
Суреттерді түсірген – Мәди ҒҰБАЙДУЛЛИН
Өңірде облыстық маңызы бар Орал қаласы, аудандық маңызы бар Ақсай қаласы, 3 кент, 405 ауылдық елді мекен және 147 ауылдық округ бар. Облыс Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектесіп жатыр. Сыртқы шекара ұзындығы 1 532 шақырымға жетеді. Облыста барлығы 12 аудан болса, соның 7-еуі – Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Тасқала, Бәйтерек, Бөрлі және Шыңғырлау аудандары шекаралас аумақта орналасқан. Облыстағы барлық 405 ауылдық елді мекеннің ішіндегі 145 ауыл шекарада тұр, бұл елді мекендерде 104,3 мың адам өмір сүріп жатыр.
«Ауылдан адам азаю үрдісі біраз жылдан бері жүріп жатыр. Әсіресе шекара маңындағы аумақтан халықтың кетуі байқалады. Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында 49 ауылда тұрғын саны 50 адамнан азайып кетті. Заң бойынша мұндай ауылдар таратылып, елді мекен санатынан шығарылуға тиіс. Бірақ шекара маңындағы аумақты жалаңаш қалдыруға болмайды, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе», дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын құру жөнінде үкімет пен әкімдерге бірнеше нақты тапсырма берген болатын. Ауылдарды сақтап қалу, ауыл экономикасын жандандыру үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарлама да аз емес. Батыс Қазақстан облысында қолға алынған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы аз уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. 2024–2026 жылдарға арналған бұл жобада ауыл тұрғындарына қолдау көрсететін барлық мемлекеттік бағдарлама мен жоба біріктіріліп, үйлестірілген. Соның ішінде қаладан ауылға көшіп баратын отбасын қолдау, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі ойластырылған.
«Ауыл – алтын бесігіміз ғой. Біз қолға алған «Қаладан – ауылға» жобасы ауылдарымыздың өсіп өркендеуіне көмектеседі, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты нығайып, қолайлы ортада өмір сүру мүмкіндігі артады деп білеміз. Бір жылдық нәтижені сараптап көрсек, қазірдің өзінде оң өзгеріс бар екенін байқаймыз. Бұл бастамамызға өзге өңірлер де қызығушылық танытып жатыр», дейді облыс әкімі.
Биыл наурызда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі Орал қаласында көшпелі отырыс өткізіп, БҚО басшылығы мен аудан әкімдері және мәслихат төрағаларымен кездесті. Жобамен жақын танысқан Жамбыл және Павлодар облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев пен Илья Теренченко қанатқақты жоба жөнінде пікір білдіріп, жобаны жетілдіруге, қоныстанушыларға көрсетілетін қолдау тетіктерін кеңейтуге қатысты ұсыныстарын айтты. Кеңейтілген отырыс соңында Ақмола, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстық мәслихат төрағасы үшжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған «Қаладан – ауылға» бағдарламасының негізгі мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көші-қонын азайтып, ауылда жұмыс күші тапшылығын жою. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенді тұрақты дамыту, шағын және орта бизнес нысандарын арттыру, тұрақты жұмыс орны жоқ қала тұрғындарының, әсіресе жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешу көзделген. Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бір жылда бағдарлама аясында ауылдарға 104 отбасы қоныс аударып, ауыл халқы 519 адамға көбейді. Оның 326-сы – кәмелетке толмаған бала.
Сараптап қарасақ, Ақжайық ауданына – 5 отбасы (32 адам), Бәйтерек ауданына – 4 отбасы (22), Бөкей ордасы ауданына – 8 отбасы (24), Бөрлі ауданына – 8 отбасы (45), Жаңақала ауданына – 11 отбасы (39), Жәнібек ауданына – 6 отбасы (32), Қазталов ауданына – 17 отбасы (95), Қаратөбе ауданына – 13 отбасы (72), Сырым ауданына – 10 отбасы (58), Тасқала ауданына – 5 отбасы (30), Теректі ауданына – 6 отбасы (15), Шыңғырлау ауданына 11 отбасы (55) қаладан көшіп барған.
Ауылға барғандардың арасында 119 адам жұмысқа орналасса, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданына барған 3 адам кәсіп бастап кеткен. Ауылға көшкен 104 отбасы түгелімен тұрғын үймен қамтылған. Бағдарлама биыл да жақсы жүріп жатыр. 2025 жылдың басынан 1 мамырға дейін 9 отбасы ауылға көшкен. 32 адам, соның ішінде 16 бала енді ауылда тұрады.
Жақында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов жұмыс бабымен Батыс Қазақстан облысында болған еді. Осы сапарда өңір басшысы Нариман Төреғалиевпен кездесіп, елімізде атқарылып жатқан бірегей жоба – «Қаладан – ауылға» бағдарламасымен жақын танысты.
«Ауылдарымыз бүгінде табиғи газбен, ауызсумен 100% қамтылды. Кейінгі екі жылда өңірде 174 млрд теңгеге 1 мың шақырымнан астам жол жөнделді. 2023 жылы – 562 шақырым, 2024 жылы 470 шақырым жолға асфальт төселді. Биыл тағы 260 шақырым жол саламыз. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 2023–2024 жылдары 36 медициналық инфрақұрылым салынды. Биыл 14 нысанды іске қосамыз. Жақсыбай, Шөптікөл, Жарсуат және Кентүбек ауылдарында – 4 мәдени-спорттық кешен, Дариян, Ақжайық, Жаңаөмір және Есенсай ауылдарында – 4 спорт кешені, Қызылтал ауылында спорт залы салынып жатыр. Бұл нысандар 2025 жылдың соңына дейін халық игілігіне беріледі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 1 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды», дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысы