Тарих • Бүгін, 08:27

Шынайы достық шапағаты

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов аққан жұлдыздай тым келте ғұмырында жақсы адамдармен дос болып, олармен арадағы жылы қарым-қатынасты адамзат игілігіне қызмет ету үшін пайдаланған. Орыс достары жас Шоқанды жанының тазалығы, адалдығы үшін қатты құрметтеген. Айталық, П.Семенов-Тян-Шанский Шоқанның білім-ғылымға деген құштарлығына сүйсініп, былай деп жазады: «...Дамып келе жатқан жергілікті қайраткерлердің арасындағы білімге құштар Г.Потанин, Ш.Уәлиханов тәрізді ең бір таза жанды, дарындылардың өздері жоғары білімді Петербургте алуға ұмтылатын еді».

Шынайы достық шапағаты

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Талантты жандар танысты­ғы­ның мызғымас дос­тық­қа ұласатынына кәрі тарих куә. Шоқанды шын ниеті­мен жақсы көріп, оның рухани тұр­ғыдан жетіліп, шығармашылық қа­білетінің ұшталуына, дұрыс жол таңдауына достарының, оның ішінде орыс жазушысы Ф.Дос­тоев­скийдің ықпалы зор болғанын өзара жазысқан хаттарынан аңғару қиын емес. Ш.Уәлиханов пен Ф.Дос­тоевский алғаш рет 1854 жылы Омбыда, Ивановтар үйінде танысады. Ол кезде Шоқан 19-да, Федор Михайлович 33 жаста болатын. 1856 жылы олардың достығы бекіп, кештерді бірге өткізіп жүрді.

Шынайы достық ұлт таңда­май­ды, жасқа қарамайды. Осы орай­да ұлы ағартушы-педагог Ы.Ал­тын­сарин мен Н.Ильминскийдің арасындағы жылы қарым-қатынас тілге оралады. Әжептәуір жас айырмашылығына қарамастан (Ы.Алтынсариннің туған жылы – 1841, ал Н.Ильминский 1822 жылы дүниеге келген; Ф.Достоевский 1821 жылы дүние есігін ашса, Ш.Уә­лихановтың туған жылы – 1835 жыл), ұлы тұлғалар бірін-бірі жан-тәнімен жақсы көріп, біршама уақыт алыстап кетсе, сағынышпен қауышып, достыққа берік екендігін білдіріп отырған.

Ш.Уәлихановтың замандасы А.Врангель «Ф.Достоевскийдің досы – Уәлиханов» атты естелігін­де былай деп жазады: «... Соңғы күн­дер­де келген кісілердің ішінде Дос­тоевскийді көріп кетуге жолшыбай кіріп шыққан жап-жас, өте сүйкімді офицер – қырғыз, Омбы кадет корпусының тәрбиеленушісі, Орта Орданың соңғы ханының немересі Мұхаммед-Ханафия Уәлиханов есімде қалды. Ол Достоевскиймен Омбыда Ивановтардың үйінде таны­сып, онымен қатты сыйласып, жақ­­­сы көріп кеткен. Уәлиханов аса­ тәр­­биелі, ақылды әрі білімді адам­ сияқ­­ты көрінді. Кейіннен мен оны Пе­­тер­бор­да және Парижде көрдім».

Семейге жер аударылып,­ өмі­рі­нің бес жылын осы қала­да өт­кізген Ф.Достоевский қа­зақ­­тар­мен жақын араласып, олар­дың салт-дәстүрімен, өзіндік ерек­шеліктерімен танысады. Ұлы адам­дарға пана болған Семей туралы академик Ә.Марғұланның: «Семей – ұлы адамдардан жолы болған қала. Оның тарихында дүниеге жүз жылда бір-ақ рет қана келетін Дос­тоевский мен Уәлиханов сынды дара тұлғалардың есімдері қал­ды» деп, жазғаны бар. Осы орайда екеуінің достығының айға­ғындай сақталған фотосурет аса құнды жәдігер ретінде көп­шілікке мәлім екенін айта кете­лік. Бұл турасында филология ғы­лым­дары­ның кандидаты, белгілі ақын Әділ­ғазы Қайырбеков былай деп жазады: «С.Мұқановтың жеке мұрағатында Ф.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың қатар отырып түскен бір фотосуреті (көшір­месі) сақталған.Оның сыртында «Ф.Дос­тоев­кий и Чокан Валиха­нов
(1858 г., г.Семипалатинск) деп жа­зылған. Бірін-бірі сағынып, көргісі, пікірлескісі келіп жүретін жандар шарқ ұрып, қайта жүз­де­судің амалын іздейді. Бұған ­Шо­қанның мына бір сөздері айғақ: «Семейде сізбен өткізген аз ғана күн маған ұнағаны сонша, енді, міне, сізбен тағы жүздесуді ойлап жүрмін» (1856.05.12. Омбыдан жазған хатынан). Ер азаматтардың бірін-бірі қатты ұнатып, тіпті «ғашық» болуы таңғалдырады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін, Ф.Дос­тоевскийдің хатынан мына бір үзікті келтірейік: «Сіз мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ал мен еш қысылып-қымтырылмай-ақ сізге ғашық болып қалғанымды жасырмай айтамын. Мен ешқашан ешкімді, тіпті туған бауырымды да сізге құштар болғандай жақ­сы көрмеппін. Әрине, сіз ме­нің сезімімнің шынайылығына дәлелсіз-ақ сенесіз, қымбатты менің Уәлихановым». Шын көңілден шығып, жүректі елжіретер осынау шынайы сөздерге тәнті боласыз.

