Төтенше жағдай • Бүгін, 08:25

Қамыс өрті неге жиі қайталанады?

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің Атырау облы­сындағы жағалауындағы ну қамыс жиі өртенеді. Биыл қамыс өрті мамыр­дың соңында бір, маусымның ортасында екінші рет тұтанды. Алғашқысы үш, кейінгісі он бір күннен соң сөндірілді.

Қамыс өрті неге жиі қайталанады?

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас­тығы Нұрлан Жаңабаев­тың пікірінше, қамыс өртін сөндірудің бірнеше күнге созылуының түрлі себебі бар. Біріншіден, сулы, батпақты аумақ­тағы қамыс тұтанған. Екін­шіден, желдің екпіні кедергі келтірген. Үшіншіден, қамыс қалың әрі биік өскен.

Атырау облысы әкімінің бас­пасөз қызметінің мәлі­ме­ті­не қарағанда, екінші өрт «Ақ­жа­йық» мемлекеттік табиғи ре­зер­ватында 13 маусымда тұ­тан­ған. Бірнеше күн бойы Аты­рау қаласын қамыс өртінің тү­тіні басып, ыстың иісі қол­қа­ны қапты. Осыған байланысты об­лыстық төтенше жағдайлар депа­ртаментінің имидждік жұ­мыс, сыртқы коммуникациялар тобы шаһар тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік мақ­сатында көшеге шығудан уақыт­ша бас тартуды, терезелер мен есіктерді жауып, балаларды назардан тыс қалдырмауды сұрады.

Табиғи резерват аумағында жанған қамыс өртін сөндіру­ге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды. Бірақ бір тікұшақпен шашылған су жалынның бетін қайтара алма­ды. Сол себептен, өрт сөндіру­ші­лер Маңғыстау облысынан екінші тікұшақты шақыруға мәжбүр болды. Резерваттағы алау 11 күн­де 1510 гектар аумақ­ты шарпыды. Осы күндері екі тікұшақ­пен 396 тонна су төгілді. Өрт шал­ған аумақтың ауқымын ұлғайт­пау мақсатында тракторлармен ­минералды жолақ жыртылды.

Қамыс өртіне байланысты түрлі пікір айтылды. Соның бірі – адам факторы. Бұл пікірді Атырау облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бас­тығы Нұрлан Жаңабаев жоққа шығармады.

«Қамыс өртінің болжамды себебі – адам факторы. Осы кезге дейін өрттің өздігінен тұта­натындай ауа райы ыстық та, найзағай да болған жоқ. Қазір жинақталған материалдар поли­ция департаментіне жолданады», деді Н.Жаңабаев.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланбайтынын мәлім етті. Әкімнің пікірінше, төтенше жағдай жариялауға арнайы критерий бар. Соған байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз табылмаған.

«Алдымен төтенше жағдай жариялау бізге не береді? Оны жариялауда құқықтық, заңдық нормалар негізге алынады. Сол нормаларға сәйкес болса ғана төтенше жағдай жарияланады. Қамыс өртіне байланысты төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ. Біріншіден, бізде өртті сөндіруге күш құралдары да, адами ресурс та жеткілікті. Екіншіден, төтенше жағдай жариялайтындай критерийге жете қойған жоқ», деді С.Шәпкенов.

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов қамыс өртіне байланысты Премьер-министрге депутаттық сауал жол­дап, бірқатар ұсынысын айтты. Депутаттың мәліметіне сүйенсек, 2023–2025 жылдары резерват аумағында ұзақтығы 35 күннен асатын 18 өрт болған.

