Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 08:50

Мал дәрігерлерінің мерейі

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әйгілі кеңес биологі, академик Константин Скрябин «Меди­цина адамды емдейді, ал ветеринария күллі адамзат­тың амандығына жауапты» деген ой айтыпты. Биыл елімізде 10 шілде – ветеринария қызметкерлері күні екінші мәрте аталып өтеді.

Мал дәрігерлерінің мерейі

Адамзатпен бірге жасайтын жан-жануардың денсаулығы, одан алынатын өнімнің қауіп­сіздігі – өте маңызды мәселе. Осынау кәсіби мереке қарса­ңында Батыс Қазақстан облы­сының Тасқала ауданын­да екі бірдей ветеринария бекеті ашылды. Мереке және Амангелді округтерінде пайда­лануға берілген бұл жаңа нысандар ауыл халқының игілігі үшін қызметін бастап кетті.

Облыс бойынша алғаш бой көтерген нысандардың ашылу салтанатына облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бірәлиев, Тасқала ауданының әкімі Талғат Шәкіров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева және сала ардагерлері мен бүгінгі мамандары арнайы қатысты.

Жаңадан ашылған ветеринария бекеттерінің аумағы – 62 шаршы метр. Әрбір нысанның жобалық құны – 15 млн теңгеден асады. Әр бекетте 3 ветеринария маманы қызмет етеді.

«Біздің ауданда биыл осындай 5 ветеринария бекетін салу жоспарланған еді. Бүгін соның екеуі ашылып, пайда­лануға беріліп отыр. Қалған үшеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Облыс бойынша біздің ауданда эпизоотика­лық ахуа­л жақсы дей алмаймыз. Бру­целлез ауруы жағынан екін­ші орындамыз. Аудандағы
9 округ­тің екеуінде ғана бұл ауру тіркелмеген. Сондықтан осындай нысан­дардың болуы аса маңызды. Бұл халықтың игілігі үшін жасалып отыр­ған жұмыс», дейді Тас­қала ауданының әкімі Талғат Асқарұлы.

Абзал Бірәлиевтің айтуынша, кейінгі кезде елімізде ветеринария саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға Мемлекет басшысы тарапынан нақты тапсырма берілген.

«Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында да нақты қаржы бөлініп, ауқымды жұмыс басталды. 2024 жылы Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында, Қаратөбе ауданының Егіндікөл және Қоржын ауылдарында, Теректі ауданының Аңқаты ауы­лында 4 жаңа вете­ри­нариялық пункт салынды. Биылдың өзінде облыс бойынша 30-ға жуық ветеринария пунктін салу көзделіп отыр. Бұл бастамаға мұрындық болып, қолдау білдіріп отырған Тас­қала ауданы әкімдігіне алғысымды біл­ді­ремін. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Сондықтан осындай заманауи нысандар олардың қажетіне жарауға тиіс», дейді басқарма басшысы.

Тасқала ауданында салынатын бекет­тер­дің үшеуі жергілік­ті бюджет есебінен салынса, екеуіне облыстық ветеринария басқармасы қаржы бөлген. Бұл нысан­дардың әрқайсында 4 кабинет бар: ИСЖ порталында жұмыс істейтін, дәрі-дәрмек сақтайтын, киім ілетін бөлме және меңгеруші кабинеті.

Вете­ри­нария жүйесін реформалау іс-шаралары нәтижесінде жер­гілік­ті ветеринария ұйым­­да­рындағы мал дәрігер маман­дардың жалақысы 2022 жылы – 23%-ға, 2023 жылы – 22%-ға, 2024 жылы – 26%-ға, 2025 жылы 29%-ға өскен.

2025 жылы облыс аумағында эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4 млрд 598 млн теңге қаражат бөлінген. 2024 жылмен салыстырғанда қаражат көлемі 28%-ға артқаны көрінеді. Салаға бөлінген қаржы мөлшерінің артуы мал дәрігері мамандарының жалақысын өсіруге, ветеринариялық ұйым­дарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кейінгі жылдары вете­ринария мамандарының еңбек­­ақысы кезең-кезеңімен тұрақ­ты түрде өсіп келе жатыр. «Вете­ри­нария жүйесін реформалау іс-шаралары нәтижесінде жер­гілік­ті ветеринария ұйым­­да­рындағы мал дәрігер маман­дардың жалақысы 2022 жылы – 23%-ға, 2023 жылы – 22%-ға, 2024 жылы – 26%-ға, 2025 жылы 29%-ға өскен. 2023 жылдан бас­тап мал ­дәрігерлеріне пато­генді био­ло­гиялық агенттермен жұмыс істегені үшін 50%-ға дейін қосымша еңбекақы және екі лауазымдық жалақы мөлше­рінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Қазір ветеринар дәрігер орта есеппен – 309–320 мың теңге, ветеринар фельдшер – 244–­256 мың теңге, ветеринар санитар 190 мың теңге жалақы алады.