Әу бастағы таныстықтың ма­ғы­на­лы рухани жақындыққа ұласып, биік мақсатқа жетелейтінін қос ұлы тұлғаның өнегесі айғақтайды. Федор Михайлович Шоқан досының еуропаша білім алған бірінші қазақ екенін, оның үстіне тағдыр оны тамаша адам етіп жаратқанын алға тартып, аз ойланып, аз толғанып, алға ұмтыла беруіне, іске батыл кірісуіне кеңес береді. Түсінікті болуы үшін, Ф.Достоевский хатының мына бір бөлігін келтірейік: « ...Сіз өз қызметіңіз туралы және басқа жағдайларда не істеу керектігін сұрайсыз. Жұмыспен айналысуды тоқтатпаңыз. Сіздің қолыңызда материалдар көп: қазақ даласы жайында мақала жазыңыз. Са­ха­раның тұрмысы туралы жаз­са­ңыз, тіпті жақсы болар еді. Бұл жұрт­тың бәрін қызықтыратын жақ­сы жаңалық болар еді. Мысалы, ­Ре­сейде сахара дегеннің не екенін, оның маңызын және өз халқыңыз туралы жерлестеріңіздің арасында алғашқылардың бірі болып айтып жеткізу, бұған қоса өз Отаныңызға ағартушы ретінде қызмет ету, орыс ортасындағы өз халқыңның жоғын жоқтаушысы болу қасиетті іс, ұлы мақсат емес пе? Менің ойымша, істеп жүрген жұмыстарыңызды тастай көрмеңіз». Хат соңын «Қош болыңыз, сүйіктім, өзіңізді құшақтап, он қайтара сүюге мұрсат етіңіз» деген сөздермен аяқтайды.

Осындайда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қазақ даналығы тілге оралады. Бір мүшелден астам жасқа үлкендігі бар Федор Ми­хайлович жас жігіттің бойындағы дара қабілет, дарынды танып, оның дамып-жетілуіне жөн сіл­теп, бағыт-бағдар беріп отырады. Орыстың ұлы жазушысы Ф.Дос­тоевскийдің шапағатына бө­ленген, әрі бойындағы дүлей дарыны дамыл тапқызбаған Шоқан өз бетінше көп оқып, ізденуден, білімін жетілдіруден, тың дерек жинастырудан жалықпады. Айталық, 1862 жылы 14 қаңтарда ол Ф.Достоевскийге: «...Бір немесе екі жылдан соң Петербургке баратын боламыз. Жаңа кітаптармен, жаңа идеялармен қорланып алып, қайтадан ордаға, қырғыздарға ора­лар едік...Оқитын еш нәрсе жоқ. Сізге өтінішім, кейін есептесер­міз, «Времяны» жіберіңіз, егер қаражатың жетсе, маған арнап «Современникті» жаздырып ­жі­беріңіз», деп жазады.

«Қазақ даласы жайында жазы­ңыз...» деп кеңес берген досы Федор Ми­хайловичтің кеңесін жүрек түк­пірінде ұялатқан Шоқан Уә­лихановтың құнды еңбектері авторды көпшілікке әйгіледі. Даланың дара дарыны өзінің тынымсыз ізденісі, қарымды қарекетінің ар­қасында туған елі, адамзат игі­лігі үшін өшпес мұра қалдырды. Қазақтардың шығу тегін зерттеп, зерделеген ғалымның «Қырғыз шежіресі», «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Үлкен қырғыз-қайсақ ордасының аңыздары», «Абылай», т.б. еңбектері дүниеге келді. Сол кезең­нің өзінде Шоқан жазбалары­на шетелдік ғалымдар назар аудара бастады. Бұған академик Ә.Бейсенованың «Орталық Азияны, Қазақстанды және Шығыс Түркіс­тан­ды зерттеуші ретіндегі Ш.Уә­лихановтың ғылыми еңбегін әлем­дік ғылым бірауыздан мо­йындады» деген тұжырымы айқын дәлел.

Тарих ғылымдарының докторы, тұлғатанушы Көшім Есма­ғамбетовтің «Қазақ халқының этногенезі, атақонысы, жер-суы­ның ежелгі атаулары туралы Шо­қан еңбектері болашақ ұрпақ үшін тәуелсіз Қазақстанның территориялық, этностық тұтасты­ғын сақтап қалу жолындағы аса маңызды тарихи құжат болып табылады» деп бағалауында терең мән жатыр. Қазақ даласында дүние есігін ашып, жақсы жандар шапағатына бөленіп, өшпес мұра қалдырған Шоқан Уәлихановтың сол Ұлы дала елінде мәңгі жасай бермегі айдай анық.

 

Биалаш СҮЙІНКИНА,

Білім беру саласының үздігі