Қоғам • Бүгін, 09:30

Күмәнді сілтемеден абай болыңыз!

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жастарды жат әдетке бой алдырудан сақтандыратын «Saqtan» әлеуметтік жобасы аясында кейінгі бір ай ішінде Алматы облысында 500-ден аса есірткі жарнамасы – заңсыз граффити, QR-код және Telegram сілтемелері жойылды. Бұл жұмысқа жас­тардан құралған еріктілер, студенттер және жастар ресурс­тық орталықтарының белсенділері тікелей атсалысып жатыр.

Күмәнді сілтемеден абай болыңыз!

«Көп адам бұл жазуларды жай граффити деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, олар жастарды Telegram арқылы есірткіге тартатын арналардың сілтемесі екенін біле бермейді. Біз кейінгі бір айда облыс аумағынан 500-ден аса осындай жарнаманы өшірдік. Оның ішінде мектеп маңында орналасқандары да болды», дейді жобаның үйлестірушісі Әділет Айтқазы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде «Saqtan» жобасы аясында жастармен тікелей жұмыс істейтін 50-ге жуық ерікті мен білікті маман тар­тылған. Олар күн сайын әлеу­меттік желілерді бақылап, жасырын есірткі жарнамасын анық­тап, жергілікті жас­тармен түсін­діру жұмысын жүргізіп келеді.

«Біз күніне кемінде 10–15 күмәнді сілтемені анықтаймыз. Көп жағдайда олар Telegram-арналар арқылы таратылып, жас­тарды қызықтыратын атау­лармен бүркемеленеді. Жарнамалар мектеп қабыр­ғасына, аялдамаға немесе жатақхана маңына жазылады. Сол үшін әлеуметтік желіні де, көшені де қатар бақылауға тура келеді», дейді еріктілер тобының үйлестірушісі Арайлым Бекова.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта бақы­лаусыз жүруінің алдын алу мақса­тында еріктілер құқық қорғау органдарымен бірге түнгі рейдтерге қатысуды жолға қойған. Бұл шаралар да жобаның маңызды бағыты ретінде жалғасып жатыр.

Жоба аясында Қарасай, Талғар, Іле, Жамбыл, Еңбек­шіқазақ аудандары мен Қонаев қала­сында 7 семинар өткізіліп, 1 мыңға жуық жас пен ата-ана қамтылды. Кезде­су­лерде есірткі қылмысына қарсы күрес жүргізіп жүрген полицейлер, психиатр-наркологтер, депутат­тар, спорт чемпиондары мен есірткіге тәуелділіктен арылған аза­маттар қисық жолға түсудің қиын­дығын мысалға келтіріп, зиянды әдет­тер­дің алдын алу жолдарын түсін­ді­ріп, жастармен ашық пікір алмасты.

Алматы облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқар­масының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның бас­ты мақсаты – жастар арасында нашақорлық, суицид, вейпинг және құмар ойындар сынды зиянды әдеттердің таралуына қарсы тұру және олардың алдын алу.

 

Алматы облысы