«2025 жылы облыс бойынша аса қауіпті 12 ауруға қарсы 11,0 млн бас ауыл шаруашылығы жануарын вакциналауды жоспарлап отырмыз. Оған қоса 2,2 млн бас мал басын 11 ауру бойынша диагностикалық тексеруден өткіземіз», дейді Абзал Бірәлиев.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі Вете­­ри­на­рия­лық бақылау және қада­ғалау комитеті тарапынан бөлін­ген ветеринариялық пре­параттардың 5,01 млн дозасы жеткізіліп, келген вакцинаға сәйкес вакциналау жұмысы жүріп жатыр екен. Яғни 6 айлық жоспарға сәйкес 4,5 млн бас жануар тиісті вакцинасын алған. Өңірде қазіргі қалыптасқан жағдай қанағаттанарлық дең­гейде. Жыл басынан бері өткен 6 ай ішінде 421,5 мың сиыр, 519,8 мың қой-ешкі бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық зерттеуден өткен. Бруцеллез ауруына шалдыққан жануарлар уақтылы ет өңдеу кәсіп­орындарына санитарлық союға жіберілген. Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста аса қауіп­ті ауру – мал құтыру оқиғасы үш мәрте тіркелген. Аурудың Бөкей ордасы ауда­нындағы – 2, Қазталов ауданындағы 1 ошағы дер кезінде бақылауға алынып, тиісті ветеринариялық іс-шаралар толық жасалған.

Өңірде ауыл шаруашылығы жануарларын біркелкі реттеу шарасы да жүйелі жүріп жатыр. Осы кезге дейін 512,5 мың бас жануар бірдейлік сертификатын алған. Биыл облыста
345,1 мың дана құлақ сырғасы сатып алынды, алдағы уақытта тағы 941 мың дана құлақ сырғасы сатып алынбақ.

Бүгінде ауылда мал саулығы алдыңғы орында тұрса, қалада қаңғыбас иттердің көбеюі кәдім­гідей мәселеге айналғаны рас. БҚО бойынша үй жануарларына арналған дерекқорда 25 908 ит-мысық тіркелген екен, соның
6 390-ның ғана қожайыны бар. Жыл басынан бері өңірде қаң­ғыбас иттерді аулау және биостерилизациялау жұмысы жүріп жатыр. Осы кезге дейін 1 334 қаңғыбас жануар ауланса, оның 730-ына биозарарсыздандыру отасы жасалып, қайтадан жіберіл­ген. Тұрғындардың өтініші бо­йынша 604 қаңғыбас иттің көзі жойылған.

Аймақта бүгінде барлығы 147 ветеринария пункті болса, соның 65-інде ғана жеке ғимарат бар. Қалған 82 ветпунктке ауылдық округ әкімдік ғимараттарында бөлме берілген. Биыл ауылдық округтерде 30-ға жуық ветеринария пункті мен 1 ветеринария станса ғимаратын салу жоспарланғанын айттық. Соның ішінде Сырым ауданындағы Бұлдырты мен Қособа ауылдарында, Шыңғырлау ауданын­­да­ғы Ардақ, Ақтау ауылдарын­да, Бәйтерек ауданындағы Январцев ауы­лында 5 ветеринария пункті­­нің құрылысы аяқталып, 10-шілде – ветеринария қыз­мет­­керлерінің кәсіби мере­­кесі қарсаңында пайдалануға беріл­ге­лі тұр.

Облыс аумағында 2023 жылдан бері ветеринария стансаларының автокөлік паркі де жаңартылып жатыр. 2023–2024 жылдары су жаңа 43 көлік алынған. Ал биыл мереке күні ауыл округтеріндегі ветеринар мамандарға бірден 90-ға жуық су жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталмақ.

«Өңірдің эпизоотиялық қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету, ветери­нарлық станса қыз­мет­кер­ле­ріне қолайлы жағдай жасау, вете­ринариялық іс-шараларды сапалы жүргізу үшін ветеринария пункттерінің маңызы өте зор. Біз мал дәрігерлік ұйымдардың материалдық-техникалық базасын болашақта да жақсарта бере­міз», дейді облыстық ветерина­рия басқармасының басшысы Абзал Бірәлиев.

 

Батыс Қазақстан облысы