Шаруашылық • Бүгін, 15:30

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда 1 тамызда басталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды. Санақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ауыл шаруашылығы санақтарының оныншы Дүниежүзілік бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып, ел бойынша шамамен 1,6 миллион үй шаруашылығы мен 300 мың ауыл шаруашылығы субъектісін қамтыды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы аяқталды

Фото: silkwaytv.kz

Сауалнама барысында жер және техника пайдалануы, егіс көлемі, тыңайтқыш қолдану, мал шаруашылығының жағдайы, жұмыспен қамту сынды ауыл шаруашылығына тән негізгі көрсеткіштер зерттелді. Мәліметтер ірі агрокәсіпорындардан бастап шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарға дейінгі барлық деңгейде жиналды.

«Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына қатысқан, қолдау көрсеткен және көмектескен барлық азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Айта кету керек, бұл тек деректерді жинау бойынша негізгі кезеңнің аяқталуы. Алда бізді осы деректерді өңдеу, салыстыру және әртүрлі деңгейде біріктіру бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Жиналған мәліметтер аграрлық саланың жай-күйі туралы объективті көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан және осы маңызды істі қолдаған әр адамға алғыс айтамын», деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев.

Айта кетейік, деректерді жинау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 1–31 тамыз аралығында онлайн форматта өтті. Азаматтар sanaq.gov.kz сайты және eGovMobile қосымшасы арқылы ЭЦҚ немесе SMS-код көмегімен тіркеліп, сауалнама толтырды. Бұл мүмкіндікті 600 мыңнан астам адам пайдаланды.

Екінші кезең 20 қыркүйектен 20 қазан аралығында офлайн форматта ұйымдастырылды. Ел бойынша 3 200-ден астам интервьюер арнайы планшеттермен сауалнама жүргізіп, деректердің нақтылығын қамтамасыз етті. Санаққа пошта және әлеуметтік қызмет мамандары, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылған азаматтар да белсене қатысты.

«Бұл жұмыста интервьюерлердің еңбегі орасан зор. Олар күн сайын азаматтармен тікелей байланыста болып, санақтың мақсатын түсіндіріп, маңызды деректерді жинады. Сонымен қатар, негізгі жұмыстарында халықпен жұмыс істейтін пошташылар, әлеуметтік қызметкерлер, коммуналдық қызмет бақылаушылары да қосымша табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан бөлек, біз халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы келген жұмыссыз азаматтарды санаққа тарттық»,  деді Бюро басшысы.

Науқан барысында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілді. Азаматтар әлеуметтік желілер мен өңірлік БАҚ арқылы хабардар етіліп, SANAQ мырза атты чат-бот нақты уақыт режимінде сұрақтарға жауап беріп отырды. Сонымен қатар, 2 600-ден астам өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылып, 1446 байланыс орталығы 22 мыңнан астам өтініш қабылдады.

Жиналған мәліметтер ауылдық жерлердің даму деңгейін бағалап, агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың жаңа тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Алдын ала өңдеу және талдау алдағы айларда аяқталады. Нәтижелер келер жылы Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланбақ.