
Ұлтын қалың ұйқыдан оятпақшы болған қайраткердің пассионарлық қимыл-әрекеті азаттық алған тұста да, бүгін де ел болашағын ойлаған асыл құндылыққа жалғасқаны анық. Осыны байыптағанда халқының болашағы үшін жанын пида етуден тайынбаған алашшыл қайраткердің көрегендік, ержүректік, саяси алғырлық қасиеттері «мен қазақпын» деген әрбір жүректі атойлай соқтырып, үміт пен сенім қоңырауын безілдете қағатындай әсерге бөлейтіні нағыз табиғи мақтаныштың тербелмелі түйсігіндей сезіледі. Ыбырай білім қоңырауын отарланған қазақ даласында күмбірлетсе, Міржақып ұйқы басқан халқын селт еткізіп оятуға шыбыртқының шартылынан да бетер мәрттікпен «Оян, оян!» деп атойлады абдыраған қазақ еліне. Екеуінің де халқым деп соққан ұлы жүрегі алдамапты, білімді елі уақыт сынақтарына төтеп беріп, бүгінгі егемендіктің тағдырлы туын биікте желбіретіп келеді. Бұдан өткен тарих сыйы болар ма? Ұзағынан сүйіндірсін!
Міржақып мерейтойын зерделеген, жай-жапсарын күйттеген Парламент Мәжілісінің депутаттары Қ.Иса мен Б.Бейсенғалиев те Торғай өңірінде, оның ішінде Алаш арысының кіндік қаны тамған Қызбелде, мәңгілік тыныстап жатқан Бидайық ауылында болып, нақты іс-шаралардың барысын бажайлап келді. Кейбір түйткіл мәселелерге тиісті органдардың назарын аудармақ ойлары барын да жасырмады.
Той алдындағы қарбалас сәттерден туындайтын соны мәселелер де баршылық екенін жете сезінген Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жуырда Астанаға шұғыл жиналып, осындағы бірнеше қаламгердің басын қосып, пікірлесуді жөн санапты. Сонымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті жазушылар Қойшығара Салғараұлы мен Төлен Әбдік, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және осы жолдардың авторы мерейтойға қатысты ойларымызбен бөлісіп, ұсыныстарымызды айттық.
Алдымен облыс әкімі Қ.І.Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайынан кең түрде әңгіме қозғады. Тойдың таралғысындай білінген бұл табыс бедерлері көңілді өсіріп жіберді. Өңір өндірісі мен өнеркәсібі, құрылысы мен көліктік көкжиегі кеңіп, ауыл шаруашылығының перспективалық ілгерілеуі анық байқалады. Бүгінде Қостанай облысы машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қара металлургия саласындағы еліміздің жетекші индустриялық орталықтарының бірі болуға сенімді түрде қадам басып келе жатқаны қызықтырады. Қазіргі таңда облыс азық-түлік пен автомобиль өндірісі көлемі бойынша жетекші орынға ие болып отыр. Өңірде республикалық көрсеткіштерден 67 пайыз темір кені концентраты, 80 пайыз темір кені және 100 пайыз түйіршіктас, боксит пен асбест өндіріледі. 19,3 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 13,3 мыңы – тұрақты негізде. Биыл 4 жаңа зауыт іске қосылады. Олар «КІА» зауыты, жүк техникасына арналған жетекші белдіктер мен жеңіл автомобильдерге сәйкестендірілген автокомпоненттер зауыты, сондай-ақ кондитерлік өнімдер шығаратын зауыт. Осылайша, 4 мыңға жуық тұрақты жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл ыстық брикетті темір зауыты, болат балқыту зауыты және «Құрғақ порт» көлік-логистиалық орталығы болмақ.
Ал ауыл шаруашылығы саласында осы жылы үш ірі сүт фермасы іске қосылатын болады. Барлық жобаларды ең алдымен энергия көздерімен қамтамасыз ету қолға алынып жатыр. Сөйтіп, баламалы энергия көздерін енгізу бойынша 6 ірі жобаны іске асыру қазірдің өзінде басталып кетті.
Жалпы, кейінгі екі жыл ішінде 58 әлеуметтік нысан салынды. Жыл соңына дейін тағы он нысанның ашылуы жоспарланған.
Осындай көңіл өсірерлік көрсеткіштерге жалғасқан әңгіме Міржақып тойының дайындығы барысына ұласты. Қойшығара Салғараұлы тарих қатпарынан Алаш арыстарының әлі де беймәлім деректерін аршып алу тұрғысында көп ізденіс қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Әділетті Қазақстан тұсында шыққан «Алашорда ісі» көптомдығының маңызын баса айтты. Сондай-ақ өзінің зерттеу еңбектеріндегі қазақ тарихына қатысты өзекжарды мәселелердің әлі күнге тасада қалыңқырап, тіпті мектеп оқулықтарына енгізілмей жүргенін жауапты орындар тарапының енжарлығына балады. Тарихын бағалаған елдің өрісі кең екенін алға тартып, тәуелсіз еліміздің жаңа тарихын жазуда жаңашылдықты, елдік парасатты басшылыққа алуды ескертті. Осы ретте Міржақып мұрасы телегей теңіз және көп салада басшылыққа алатын негіз деп түйіндеді сөзін қаламгер-ғалым.
Ал көрнекті жазушы Төлен Әбдік Міржақыптың «Қайда едің?» өлеңін жатқа айта келіп, «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып Алаш жүргенде, Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын, сонда қайда едің?» деген шумақтарының кең диапазонына талдау жасап, билік пен халық арасының бекемдейтін тұстарының әлі де болсын жеткілікті екенінен сыр аңғартты. Сондай-ақ ол кадрлардың адамгершілік қағидаттарына аса берік болуына көп нәрсе байланысты екенін де тілге тиек етті. Ал Міржақып тойының туған өңірі аясында қалып қоймай, ел көлемінде кеңінен тойланғаны дұрыс болар еді деген ұсыныс айтты.
Айтыстың ақтангері Әсия Беркенова бұл мерейтойдың ұлт рухын асқақтатарлық рөліне тоқталып, Міржақыптай тіл білгірінің таңдаулы сөздерін актив қолданысқа енгізудің жөн-жобасын саралап берді. Әрине, бұл ой қазіргі айтыс өнерінің дамуына берік тетік боларлық мүмкіндіктерді нұсқағандай еді.
Біздің тарапымыздан айтылған Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби-мәдени шығармашылық орталығын салу туралы ұсынысқа Құмар Іргебайұлы бірден қолдау білдірді. Сонымен бірге Міржақыптың кесенесі мен музейі орналасқан Бидайық ауылындағы аз ғана түтінді көздің қарашығындай сақтап, жаңа отбасылармен толықтыру үшін несие беру арқылы сырттан егін шаруашылығымен айналысуға, мал өсіруге адамдарды тарту жайы да шешімін табатын болды.
Қаламгерлермен кездесу соңында Қостанай қаласында орнатылатын Міржақып Дулатұлы ескерткіші жобасының бірнеше нұсқасы сарапқа салынды.
Қайсар ӘЛІМ,
міржақыптанушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері