
Рио-де-Жанейродағы жиында қатысушы елдер қарулы қақтығыстардың күшеюі, халықаралық саудадағы протекционизмнің өсуі және геосаяси қайшылықтардың ушығуына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ қоршаған орта, СОР30, жаһандық денсаулық сақтау мәселелері талқыланды. Жиында осы тақырыптар бойынша сөз алған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу экожүйелерді сақтау, ормандарды қорғау, Арал теңізін қалпына келтіру және мұздықтардың еру үдерістерін тежеуге бірлескен күш-жігерді қажет ететінін атап өтті. Министрдің айтуынша, декларация қабылдаудан бұрын нақты әрекетке көшетін кез келді. Осы орайда ол Қазақстан Бразилияның COP30 конференциясын өткізуін қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ М.Нұртілеу Қазақстан Париж бойынша климаттың өзгеруімен күрес бойынша іс-шараларды одан әрі жүзеге асыруға күш салатынын атап өтті.
СІМ баспасөзі қызметінің мәліметінше, министр денсаулық сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Ол мемлекеттерді Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі жаһандық коалицияға қосылуға шақырды. Оның негізі денсаулық сақтау саласындағы маңызды халықаралық құжат – 1978 жылғы Алматы декларациясынан бастау алады.
«Елдеріміз табиғи ресурстарға, білімге және әлеуетке бай. Бірақ ең бастысы бізді ортақ мүдделер біріктіреді. Қазақстан адамзат пен планета игілігі үшін БРИКС-пен серіктестікті нығайтуға дайын. Бірлесе және алдын ала әрекет етейік. Осы орайда барлық елді 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен серіктестікте өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамын», деді СІМ басшысы.
Сонымен қатар министр Азия, Африка мен Латын Америкасындағы Орта державаларының жаһандық шешім қабылдау үдерісіндегі рөлін арттыруды қолдайтынын жеткізді. Осы тұрғыда ол еліміздің бірқатар халықаралық бастамалары, оның ішінде Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуді ұсынды. Бұған қоса министр Қазақстанның БРИКС елдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, цифрлық технологияларды дамытуға мүдделі екенін айтты.
«Қазақстан адамға бағытталған, инклюзивті және орнықты тәсілді ілгерілету жолында ынтымақтасуға дайын. Бұл – адамзат үшін әділетті цифрлық болашақты қамтамасыз ету жолы», деді ол.