
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек
Павлодардың Орталық жағалауында отандық фэшн-индустриядағы мега рекорд тіркелді. Дәстүрлі этномәдениеттегі қазақ әйелдерінің киімі – «Алып кимешек» таныстырылды. Іс-шараға ақ кимешек киген 200-ге жуық ана қатысып, ұлттық бас киімді дәріптеді.
– Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі бұл бас киімді тек тұрмыстағы әйелдер киген. Кимешек әйелдердің отбасындағы және қоғамдағы ерекше мәртебесінің көрсеткіші іспетті. Жоба авторы – белгілі дизайнер-шебер Гүлайым Акумбаева, ол жұмысына жергілікті фольклорды негіз етіп алған. Іс-шараны қалалық әкімдіктің қолдауымен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ ұйымдастырып отыр, – деп хабарлады Павлодар қалалық әкімдігінен.
«Алып кимешек» жобасының идеясы маған былтыр келді. Біздің қазақтың кимешегін неге халықаралық деңгейге шығармасқа дедім. Ондағы мақсатым – осы ұлттық киімімізді әлемге әйгілі ету. Оны тіккенде ұзындығы суағарымен бірге 4 метрді игерді. Ал алдыңғы бөлігі 2,35 метр болды. Негізінен «Қазақтардың ұлттық киімі» деген ғылыми каталог бар. Сол каталогтің 99-бетінде 1950 жылы тігілген кимешектің үлгісі бойынша жасадым. Үлгіні 2,5-3 есеге үлкейткенде осы өлшемдер шықты», дейді Гүлайым Акумбаева.
Алып кимешекті Global Book of Records/GbR өкілдері ресми түрде тіркеп, Global Book of Records/GbR жаңа халықаралық рекордтар кітабына енгізді.
Мега бас киімнің жалпы биіктігі 3 метр 80 см, күміс және металл тиындармен әшекейленген, інжу мен басқа да асыл тастарды қоса алғанда 2025 дана моншақ қолданылған.
ПАВЛОДАР