
2020 жылғы 28 ақпандағы №51 бұйрықпен бекітілген «Қазақстан Республикасының спорттық әдебі» құжаты енді 2025 жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясымен үйлестірілді. Жаңартылған тәртіп спорт саласындағы құқықтық реттеулерді жаңа заң талаптарына бейімдеу мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Құжаттың негізгі мақсаты – бұрынғыша, яғни спорттағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бағытта спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілердің және сала мамандарының әдептілік нормаларын анықтайтын құжат құқықтық және моральдық қағидаттарды басшылыққа алады.
Аталған өзгерістер негізінен техникалық сипатта және құжаттың мазмұндық өзегіне әсер етпейді. Тек терминдер нақтыланып, тұжырымдамалық тіл заманауи талаптарға сай жаңартылған. Мәселен:
-
бұрынғы «ұлттық құрама команда» атауының орнына «Қазақстанның спорт түрі бойынша ұлттық құрама командасы» деген нақты әрі толық анықтама енгізілді;
-
«спорт төрешісі» ұғымы бекітіліп, оның өкілеттігі мен кәсіби талаптары айқындалды;
-
заманауи ақпарат құралдары талабына сай «бұқаралық ақпарат құралдары» ұғымы орнына «масс-медиа» термині қолданылатын болды.
Айта кету керек, 2020 жылғы алғашқы редакциясында бекітілген және отандық спорт саласындағы «Ар-намыс кодексі» саналып кеткен негізгі ережелер сол күйі сақталған. Олар:
- адал ойын қағидаттарын ұстану;
- қарсыластарға, төрешілерге, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне құрметпен қарау;
- қоғамдық тәртіпке қайшы, қорлайтын әрекеттерге жол бермеу;
- спорттық ортада жоғары моральдық үлгі көрсету.
Осылайша, спорт саласындағы этикалық ұстанымдар уақыт талабына сай жаңартылып, заңдық негізбен бекітілгенімен, өзектілігін жоймай, спортшылар мен мамандар үшін басшылыққа алар құндылықтар жиынтығы болып қала береді.