
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тобыл өңіріндегі тыл еңбеккерлерінің ерлік тарихынан сыр шертетін көптеген құжаттар, фотосуреттер сақталып қалған. Музей қызметкері Нәзмиа Оташеваның айтуынша, соғыс басталған соң 20 күннен кейін Қостанай облыстық атқару комитетінде әйелдерге шұғыл трактор, комбайн, жүк көліктерін жүргізуді үйрету мәселесі қаралып, 15 шілде мен 15 тамыз аралығында механизатор әйелдер бригадаларын даярлап шығару туралы шешім қабылданады.
«Осылайша, аз уақыттың ішінде 3 мыңнан аса әйел өндірістен босатылып, бір айлық жедел курсты тәмамдап, дайын механизатор болып шығады. Мұның сыртында, тағы 1 жарым мың әйел шаруашылықта жүріп трактор жүргізудің қыр-сырын үйренген», дейді музей қызметкері.
Механизация мектептерінде оқыған әйелдер жүк көліктері мен комбайн жүргізуге де машықтанған. Мектеп түлектері курсты тәмамдай салып, комбайн, трактор тізгініне отырған. Музейде сақталған деректерге сенсек, 1941 жылдың астығы түгелдей әйелдердің күшімен жиналады. 1942 жылы өңірдегі бүкіл колхоз-совхоз жұмысшыларының 73 пайызы әйелдерден тұрған. Әйелдер, қарттар, жас балалар тәулігіне 16 сағат жұмыс істейді. Майданға астық, май, ет жібереді.
Ел басына күн туған ауыр кезеңде дені 18 жасқа толмаған қыз балалар тракторға мініп жер жыртып, егін егеді. Мәселен, 1942 жылы механизатор әйелдер бригадасы 2 мың гектар жерге дән егіп, еңбек нормасын екі жарым есе артық орындайды. Соғыс жылдары трактор мініп, жер жыртқан тыл ардагерінің бірі – Қостанай қаласының тұрғыны Ғайникамал Тәткенова. Бүгінде 99 жастағы Ғайникамал әжей трактор тізгініне отырғанда небәрі 15 жаста екен.
«Төрт жасымда әкеден айырылдым. Шешем үш баламен тұрмысқа шығып еді, соғыс басталған соң күйеуі майданға кетті. Көз ашқалы жоқшылық, аштық көріп өстік. Мен тоғызыншы сыныпты бітіргенде соғыс басталды. Бір күні басқарма үйге келіп, мектепті тастайсың, трактор оқуына барасың, оқуға бармасаң, еңбек армиясына жібереміз деді. Шешем үш баламен үйде отыр. Мен он бес жастағы баламын. Содан трактор үйреніп, соғыс біткенше трактор айдадым. Бірінші шыққан темір доңғалақты трактор, кабинасы жоқ, тізгіні ауыр, жиі тоқтап қалады, астына жатып, үстіне шығып, өзім жөндеп аламын. Киім жоқ, жалаңаяқ жүріп еңбек еттік. Егін ектік. Оны орып, шауып нан қылдық. Жұртты асырап, бала тәрбиеледік. Істеген жұмысымызға ақы сұрамадық. Берсе, бір келі бидай береді. Аш-жалаңаш жүріп, соның бәріне төздік. Адамның басынан қандай қиыншылық өтіп жатыр, бәріне шыдамдылық керек. Ал енді қазір қандай рақат, ойын-күлкі, қайда барсаң да, жол ашық. Жастарға, балаларға бақыт, амандық берсін, заман тыныш болсын!», дейді кейуана.
Қостанай облысы