Қоғам • Бүгін, 11:50

Қаражат қолданылмаса зейнетақы түсімі тоқтатылады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы күндері ел ішінде «зейнеткерлер шотынан ақша шешпесе, зейнетақы түсімі тоқтатылады екен» деген әңгіме айтыла бастады. Бұған себеп – Петропавл қаласында орын алған оқиға. 72 жастағы зейнеткердің үш ай бойы банктегі карточкасын пайдаланбауы салдарынан төлем тоқтап қалған. Осы жағдай жұртшылық арасында алаңдаушылық туғызды, деп жазады Egemen.kz.

Қаражат қолданылмаса зейнетақы түсімі тоқтатылады

Фото: pixabay.com

Жауапты министрлік – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселе бойынша ресми түсініктеме берді. Министрлікке қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің мәліметінше, еліміздің заңнамасына сәйкес, егер зейнетақы алушының банктік шотында үш ай қатарынан ешқандай операция жүргізілмесе, яғни шот қозғалыссыз қалса, онда төлемдер келесі айдың басынан бастап уақытша тоқтатылады.

Мұндай операциялар қатарына кез келген шығыс қозғалысы – дүкенде карта арқылы төлем жасау, басқа шотқа ақша аудару немесе қолма-қол шешіп алу кіреді. Бұл талап зейнетақы қаражатын үнемдеуге бағытталған емес, керісінше, қаржы иесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қабылданған.

«Кей жағдайларда азаматтар шотқа қол жеткізу мүмкіндігінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл кезде үшінші тұлғалар ақшаға ие болып кету қаупі туындайды. Сондықтан мұндай нормалар төлем алушының мүддесін қорғау мақсатында енгізілген», делінген министрлік хабарламасында.

Егер зейнетақы төлемі тоқтатылатын болса, зейнеткерге бұл туралы арнайы ескерту Қазпошта арқылы жолданады. Төлемді қайта жалғастыру үшін алушы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тиісті өтініш беруі керек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі білім беру саласындағы заңсыздықтар жөнінде де кең көлемді тексерістер жүргізгенін хабарлаған болатын. Осы тексерулердің нәтижесінде соңғы бес-алты жылда білім жүйесінде 18 миллиард теңгеге жуық қаражаттың жымқырылғаны анықталған еді.

Зейнетақы мәселесі – әрбір ел азаматының алаңдайтын саласы. Сондықтан бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары барынша нақты, ашық әрі түсінікті жүргізілуі тиіс. Уақытша тоқтау – төлемнен бас тарту емес. Алайда банк шотыңызда ұзақ уақыт бойы еш қозғалыс болмаса, төлем уақытша кідіртілетіні есте болғаны жөн.