Digital • Бүгін, 09:25

«Starlink» мәселені толыққанды шеше ме?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осы жылдың үшінші тоқсанында Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернеті еліміздің барлық аумағында ресми түрде іске қосылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

«Starlink» мәселені толыққанды шеше ме?

Министрдің айтуынша, бұл қызмет ең алдымен байланыссыз отырған шалғай ауылдар, таулы аймақтар мен жолы жоқ елді мекендерге қажет. «Starlink» еліміздің барлық өңірінде қолжетімді болады. Қазір компания интернеттің бағасын есептеп, жер­үсті стансаларын, байланыс нүктелерін дайындап жатыр. Қызметтің бағасы талшықты интернетке қарағанда сәл жоғары, сондықтан тұрғындарға таңдау жасау мүмкіндігін береді», дейді ол.

Министр айтқан «сәл қымбат» интернеттің нақты құны қарапайым отбасына ауыр салмақ болары анық. «Starlink»-тің бастапқы құрылғысы 400–500 доллар тұрады, яғни шамамен 500 мың теңге. Ал ай сайынғы жазылым бағасы 46 мың теңгеге жуық. Ауыл тұрғындарының орташа табысын ескерсек, бұл баға едәуір қымбат. Қазірде ауылда бір отбасының айлық табысы 150–200 мың теңге шамасында болса, жарты миллион теңгеге құрылғы сатып алып, ай сайын 46 мың теңге төлеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал қалада интернет пен мобильді байланысқа айына орта есеппен 10–11 мың теңге төлейтін тұр­ғын­дар­ға бұл қызметті пайдалану мүлде тиімсіз, себебі бүгінде оптикалық интер­неттің орташа құны 3–5 мың теңге ара­лығында.

Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельянов мәселеге қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, «Starlink» – технологиялық төңкеріс емес, интернеті мүлде жоқ елді мекендерге ғана арнал­ған уақытша шешім. «Спутниктік интернет тек басқа байланыс жоқ шалғай ауылдарға қажет. Мұндай жерлерде тұрғындар жабдықты бірігіп сатып алуы мүмкін. Бірақ қалаларда, мұндай бағамен «Starlink»-ті пайдалануға ниеттілер аз. Қазірдің өзінде тұрғындар 10–11 мың теңгелік интернет тарифті қымбатсынады. Сондай-ақ бұл интернет түрі ауа райы мен жер бедеріне тәуелді. Байланыс сапасына жаңбыр, қар немесе бұлт та әсер етуі мүмкін. Көпқабатты үйлер мен тығыз қоныстанған аумақтарда сигнал әлсірейді. Сондықтан банктер, биржалар, дата-орталықтар сияқты тұрақтылықты қажет ететін ұйымдарға бұл қызмет балама бола алмайды», дейді сарапшы.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиев еліміздің барлық ауылын интернетпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қай ауылға қашан оптикалық интернет тартылатыны туралы толық кесте интернетте ашық жарияланған. «Біз интернет тарту кестесін жартыжылдықпен бөліп, онлайн порталға орналастырдық. Кез келген азамат қарап, қадағалап отыра алады. Біз сол кестеге сай жұмыс істеп жатырмыз», дейді министр.

Жаслан Мәдиев «Соңғы миля» деп аталатын арнайы бағдарлама арқылы тағы 1,3 млн адамды сапалы интер­нетпен қамтамасыз ету көзделіп отыр­ға­нын да айтты. Бағдарлама аясында қазір тек мобильді интернетке қол жет­кі­зіп отырған азаматтар енді тұрақты әрі жылдам интернетке қосылуға мүмкін­дік алады.

Мұндай ауқымды жобалар үшін мемлекет тиімді шарттармен қарыз алған. «Иә, мемлекеттік қарыз көлемі өсіп жатыр. Бірақ біз оны өте төмен пайызбен алып отырмыз. Егер бюджет тапшылығын жабу арқылы қаржыландырсақ, онда пайыз мөлшері 5–10 есе жоғары болар еді. Сондықтан бұл шешім – экономикалық тұрғыдан дұрыс жол», дейді Ж. Мәдиев.

Министрдің айтуынша, мемлекет интернет саласында тек ірі провайдер­лерге ғана емес, шағын және орта компанияларға да мүмкіндік беруді көздеп отыр. Бұл қадам бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға сеп болмақ.

Соңғы жаңалықтар