
Әуе кеңістігін дыбыстан да жылдам ұшақпен тілгілейтін әлемдік әріптестерімнің арасында «Ең қиын да күрделі тапсырманы уақыт ұттырмай алдымен орындауға міндеттіміз, «мүмкін емесіне» сәл кейінірек оралармыз» дейтін өте өжет шешім болар еді. Үлкен шығармашылық иесі Сламбек Тәуекелмен өзара іскерлік сәттер сағатында оның мінез-құлқынан осынау әскери ұшқыштарға ғана тән ерекше қасиетті сан рет байқап, тәнті болған едім.
Қоғам дамуының жауапты кезеңінде, өтпелі үдерісі шағында адал адамның еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Сол себепті де, қазақ киносының шежіре-тарихына, өнері мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан тау тұлғалы азаматтың, шынайы кино шеберінің еңбегі ұрпаққа өнеге, ұлт руханиятына баға жетпес мұра болып қалатынына кәмілмін.
Мына қым-қуыт тіршілікте кеш танысқанымызбен көп түсініскен жаны жайсаң айрықша парасат иесінің – әйгілі өнер қайраткерінің ойлы жүзі, кесек тұлғасы жүрегімде өшпестей мәңгі сақталады.
Алла алдынан жарылқасын, жүзі пейіште шалқысын!
Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
тұңғыш қазақ ғарышкері, Қазақстанның Халық қаһарманы,
Кеңес Одағының батыры, КСРО-ның еңбегі сіңген сынақшы-ұшқышы,
авиация генерал-майоры