Киген киім мен жүріс-тұрыс ұқсастығы – еліктеу. Әу баста сыртқы түр-сипатты былай қойып, қағазға кестелеген мақалаң мен эфирден сөйлеген сөзің ағалардан аумай тұрса, айып емес. Бірақ өмір бойы «көшірмелік» қалыпта қалып, өзіндік машығыңды қалыптастыра алмай, тілшіліктің тырбаң тірлігіңде жалқы ерлігің ел есінде қалмаса, мұнан асқан қасірет жоқ. Басқа мамандықты білмеймін, қазақ журналистикасындағы ұрпақ сабақтастығы, өрнектеп айтқанда «журфак сабақтастығы» тоқсан жылдан аса уақыт үзілмей келеді. Еліміздің ақпарат майданында атой салған ақмылтық журналистердің басым бөлігі – «КазГУ» деп аталатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлектері. Қазіргі алты алашқа аты мәлім мықтылардың дені қасиетті «Бесінші жатақхананың» дәмін татқан. Сом тұлғасына қарап бой түзейтін тұлға қайдан болса да табылады, ал дара машықты қалыптастыратын орта екен. Бүгін қарап тұрсам, тарихи журналистика факультеті құрылған 1934 жылдан бері ата-әке-бала буынды «журфак сабақтастығы» атты қасиетті орта қыз-қыз қайнаған көрігіне сап түзепті.
Рас, қай мамандық болсын, теориялық білу – басты талап. Десе де, коммуникациясы күн санап өзгеретін, заманауи технологиясы сағат сайын құбылып, жалын ұстатпай тыпыршып тұратын журналистиканың теориясы машық пен тәжірибеден кейін жүретінін, тілшіліктің майын ішкен әйдік бір ағаның бір сағаттық әңгімесі жүз беттік теориядан да құнды екенін, «Бесінші жатақханада» курстас қыздардың қара шайын сораптап іше отырып сөз арасында айтыла салған елеусіз сөз атан түйеге жүк боларлық идея тудыратынын, лекцияларда партаның астымен де, үстімен де оңды-солды жүйткіп жататын хаттардың қысқа да нұсқа ақпарат таратудың сан түрлі шеберлігін бойға сіңіретінін студент кезде білмедік.
Университеттегі сабақ – күнделікті парыз. Лекцияда жазып, семинарда жауап беріп алған бағаның бәрі – сол жақ мидың тірлігі. Ал оң жақ ми «Бесінші жатақханадағы» төрт курстың студенттерімен тонның ішкі бауындай араласып, Табылдының әнімен, заманның күйімен өлең оқып, әңгіме талқылап, әзіл-қалжыңын айтыса жүріп маман болуға дайындалыпты.
Журфактағы әр ұстаз – әріптес. Оқыта жүріп сыйласады. «Бесінші жатақхананың» әр тұрғыны – тәлімгер. Үйрете жүріп үйренеді. Фойеде кездескен әр студент – бәсекелес. Достаса жүріп бақ сынасады. Өкініштісі сол, тоқсан жылдық тарихы бар «журфак сабақтастығы» кейінгі кездері үзіліп қалғандай көрінеді. «Egemen Qazaqstan» газетіне тәжірибеден өтуге студенттер көп келеді. Солардың бойынан ата буынның білімі, әке буынның ілімі, аға буынның білігін байқай алмайсың. Олардың көпшілігі қазақ журналистиканың көшін бастаған кешегі Шерхан Мұртаза, Камал Смайыл, Сейдахмет Бердіқұловтарды былай қойғанда, нақ қазіргі аттан түспеген ағалардың да шығармашылығымен таныс емес. Сан қилы кейіпкерлерді қазаққа танытқан Жанболат Аупбаев, табиғатқа тіл бітірген Сапарбай Парманқұлов, спорт журналистикасына жан бітірген Несіп Жүнісбаев бастаған жүздеген есімді тізіп шықсаң, бетіңе жәутең-жәутең қарайды. Кешегі «Журналист кәсібін өзгертті» деген айдармен моргке барып адам сойған, Кеңсайда қабір қазған, о дүниелік болып кеткен тұлғаның бүкіл кітабын оқып шығып, аруақтардан ретроспективалық сұхбат алған, миссионерлердің ішіне тыңшы болып кіріп, апталап жүріп репортаж дайындаған жүрек жұтқан журналистерге тән құлшыныс та жоқ. Бұған, әрине, жас буынды кінәлауға болмайды. Себебі қазір тілші маманды кез келген оқу орны тәрбиелейді. Ол оқу орындарында теорияны үйреткенімен, маманның машығын қалыптастыратын «Бесінші жатақхана» атты қасиетті мекен жоқ. Десе де, журналистің сыртқы пішінін ғана емес, ішкі ұстанымын да қалыптап беретін «журфак сабақтастығы» біржола үзіліп қалды деуге болмайды. Қазір ҚазҰУ-дегідей қасиетті ортаны еліміздегі Еуразия ұлттық университеті мен Сүлеймен Демирел атындағы университеттерден де табуға болады. Бұл оқу орындары «костюм ішінен жағасыз футболка кигісі келетін» бүгінгі жастарға білім мен тәжірибені қатар сіңіріп жатқанына сенім мол.