Білім • Бүгін, 10:10

Сегіз университеттен шақырту алды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарлық мектеп түлегі Айзере Қосанова ҰБТ-дан 122 ұпай жинаған. Қазіргі уақыт­та Айзерені шет мемлекет­тер­дің 8 бірдей жоғары оқу орны білім алуға шақырып отыр.

Сегіз университеттен шақырту алды

Қазірдің өзінде оның қанжы­ғасында шетелдік 4 грант тұр. Тағы 4 университет 70–80 пайыз жеңілдікпен оқуды ұсынған.

Айзере Қосанова облыс орталығындағы №8 лицейді аяқтады. Айтуынша, оқу ұясында бірінші сыныптан бастап білім алған. Әуел бастан-ақ гуманитарлық және шығармашылық пәндер көңіліне ұнап, әдебиет, тарих, шет тілдерін қызыға оқыған. Мектепте белсенділігімен көзге түсіп, түрлі  жобаға, әлеуметтік бастамаларға ұдайы үн қосқан.

«9-сыныпта оқып жүргенде әлеуметтік ғылым мен кәсіпкерлік негіздеріне ден қоя бастадым. Ол уақытта болашақ мамандығым туралы көп ойламаппын, маған талдау жасау, креативтілікті қажет ететін, әлеуметке пайдасы зор салалар жақындау көрінетін. Сондықтан тұрақты даму, бизнес және халықаралық қарым-қатынас тақырыптарына тереңірек үңіле бастадым», дейді дарынды түлек.

Ол мектепте оқып жүргенде қазақ, орыс және ағылшын тілдері бо­йынша олимпиадаларға қатысып, қала­лық және облыстық деңгейде талай мәрте жеңімпаз атанды. Өзі жасаған экология және бизнеске бай­ланысты ғылыми жобаларына ерек­ше мән беретіні байқалады. Сол уақытта Павлодар облысындағы қор­шаған ортаның жағдайын талдау үшін спутниктік мәліметтерге ден қой­ған. Онысы нәтижесіз қалған жоқ.

Осындай бірнеше жылғы ізденістері Айзерені үлгілі әрі озат оқуға жетеледі. Мектеп бітірген шақта ҰБТ тапсырып, нәтижесінде, 122 ұпай жинады. Қазіргі уақытта оған шетелдік 8 университеттен ұсыныс жасалып отыр. Олардың арасында халықаралық беделге ие «New York University Shanghai», «Penn state university», «The university of British Columbia», «The American university of Paris», «Carnegie mellon uni­versity», «Drexel university», «HULT university», «Simmons university» сияқты оқу орындары бар.

«Мен шетелдік оқу орындары­ның әрбірінің бағдарламасын зерттеп шықтым. Олардағы оқу құны университет пен мемлекеттің өзіне байланысты екен. Барлық ақпаратты оқу орындарының сайттарынан табуға болады. Оқу құны­ның негізгі бөлігі грант есебі­нен жабылға­ны­мен де, бәрі­бір тамақтану, жол жүру және тағы да басқа қосым­ша шығындар бар. Бірақ бәрібір оқу гранты әрбір отбасы үшін үлкен қолдау. Ата-анам мені өз мүмкіндіктерінің шегін­де қолдауға дайын. Сондық­тан алдағы уақытта гранттық және стипендиялық бағдарламалар арқылы оқысам деген ойдамын», дейді ол.

Айзере – отбасынының ортаншысы. Ағасы шетелдік университетте грантпен білім алып жатыр. Ал інісі мектепте оқиды.

 

Павлодар облысы