
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Әр қаруды ұстап көріп, танкілерге мініп, абыр-сабыр болып жүргенімізде кімді көрдік десеңізші! Үстінде әскери күпәйке, аяғында солдаттардың сірі етігі, иығында автоматы бар Юрий Никулин келе жатты. Бағанағы таңырқаған таңырқаған ба, кино өнерінің хас шеберіне аңтарылып қарап қалыппыз.
– Иә, жауынгерлер, қойманы басып алыпсыздар ғой, – деп күліп келе жатыр.
Біз оның алдынан әкемізді көргендей жүгіріп шықтық. Құшақтап, бетінен сүйіп жатқандар да бар. Әлден соң комедия корифейі әңгіме бастады. Біздің бұл «айдалада шашылып жатқан неткен техника?» деп жүргеніміз «Мосфильм» киноөндірісінің техникалық үлкен базасы екен. Кейін Мәскеуден «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» атты музейді көрдік қой. Сондағы техникалардың, қару-жарақтардың барлығы дерлік осы базада тұр.
Шетінен «сен тұр, мен атайын» сайыпқыран солдаттар сұрақтарды жаңбырша жаудырдық. Сондағы Юрий Владимировичтің айтқандарынан есте қалғандары төмендегідей. Ол 1921 жылы театр қайраткерлерінің отбасында дүниеге келеді. Әкесі көшпелі театр ұйымдастырған екен. Ал анасы актриса болыпты. Осындай отбасыдан шыққан Юрий қалай киноактер болмайды? Өзі де мектеп қабырғасында көркемөнерпаздар үйірмесінің театр бөліміне бастауыш сыныпта-ақ қатыса бастайды.
1939 жылы ол әскер қатарына шақырылады. 1941 жылы әскерден босатылып, үйіне қайтқалы тұрғанда соғыс өрті бұрқ ете қалады. Ол Ленинград қаласында әскери борышын өтеп жатқан-ды. Фашистер тап осы қалаға аш бөрідей ұмтылды емес пе?
– Тамақ жоқ. Ашқұрсақпыз. Бомбадан қорғану үшін көпқабатты үйлердің жертөлесін паналаймыз. Айналамыздың бәрінде снаряд жарылып жатыр. Қасымда бір солдат тамақ жеп отырды. Дәл сол кезде жанымызға снаряд келіп жарылмасын ба. Шаң-тозаң, түтіннен соң қарасам, әлгі солдат қасық ұстаған күйі отыр. Бірақ басы алмаспен кесіп алғандай орнында жоқ. Осындай да сұмдықты көргенмін. Бұл соғыс дегенге, оның құралдарына қызықпай-ақ қойыңдар, – деді Никулин бізге.
– Юрий Владимирович, мына формаңыз не? Мұнда неғып жүрсіз? – деп сұрады взвод командирі Владимир Фролев.
– Киноға түсіп жүрмін, – деп жай ғана жауап қатты ұлы актер.
Сөйтсек, ол Алексей Германның «Двадцать дней без войны» атты (сценарийін Константин Симонов жазған) фильмге түсіп жүр екен. Бұған дейін Сергей Бондарчуктің «Они сражались за Родину» (1975 жыл) көркем фильміне түскен. Басынан небір зұлмат кезеңдер өткен, 1943 жылы жараланып, госпитальге түскен, жазылып шыққан соң майданға қайта аттанған ол соғыс жауынгерлерінің бейнесін асқан шеберлікпен сомдаған.
Рас, біз Юрий Никулинді комедиялық фильмдер ( «Кавказская пленница», «Бриллиантовая рука», «Операция «Ы» и другие приключения Шурика», «Старики – разбойники», «Пес Барбос и необычный кросс») арқылы жақсы білеміз. Георгий Вицин, Евгений Моргунов үшеуі түскен фильмдер күні бүгінге дейін үлкен сұранысқа ие. Осы жерде актердің тек кинода ғана 45 рөлді сомдағанын айта кетейік.
Сәті түскен сол бір сұхбатта Юрий Владимирович кезінде ВГИК-ке түсе алмағанын, кейін Мәскеу циркі жанындағы клоундар даярлайтын бөлімге зорға алынғанын да тілге тиек етті. Иә, өнер адамдарының жолы оңай болмаған.
Қоштасарда ұлы актермен суретке түскіміз келген. Бірақ қаражаяу солдатта фотоаппарат қайдан болсын? Бізді бұл тығырықтан Ю.Никулиннің өзі құтқарды. Оның шағын ғана фотоаппараты бар екен. Содан шыртылдатып суретке түстік келіп. Танкілердің, ұшақтардың үстінде, зеңбіректердің қасында түскен суреттер қаншама! Бірақ сол кезде суретті шығарып бере салатын құдірет тағы жоқ. Бар тапқан амалымыз актердің мекен-жайын жазып алу ғана болды. Суреттер Владимир Фролевқа жолданатын болып шешілді. Біз сурет қолға тиген соң актерге тиісті қаржысын жинап, салып жіберетін болып келістік. Бірақ Юрий Владимирович:
–Ақшаларыңның керегі жоқ. Менен ескерткіш болсын, – деп ақша жіберетінімізге қарсы болды.
Бірақ зарығып күткен сол суреттер келмеді. Күте-күте екі көзіміз төртеу болды. Мың сан шаруасы бар актердің қолы тимеді ме, әлде біз әскерден босап, елге қайтқаннан соң ғана жіберді ме екен, кім білсін?
Тегі, ұлы адамдар өтірік айтпайды ғой. В.Фролев болса, Ресейдің шалғай бір облысынан еді. Ал біз Қазақстанымызға қайттық. Бір күні ғайыптан тайып, қаруластар бас қоса қалсақ, сол суреттер табылып қала ма деген кеудеде бір үміт бар. Ал, өкініштісі, сирек суреттерді уақытында ала алмағанымыз.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