Қоғам • Бүгін, 10:00

Жастарға жағдай жасалуы керек

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірлерде жүрген сенаторлар жастар мәселесін де тасада қалдырмады. Олардың мұң-мұқтажын тыңдап, арнайы кездесу өткізді.

Жастарға жағдай жасалуы керек

Сенатор Дархан Қыдырәлі Жамбыл облысында мәдениет саласының өкілдерімен, шығар­машыл жастармен кездесті. Депу­тат жастарға мотивация ғана емес, өзін-өзі танытуға нақты мүмкіндік қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, креативті индус­трияны, мәдениет пен білім беруді дамыту жас отандастарымыздың әлеуетін ашуға негіз болуға тиіс.

«Жастар – өршіл өмірдің бас­ты қозғаушысы. Олардың идея­ларын, шығармашылық бастамалары мен жобаларын қолдау мәдениетке қосқан үлес қана емес, бұл – еліміздің болашағына салынған инвестиция. Біз бірде-бір дарынды жасты назардан тыс қалмауына жағдай жасауымыз керек», деді Д.Қыдырәлі.

Ал Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Олар Подстепновка ауылдық округіндегі Барбастау ауылында ашық су айдындарында форель мен тұқы балығын өсіретін «Barbastau river» кооперативінде болды. Мекеме «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық өсіреді. Депутаттар балық шаруашылығын дамыту мен осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тетіктерін кәсіпорын басшылығымен бірге талқылады.

Сондай-ақ сенаторлар өсімдік шаруашылығына маманданған «Жайна» және «WestAgroFood» серіктестігінде де болды. Онда субсидиялау, сумен қамтамасыз ету және агротехнологияны енгізу мәселелері туралы әңгіме қозғалды.

«Ауыл шаруашылығы мемле­кеттік саясаттың негізгі басым­дықтарының бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда фермерлерді қолдау­мен қатар климаттың өзгеруі­нен бастап азық-түлік қауіп­сіз­дігіне дейінгі уақыттың қате­ріне жауап бере алатын тұрақты жүйе құрып отырмыз», деді А.Өтеғұлов.

Сенат депутаты, Парламенттегі «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының жетекшісі Нұртөре Жүсіп Алматыдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының активімен, этномәдени бірлестіктердің өкіл­дерімен және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Ол ұлт­тық бірлік жай ғана ұран емес, мемлекет дамуының стратегиялық шарт екенін түсіну керек екенін айтты. Өйткені қазір әлемде гео­саяси тұрақсыздық, даралық дағ­дарысы, көші-қон ағыны және радикалды көңіл күй күшейе түсті, сондықтан ішкі ынтымақ пен өзара сыйластықты сақтау аса маңызды.

«ҚХА – тек консультативтік орган емес, ол ар-намыс пен идео­логияның өзегі, ұлттық келісімнің нышаны, тұрақтылықтың стра­тегиялық ресурсы және бола­шақтың кепілі. Оны қолдап, дамыту арқылы біз этносаралық әлемді нығайта түсеміз, қазіргі замандағы егемен, мықты және әділетті Қазақстанның іргетасын қалап отырмыз», деді депутат.

Сенат депутаттары Әли Бек­таев, Мұрат Қадырбек, Алишер Сатвалдиев Түркістан облы­сының Төлеби ауданында болып, өңірдегі кездесулерді жалғас­тырды. Сапар барысында өнеркәсіп, аграрлық және инфра­құрылымдық даму, сондай-ақ сумен жабдықтау және жұмыспен қамту мәселелері басты назарда болды.

«Біз өңірге кездесу үшін ғана емес, сол жердегі өзекті мәселемен танысып, оларды шешу жолдарын бірлесіп іздеу үшін келеміз. Төлеби ауданының 25 мың тұрғынын ауыз­сумен қамтамасыз ету мәселесі жыл­дар бойы күн тәртібінде тұрған еді. Салалық министрлікпен өзара іс-қимыл және меморандумның арқасында нақты жұмыс жасалды», деді Ә.Бектаев.

Сенат депутаттары Ольга Перепечина мен Әсем Рахме­тованың да Солтүстік Қазақстан облысындағы сапары жалғасып жатыр. Олар М.Жұмабаев атындағы ауданда болып, тұрғындармен кездесті.

Сенаторлар Булаев қаласында жол құрылысы жұмысының барысымен де танысты. Депутаттар негізгі учаскелерді көріп, мер­дігерлермен жолықты. Сондай-ақ олар күрделі жөндеу жүріп жатқан перзентхана мен балабақшада, жергілікті орта мектепте болды.

Сенаторлар Булаев қала­сындағы мәдениет үйінде азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар ауылдарды газдандыру және сумен қамтамасыз ету, жедел жәрдем көлігі, кентішілік жолдардың жай-күйі, сондай-ақ хоккей кортының үстіне шатыр тұрғызу қажеттігі туралы мәселелерді айтты. Барлық өтініш депутаттар бақылауына алынып, оларды шешуге тиісті тапсырмалар берілді.