
«Үздік актер» аталымы қазақ актері Бақыт Қажыбаевқа «Набат операциясы» фильміндегі басты рөлі үшін берілді.
Актердің айтуынша, бұл – тек өзінің ғана емес, фильмге жан-тәнімен еңбек сіңірген бүкіл шығармашылық топтың жеңісі. Ол шынайы оқиғаға негізделген бұл хикаяны жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, көрерменге алғыс білдірді.
Айта кетейік, «Набат операциясы» фильмі 1992 жылы елімізде болған шынайы оқиғаға негізделген. Автобустағы 30 адамды кепілге алған лаңкестерге қарсы құқық қорғау органдарының арнайы операциясы адам шығынынсыз аяқталады.
Фильм Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Байқауға ұсынылған екінші қазақ туындысы – режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» драмасы. Бұл фильм бұған дейін 15-тен астам халықаралық марапатқа ие болған, оның ішінде «Oldenburg» халықаралық кинофестивалінде «Spirit of Cinema Award» үлдесі бар.
Биыл қазақ киносы фестивальдың фокус-секциясына ұсынылып, «Ағайындылар» фильмі арнайы бағдарлама аясында көрсетілді. Байқау бағдарламасын ШЫҰ елдерінің танымал кинематографтары, тоғыз адамнан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль аясында кинонарық ұйымдастырылды. Қазақстанның ұлттық стендінде Ұлттық киноны қолдау орталығы мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының негізгі киножобалары ұсынылды. Онда 25-тен астам көркем, деректі және анимациялық фильмнің трейлерлері көрсетілді.
Чунциндегі ШЫҰ халықаралық кинофестивалі гуманитарлық байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға, ұлттық киноөндірісті дамытуға арналған маңызды мәдени алаңға айналды.