
– Нұржан Молдиярұлы, елімізде су саласын дамыту барысында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқаны мәлім. Бұл бағыттағы министрліктің негізгі міндеттері мен басымдықтары қандай?
– Су – тіршіліктің өзегі, мемлекеттің экономикалық және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды ресурс. Осыны ескере отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бұл дер кезінде қабылданған және ел мүддесіне сай шешім болды. Министрлік алдына қойылған негізгі міндеттер Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында нақты көрсетілді. Солардың қатарында – су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңғырту, климаттың өзгеруіне бейімделу және саладағы цифрлық трансформация бар. Бұл бағыттағы жұмыстар 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару тұжырымдамасы, 2028 жылға дейінгі кешенді даму жоспары және 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жол картасына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр.
– Жаңа Су кодексінің қабылдануы салада қандай институционалдық өзгерістерге жол ашты?
– Су кодексі еліміздегі су ресурстарын басқару саласындағы құқықтық және институционалдық реформалардың негізі болды. Оның басты мақсаты – суды қауіпсіз әрі тұрақты пайдалану арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, экологиялық теңгерімді сақтау және су ресурстарын тиімді бөлу. Су кодексі негізінде Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бұл органның негізгі міндеті – заңсыз су пайдалануды, су есептілігін бұрмалауды және су нысандарын заңсыз пайдалануды болдырмау. Комитетке жедел әрекет ету, тексеру жүргізу, айыппұл салу және әкімшілік құқық бұзушылықтарға шара қолдану секілді қосымша өкілеттіктер берілді. Сонымен қатар жаңа кодекске сәйкес, су саласындағы бақылау мен жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл салаға инвестиция тартуға және судың әділ, ашық бөлінуіне қолайлы жағдай туғызады.
– Министрлік жүргізіп жатқан кадрлық және инфрақұрылымдық реформа туралы айтып өтсеңіз.
– Біз жұмысты алдымен басқару құрылымын реттеуден бастадық. Соның аясында екі ірі құрылым – «Қазсушар» және Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылды. «Қазсушар» мекемесінде қазіргі таңда техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасы бойынша үлкен өзгеріс болып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 439 техника сатып алынды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 800-ге жетеді деп күтілуде. Бұл кәсіпорындар енді заман талабына сай автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 16 өңірлік мамандандырылған коммуналдық кәсіпорын құрылды. Олар бүгінде 800-ге жуық гидротехникалық нысанға қызмет көрсетеді. Бұл ұйымдар су шаруашылығы нысандарының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, жергілікті деңгейде суды басқару жүйесін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
– Бұл реформалар сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына әсер етті ме?
– Әрине, бұл – біздің басты назарымыздағы мәселе. Су саласында жұмыс істейтін мамандардың еңбекақысын арттыру арқылы біз олардың кәсіби мәртебесін көтеруді көздедік. 2024 жылы олардың жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Ал биылғы 1 шілдеден бастап барлық қызметкердің еңбекақысы 50%-ға артты. Бұл өзгерістер су шаруашылығы саласының 29 мыңнан астам қызметкерін қамтыды. Сонымен қатар су мамандары үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар, «Дипломмен – ауылға!» жобасы арқылы несие көлемін 7,8 млн теңгеге дейін арттыру секілді кадрларды әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар шара қабылданды.
– Су саласындағы кадр даярлау мәселесіне келсек, бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– 2024 жылы біз үшін тарихи маңызы бар оқиға – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрылуы болды. Бұл – еліміздегі су мамандарын арнайы даярлайтын тұңғыш жоғары оқу орны. Сонымен қатар су саласына қажет мамандықтар бойынша елімізде 12 жоғары оқу орны мен 8 колледж жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарының колледждерінде су саласындағы мамандықтарды ашу жоспарда бар.
2024–2025 оқу жылында 523 студент грант негізінде оқуға қабылданды, жалпы кейінгі екі жылда грант саны екі есе көбейгенін айта кету керек. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары да арта түседі. ЖОО мен өндірісті байланыстыру мақсатында студенттер мен колледжде білім алушылар су кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуде. Жыл басынан бері мұндай тәжірибеден 339 студент өтті.
– Сапалы маман даярлау үшін халықаралық әріптестік маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыс қандай деңгейде?
– Біз халықаралық серіктестікке ерекше мән береміз. Су саласы – трансшекаралық сипаттағы күрделі сала. Сондықтан озық елдердің тәжірибесін игеру маңызды. Осы орайда маман даярлаудың сапасын арттыру мақсатында су саласында үлкен тәжірибесі бар үздік шетелдік оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың бір мысалы ретінде 2024 жылы Нидерланд Корольдігінің мамандары өткізген су тасқынын болжау және алдын алу бойынша оқу тренингін айтуға болады, оған 50-ден астам мамандарымыз қатысты.
