Оқиға • Бүгін, 17:17

Астанада бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі қаза тапты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада бір тәуліктің ішінде төрт бала көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап кеткен. Өкінішке қарай, олардың екеуі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада бір күнде 4 бала терезеден құлап, екеуі қаза тапты

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Атап айтқанда, өткен тәулікте шұғыл медициналық көмек қызметінің 103 пультіне «бала құлап кетті» деген себеппен төрт шақырту түскен. Зардап шеккен балалар әртүрлі биіктіктен, бірінші қабаттан бастап 16-қабат аралығында құлаған.

«10 және 16-қабаттан құлаған балалар алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оның біреуі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Тағы екеуі оқиға орнынан жедел жәрдеммен балалар стационарына жеткізілді, олардың денесінде көптеген жарақат бар. Қазіргі уақытта екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр», деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

№2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін айтып, ата-аналарға сақ болуды ескертті.

«Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығының салдарынан балалардың денсаулығына үлкен зиян келіп қана қоймай, қайтыс болып та жатыр. Ауыр халде түскен балаларды көргенде: «Мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? Неге бала қараусыз қалды?» деген сұрақтар туындайды. Өкінішке қарай, биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері түрлі биіктен құлаған 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі алған жарақатынан стационарда қайтыс болды», деп мәлімдеді травматолог-дәрігерлер.

Айта кетейік, балалардың құлауына көбінесе терезеге орнатылған масаға қарсы тор себеп болады. Көп жағдайда балалар дәл осы торға сүйеніп, құлап кетеді.

«Масаға қарсы торға ешқашан сенбеңіздер. Олар құлаудан қорғайтын құрал емес. Құрметті ата-аналар, балаңызды бір сәтке назардан тыс қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында елордала 60 бала терезеден құлап кеткен. Олардың тоғызы жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.