Оқиға • Бүгін, 10:45

Шымкентте театр басшысы ірі көлемде қаржы жымқырған

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы «Жастар театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты ірі көлемдегі қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Шымкентте театр басшысы ірі көлемде қаржы жымқырған

Фото: Ерлан Омар

Тергеу материалдарына сәйкес, концерттік жабдықтарды сатып алуға бөлінген 320 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражатының бір бөлігі заңсыз иемделген. Колонкалар, сабвуферлер, сахналық құрылымдар, дыбыс күшейткіштер және басқа да техникалық құрал-жабдықтар алу жоспарланғанымен, сатып алу рәсімдері заң бұзушылықтармен жүргізілген.

«Алайда сатып алу талаптарын бұза отырып, лоттарды қолдан бөлшектеу арқылы 20-дан астам атау бойынша сатып алу электронды дүкен арқылы жүргізілген. Электронды сауда алаңы арқылы жабдықты нақты жеткізбеген жалған жеке кәсіпкерлермен келісімшарттар жасалып, қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған», делінген хабарламада.

Бұған қоса, тергеу барысында күдіктілердің бірі қылмыстық жолмен алынған табысты жасыру мақсатында жалпы сомасы 48 миллион теңгеге автокөлік пен пәтер сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына рәсімдегені анықталған.

Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынып, күдіктілер қамауға алынған.