Қытайдың Сауда министрлігі мен Су шаруашылығы министрлігі көмегімен алғаш рет Қытайдағы су шаруашылығы кәсіпорындарында су саласының 120 маманын оқыту туралы меморандумға қол қойылды. Бұл жұмысты жыл сайын жалғастыруға келісім бар. Екі топтан құралған 30 адамнан тұратын топтар екі апталық курсты аяқтап, жақында үшінші топ мамандар жіберілмек. Осы оқу курсына бір адамға шамамен 7 мың доллар көлеміндегі шығындарды қабылдаушы тарап қаржыландырады. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы да мамандарымыз шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтіп жатыр.
– «Судың да сұрауы бар» деп текке айтылмаса керек. Су – сарқылмайтын ресурс емес. Оны ұқыпты, үнемдеп пайдаланған жөн. Осы орайда халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселесі қалай қолға алынып жатыр?
– Дұрыс айтасыз, су үнемдеу – тек техникалық немесе экономикалық емес, ең алдымен, мәдени және әлеуметтік мәселе. Біз бұл бағытта кешенді түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Суды үнемдеп, болашақты сақта» тақырыбында мектептерде арнайы сабақтар өткізіліп, ол шамамен 2 млн оқушыны қамтыды. Енді бұл жұмысты колледждер мен ЖОО-ларда жүзеге асырамыз. Әуежайлар, вокзалдар, қоғамдық көлік, әкімшілік ғимараттарда ақпараттық стендтер мен брошюралар орналастырылуда. Сонымен қатар тұрмыста суды үнемдеу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. «Аз тұтынсаң, аз төлейсің» қағидаты негізінде 6 өңірде дифференциалды тарифтер енгізіліп, ай сайын 1,6 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берілді.
– Ел ішіндегі инфрақұрылымды жаңғырту мен су қоймаларының жағдайына тоқталсаңыз.
– Кейінгі жылдары елімізде су инфрақұрылымын жаңарту мен жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, Қ.Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Бұл канал арқылы Орталық Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуі жүзеге асады. Қазір бұл нысанда құрылыс-монтаждау, техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба құны шамамен 83 миллиард теңгені құрайды.
Былтыр еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Алматы, СҚО, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 8 жоба аяқталып, 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекеннің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бүгінде еліміздің 10 облысында 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры желілері салынып, жаңғыртылып жатыр. Бұл 468 елді мекенді қамтып, шамамен
1,3 миллион адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 53 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.
– Трансшекаралық су мәселесінде қандай нәтижеге қол жеткізілді?
– Су – табиғи шекараны мойындамайтын ресурс. Сондықтан көрші мемлекеттермен су дипломатиясын жолға қою – аса маңызды міндет. Өткен жылғы вегетациялық кезеңде Орталық Азия елдерімен бірлескен келіссөздердің арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен толық қамтамасыз еттік. Бұл – тиімді дипломатияның нақты нәтижесі.
Біздің министрлік су ресурстарын бөлісуде теңгерімді ұстаным мен халықаралық нормаларға сүйенеді. Жыл сайынғы келіссөздер барысында ел мүддесін қорғап қана қоймай, көрші елдермен өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға басымдық береміз.
– Солтүстік Аралды сақтау жұмысы да стратегиялық бағыттардың бірі. Бұл бойынша қандай жобалар іске асты?
– Иә, бұл – еліміздің экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселе. Министрлік құрылғалы бері Солтүстік Арал теңізіне шамамен 5 млрд текше метр су жіберілді. Қазір теңіздегі су көлемі 24,4 млрд текше метрге жетіп отыр.
Қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Онда Көкарал бөгетін 2 метрге дейін көтеру және Қамыстыбас пен Ақшатас көл жүйелерін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жоба биыл жыл соңында толық сараптамадан өтеді.
– Су ресурстарын басқарудағы басты ұстаным қандай?
– Басты ұстаным – ашықтық, әділеттілік және тұрақтылық. Су ресурстары – ұлт байлығы. Оны басқару заң аясында, ғылыми негізде, экологиялық жауапкершілікпен жүзеге асуы керек. Жаңа Су кодексі осы қағидаттардың нақты тетіктерін енгізді.
Министрлік суды пайдаланудағы барлық үдерістің ашықтығын қамтамасыз етуге, судың «қара нарығына» жол бермеуге, цифрлық жүйелер арқылы суды әділ және тиімді бөлуге бағытталған жұмыстарды жалғастыра береді.
Алдағы жылдары басты назар – климаттың өзгеруіне бейімделу, заманауи технологияларды енгізу, халықтың суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және халықаралық әріптестікті тереңдету болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,