«Қамыс өртінің салдарынан туындап отырған жағдай Үкі­мет тарапынан шұғыл әре­кетті талап етеді. «Ақжайық» мемлекеттік резерваты аума­ғын­­дағы қамыс өрті салдарынан Атырау қаласын қалың тү­­тін басып, тұрғындардың ден­сау­­лығына зиянын тигізіп отыр. Дер кезінде қажетті жұ­мыс­ кешенін атқармаған Эко­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігі мен Төтенше жағ­­дайлар министрлігінің жа­уап­­ты қызметкерлеріне шара қа­былдауыңызды сұраймын. Себебі бұл – табиғи апат қана емес, Экология министрлігі тарапынан жүйесіз басқару­дың нәтижесі. Резерватта өрттің көбеюі материалдық-техникалық базаның әлсіз­дігінен, министрлік тарапынан физикалық бақылаудың жоқ­тығынан болып отыр. Резерваттың материалдық базасы мен штаты өртті сөндіруге де, ықтимал өрттің алдын алуға да қауқарсыз. Бұл шын мәнінде министрлік қызметінде үлкен кемшілік бар екенін көрсетеді. 2023 жылдан бері осы мәселені бірнеше мәрте көтердік. Сол кезде министрліктен 2023–2027 жылдарға резерваттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 1 млрд теңге қарастырылғаны туралы жауап берілді», деп мәлімдеді Ә.Жұбанов.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, азаматтық қорғау сала­сындағы кешенді жоспарға сай табиғатты қорғау, орман шаруашылығы мекемелеріне арнайы көлік құралы, өртті ерте анықтау жүйесі мен ба­қылау мұнараларын сатып алу­ға 55,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ республикалық бюджеттен қаржы болғанымен, резерватта іс жүзінде нақты жұмыс жасалмаған. Оған «Ақ­­жайық» аумағында өрт сөн­діруге арналған құрылымдық бө­лімшенің болмауы дәлел. Осы­ған орай Мәжіліс депутаты Үкіметке Ақжайық резерватына қатысты бірнеше ұсынысын айтты.

«Біріншісі – «Ақжайық» резерватының қызметінде олқылықтарға жол берген Эко­­логия министрлігінің бас­шы­лық құрамына қатысты шара қабылдау. Екіншіден, резерват құрылымында толық материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген өртке қарсы бөлімше ашу. Үшінші­ден, ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды жарықтандыру нормаларының талаптарына сәй­кес резерватты материалдық-техникалық базамен қамту шығындарын толық көлемде республикалық бюджеттен қаржыландыру. Төртіншіден, республикалық бюджеттен қар­жыландыру мәселесі шешіл­меген жағдайда резерватты Атырау облысы әкімдігінің қа­ра­мағына беру мәселесі қарал­­­сын, Үкіметтен Экология ми­нистр­лігінің «Ақжайық» резерватына қатысты мардымсыз әрі нәтижесіз жұмысына құқықтық баға беріп, аталған ұсыныстар негізінде шұғыл шешімдер қабылдау сұралады», деді депутат.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, өңірде шикізат ретінде пай­далануға жеткілікті қамыс бар. Оны кәдеге жаратуға ниет ет­кен инвесторларға қолдау көрсе­тіледі. Дегенмен инвесторлар тарапынан қызығушылық болмай тұр.

«Қамыс резерват аума­ғында ғана емес, Құрман­ғазы ауданында да бар. Қытайдан екі жыл бұрын инвесторлар келіп, қамыстан қағаз шығаруға ниет білдірді. Бірақ қағаз шығаруға мол су, энергия ресурсы қажет болды. Олар осының бәрін зер­делейтін, біз зауыт салуға жер бөлетін болып келістік. Бүгінгі таңда жоба сол күйінде қалды», деді облыс әкімі.

Әкімнің дерегіне қарағанда, Қытайдың тағы бір инвесторымен келіссөз жүріп жатыр. Қытайлық инвестор қамыс туралы барлық ақпаратты алған. Дегенмен әлі нақты шешім қабылдамай отыр.

Шетелдіктерден бөлек, отан­дық инвестор да қамыстан бір­неше өнім шығару мәселесіне ден қойған. Бірақ жобаны әлі қолға алмаған.

«Ибрагим Алипов деген инвестор келді. Оның үш ұсы­нысы болды. Бірінші жобасы – қамысты түйіршіктеп, отын шығару. Содан кейін қағаз өнімін шығаруға қолдану, үшіншісі – қамысты көк күйінде шауып, жемшөп ретінде пайдалану. Алайда инвестор осы кезге дейін нақтылы бір шешімге келмей отыр», дейді С.Шәпкенов.

 

Атырау облысы