология институтының Еділ-Орал бойы экспедициясы қазба жұмысын жүргізді. Оған археолог Лев Галкин жетекшілік еткен», дейді Толыбай Достыбаев.
Тарихшылардың пайымынша, қалашықтың жойылуына ХІV ғасырда Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі себеп болуы мүмкін. Ал ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін қалашық үстінен сүрлеу жол салынған. Малдың таптауымен мәдени қабаты бүлініпті.
Жергілікті археологтер бұл қалашыққа 2017 жылы археологиялық қазба жұмысын жүргізуді қолға алды. Биыл Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық тобы қазба жұмысын жалғастырды. Оған археологтер, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов пен Амангелді Зайнов жетекшілік етеді.
«Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының тапсырысымен ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығында археологиялық қазба жұмысын бастадық. Бұл қалашық – Алтын Орда дәуіріне тән, елімізде ежелгі өркениеттің өркендеуіне, экономикалық және мәдени дамуына айрықша үлес қосқан қолөнер орталығы. Біз 2017 жылы өндірістік кешенді тапқан едік. Сол кезде ескі қала орнынан қыш ыдыстар мен мыс тиындар табылды. Көне бұйымдар ғана емес, ескі қалашықтар – бабаларымыздың тарихы. Біз номадтар мен сарматтардың өркениетін тек көшпелілікпен ғана байланыстырмауымыз қажет. Өйткені олар да қолөнерді жоғары деңгейде дамытқан. Оған Ақтөбе-Лаэти қалашығынан табылған көне жәдігерлер дәлел бола алады, дейді Марат Қасенов.
Археологтің пікірінше, қалашықта тұрғын жайлардың орындары мен қабырғалары жақсы сақталған. Қалашықтың мәдени қабатының қалыңдығы – 15–60 см. Мұнда темір, шыны, сүйек, сәндік бұйымдар өңдейтін шеберханалар болған. Ал көне тарихтан сыр шертетін жәдігерлердің арасында керамикалық ыдыстар, моншақтар мен жүзіктер, шыныдан жасалған білезіктер, ХІV ғасырға жататын алтын тиын бар. Бұл жәдігерлер Атырау облысы тарихи-өлкетану музейіне тапсырылыпты.
«Қалашық туралы алғашқы деректі 1861 жылы Орал әскері сызба бөлімінің меңгерушісі, штабс-капитан А.Алексеев «В 8 верстах от города Гурьева на СВ на левой стороне реки Урала есть возвышенность с признаками построек, которую я осматривал и нашел такую же битую посуду, как и в Сараиль-Джадит, медные деньги тоже похожи. Кроме этого тут множество человечьих костей и разных животных», деп жазған. Ал зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауында «Ақтөбе мен Қорғанша, Асанқайғы бабаның, Қызыл тастан үй салдырып, Он жыл тұтас отырып, Әңгіме құрып кеткен жер...» деген шумақ бар. Осындағы Ақтөбе атауын Ақтөбе-Лаэти қалашығымен байланыстыруға болады», дейді ғалым.
Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, көне қалашық орнын ашық аспан астындағы музейге айналдыру көзделіп отыр. Жобаға сәйкес 2018–2019 жылдары жүргізілген 1890 шаршы метр қазба орнына реставрация жасалады. Онда садақ ату орнын салу жоспарланған. Мұнда әкімшілік ғимарат салынып, абаттандыру жұмысы жүргізіледі.
Ал Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің пікіріне сүйенсек, ортағасырлық Ақтөбе-Лаэти қалашығы мен Атырау қаласының тарихи байланысын анықталуы мүмкін. Бұл үшін Ақтөбе-Лаэти қалашығының тарихы одан әрі зерттелуі керек.
«Өйткені қалашықтың атауындағы Лаэти сөзінің мағынасы толық зерттелмеді. Археологтер бұл қалашықтың негізінде Алтын Орда кезеңіндегі қала жатыр деген пікір айтады. Біріншіден, Ақтөбе-Лаэти қалашығы болуы ықтимал. Екіншіден, қалашық аумағында ортағасырлық қоныстар болуы мүмкін деген пікір бар», дейді Мұхамбетқали Кипиев.
Атырау облысы