
Айта кетейік, 2019 жылы негізі қаланған Comic Con Astana аз уақытта Орталық Азиядағы ең ірі гик және поп-мәдениет фестиваліне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер мен креаторларды бір алаңда тоғыстырды.
− Comic Con Astana фестиваліне 75 мыңнан астам бірегей келуші тіркеліп, жалпы қатысулар саны 120 мыңнан асты. Бес күнге созылған шарада көрермендер саны күн сайын артып отырды: бірінші күні – 13,5 мың, екінші күні – 15,5 мың, үшінші күні – 14,5 мың, төртінші күні – 19,5 мың және соңғы күні – 12,2 мың адам келді. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – іс-шара алғаш рет бірден екі ауқымды алаңда: «Астана Арена» мен «Барыс Аренада» қатар ұйымдастырылды. Бұл шешім шара ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, келушілерге ерекше әсер мен жайлы жағдай ұсынуға мүмкіндік берді, − дейді ұйымдастырушылар.
Comic Con Astana жыл сайын қонақтар саны, халықаралық жұлдыздар және экономикалық әсері бойынша өсіп келеді. Туристің қаладағы бір күндік орташа шығыны 118 мың теңгені құрайды, ал олардың орташа сапар ұзақтығы – 3 күн. Осылайша, шетелдік қонақтардың келуі арқылы елорда мен жалпы ел экономикасына 3,5 миллиард теңгеден астам түсім түседі деп болжанған. Бұл мұндай ауқымды шаралардың Қазақстанның мәдени және экономикалық дамуына үлкен үлес қосатынын көрсетеді.
Comic Con Astana-2025 фестивалінің басты хедлайнерлері қатарында Энди Серкис («Сақиналар әміршісі», «Маймылдар планетасы», «Бэтмен»), Эсай Моралес («Озарк», «Миссия невыполнима»), Скотт Эдкинс («Неоспоримый» фильмдерінің жалғасы, «Доктор Стрэндж») болды.
Арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Бумажный дом» сериалын түсірген режиссёр Мигель Анхель Вивас, «Гойя» марапатының бес бірдей салтанатты рәсімін ұйымдастырған продюсер Эмилио А. Пина, танымал видеоблогерлер Marmok, Qewbite, Настя Джексон, Антон Милс және әлемге әйгілі косплей шеберлері Яя Хан мен Cinderys және басқа да көптеген жұлдыздар бар.
Фестиваль аясында Қазақстан мен Испанияның алғашқы бірлескен халықаралық жобасы – «Бітім» (La Tregua) фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл жоба Netflix секілді жаһандық стриминг платформасына және халықаралық прокатқа арналған.
Авторлар аллеясында және жәрмеңке аймағында 150-ден астам қазақстандық суретші мен қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Олар – түрлі жанрларда еңбек ететін жас таланттар. Comic Con Astana жас суретшілер, комикс авторлары, аниматорлар, дизайнерлер мен ойын әзірлеушілер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын платформа ретінде өзін көрсетті, себебі олар осы жерде өз аудиториясын, серіктестерін және инвесторларын таба алады.
Фестиваль бағдарламасы да мазмұнды болды. Қонақтар жұлдыздармен автограф-сессияларға және Q&A кездесулеріне, гик-жәрмеңкелер мен мерч-зоналарға, шеберлік сағаттарына, азиялық поп-мәдениет аймағына, гейм-аймаққа, сондай-ақ жүздеген фан-активті шараларға қатыса алды. Басты сахнада шамамен 200 дарынды косплеер қатысқан халықаралық байқау өтті. Жүлде қоры – 15 миллион теңге. Бұл Comic Con Astana фестивалінің ТМД кеңістігіндегі ең ірі косплей алаңдарының бірі екенін тағы да дәлелдеді.
Comic Con Astana – аймақтағы ең ірі гик-фестиваль ғана емес, туризм мен қалалық бизнесті дамыту құралы, қазіргі жастар мәдениетін кең аудиторияға танытудың тәсілі, әрі әртүрлі ұрпақтарды біріктіретін көпір.
− Comic Con-ға келушілер көбінесе отбасымен келеді. Бұл – ата-аналарға балаларының қызығушылықтарын түсініп, сол мәдениетті бірге сезінуге мүмкіндік береді. Біздің фестиваль – жастар мәдениетін көпшілікке таныстырудың жолы. Сонымен қатар, жас авторлар мен креаторларға өзін көрсетуге мүмкіндік алаңы. Ата-аналар үшін бұл – балалардың нені ұнататынын көрудің, олардың қызығушылықтарымен ортақтасудың жолы», – дейді фестивальдің бас продюсері Наталья Абрашкина.
Алдын ала бағалау бойынша, Comic Con Astana-2025 фестивалінің жалпы медиалық қамтуы 200 миллион адамнан асты. Бұл Астананың Еуразиядағы креативті астана ретіндегі беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қала поп-мәдениет жанкүйерлері үшін әлемдік тартылыс орталығына айналып келеді.