Әдебиет • Бүгін, 07:45

Он үш қыздың ерлігі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хакім Абай «Сөз өнері дертпен тең» деп бекер айтпаған. Шындығында, сөзбен ауырған адам одан ешқашан айықпайды. Қанша жасқа келсе де, қолынан қаламын тастамай, жазуды мұрат тұтады. Сондай жазушының бірі – Марат Мәжитов. Жуырда қаламгердің «Қайта оралған аққулар» атты жаңа романы оқырманға жол тартты.

Он үш қыздың ерлігі

Анығында, романда өтпелі шақ­тағы ауыл адамдарының ба­сынан өткен қиындықтар баяндалған. Ондағы кейіпкерлер бей­несі де таныс жандардай жылы әсер қал­дырды. Өйткені біздің  оқушы кезіміз 90-жыл­дардағы осы уақытпен тұспа-тұс келіп, ауылдағы қиыншылықты көрдік. Соның бар­­лығы шығарманы оқығанда көз алды­мыз­да кино таспасындай тізбектеліп өтіп жатты.

Романда туған жерінің аяқ астынан ешкімге қажетсіз болып қалғаны  ауылдағы саналы жастардың ашу-ызасын тудырды. Содан кейін олар қарсы әрекетке көшеді. Шығарманың өн бойында он үш қыздың жоқтан бар жасауға ұмтылысын автор өте нанымды суреттейді. Оқырманды мейлінше сендіреді. Туындыдағы бас кейіпкердің бірі – Биғайша Сақтапбергенқызы. Ауыл жұртының жан-жаққа көшіп, туған жерінің көз алдында тозып бара жатқанына жаны күйзелген бойжеткен бақытты балалық шағы өткен мекенді тастап кете алмайды. Ақыры өзі сияқты он екі құрбысымен бірге ақыл қосып, өз күштерімен белсене іске кіріседі. Бас-аяғы жылға жетпейтін  уақытта ауыл еңсесін қайта тіктейді. Қысқасы, романда он үш қыздың ерлікпен пара-пар еңбегі айшықты көркемделген.

Осы  кітапқа жазған алғы сөзінде белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұрысбек Сәукетай ауылдың күйреуі халқымыз  үшін үлкен рухани апат екенін қаламгер жаны ауырып жазғанын атап көрсеткен.

«Уақытпен есептеспей, күндіз-түні білекті сыбанып жұмысқа кіріскен он үш қыздың хикаяты күллі облыс көлеміне тарап, көпшіліктің ризашылығына, қолдауына бөленеді. Баяғыдай туған ауылдың түтіні тік ұшып, айдың көлге аққу оралатындай, тіршілік думаны бейнебір ертегідей орныға бастайды. Жазушы ерлікке лайық еңбегімен ел тірегі болуға ұмтылған осынау жастардың жасампаздық ғибратын өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсетуді мақсат тұтқан. Шын­туайтына келгенде, бұл шығарма өрнекті өркенді әрі соны дүние екенін ашып айтумыз керек», деп лайықты баға берген.

Сондай-ақ бұл кітапқа автордың ат баптаудың қыр-сырын әңгімелеген «Әбу­дің қос күреңі» хикаяты мен Жұмабай Қартқожақ баласының  басынан өткен өмірінің шым-шытырық оқиғасын арқау еткен «Қарт чекистің әңгімесі» атты шығармасы енген.  Жақында қаламгер редакцияға бас сұққан еді. Сонда тағы бір көлемді дүние бастағанын айтты.