Несие • Бүгін, 12:46

Қазақстандық жастар бизнеске шағын несие ала алады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» жобасы аясында жастар кәсіпкерлігін қолдау жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстандық жастар бизнеске шағын несие ала алады

«2023 жылы Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% мөлшерлемемен микрокредит беру құралын енгізді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның келісімімен кепілге қабылданатын нысандар тізбесі кеңейтілді», деп жауап берді Ольжас Бектенов депутаттық сауалға.

Премьер-министрдің мәліметінше, тізімге мыналар кіреді:

  • екінші деңгейлі банктердегі шоттардағы ақша қаражаттары;

  • республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, ведомстволық бағынысты қалалар мен ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлік;

  • жекеменшікке немесе ұзақ мерзімді жалға алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдері (егістік жерлер);

  • жайылымдарды суаруға арналған инфрақұрылымы бар және қоршалған жер телімдері;

  • бау-бақша үшін бөлінген жерлер;

  • арнайы техника.

«2023 жылы жалпы сомасы 26,4 млрд теңгеге 5 658 микрокредит берілді. Оның 64,6%-ы (3 656 микрокредит) ауылдық жерлерде, 35,4%-ы (2 002 микрокредит) қалаларда берілді. Ең көп үлес мал шаруашылығына тиесілі — 54,8%, одан кейін қызмет көрсету саласы (32,9%), сауда (6,9%), жеңіл өнеркәсіп (3,8%), егіншілік (1,1%), қайта өңдеу саласы (0,5%)», деп атап өтті О. Бектенов.

Сондай-ақ ол 2024 жылы республикалық бюджет тапшылығына байланысты микрокредиттеуді қаржыландыру қарастырылмағанын айтты.

«Дегенмен, жастар кәсіпкерлігін қолдау 2022 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалғасады. Бұл жобада да ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлік кепіл ретінде қабылданады», деп қосты Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар