Медицина • Бүгін, 19:45

Елімізде бауыр мен қуықасты безі ісігін анықтайтын фьюжн-биопсия әдісі қолжетімді болды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық ғылыми онкология орталығында бауыр мен қуықасты безінің қатерлі ісіктерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық диагностикалық әдіс — фьюжн-биопсия енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Елімізде бауыр мен қуықасты безі ісігін анықтайтын фьюжн-биопсия әдісі қолжетімді болды

Бұл технология МРТ немесе КТ деректерін нақты уақыттағы УДЗ кескіндерімен біріктіріп, күдікті ошақтан дәл тін алуға жағдай жасайды. Жаңа тәсіл әсіресе күрделі немесе УДЗ-де көрінбейтін ісіктерге күдік туған жағдайда маңызды рөл атқарады.

«Бұл әдістемені енгізу орталықтың заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуының арқасында мүмкін болды. Бізде ультрадыбыстық зерттеудің соңғы үлгідегі сканерлері бар. Олар осындай күрделі, бірақ өте қажетті технологияны қолдануға жол ашады», дейді УДЗ және функционалдық диагностика орталығының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, медицина магистрі Дәмеш Оразбаева.

Фьюжн-биопсия деген не?

Бұл әдісте МРТ немесе КТ арқылы алдын ала түсірілген суреттер нақты уақыттағы УДЗ кескінімен біріктіріледі. Осылайша дәрігер күдікті ісікті нақты анықтап, ине арқылы дәл сол жерден тін алады. Бұл – қатені азайтып, диагнозды нақтылауға көмектеседі.

«Бұл әдістің басты артықшылығы – жоғары дәлдік пен асқынулардың сирек кездесуі. Әсіресе, терең орналасқан немесе УДЗ-де жақсы көрінбейтін ісіктерді анықтауда өте тиімді», дейді шақырылған ментор, онколог дәрігер Виктория Щербина.

Фьюжн-биопсия келесі жағдайларда қолданылады:

 - УДЗ-де көрінбейтін бауыр ісіктеріне күдік туындағанда;

 - қуықасты безі қатерлі ісігінің күрделі түрлерінде.

Қуықасты безінің классикалық биопсиясы (кемінде 12 үлгі алу) шамамен 30% жағдайда жалған теріс нәтиже беруі мүмкін. Ал фьюжн-биопсия әдісі МРТ арқылы күдік тудырған нақты аймақтан материал алуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, бұл әдістеме тек техникалық құралдарды ғана емес, сонымен қатар жоғары деңгейлі біліктілікті талап етеді.

Дәрігер УДЗ, КТ және МРТ салаларындағы білімді синтездей алуы керек, сондай-ақ кеңістіктік ойлау қабілеті болуы қажет. ҰҒОО мамандары тиісті оқытудан өтіп, бұл әдісті сенімді түрде қолдана бастады. Енді бауыр мен қуықасты безі обырын диагностикалауда фьюжн-биопсияны клиникалық тәжірибеге тұрақты түрде енгізу жоспарланып отыр.