
Суретті түсірген – Юрий БЕККЕР
Беларусь елінің көрермендері мен қазылар алқасын өнерімен тәнті етіп, Қазақстанның абыройын асқақтатып келген талантты әншіні кеше Алматы әуежайынан филармония ұжымы мен облыс әртістері көк туды желбірете, ән-жырдан шашу шашып, салтанатпен қарсы алды. Алмагүл Батталиева – Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының түлегі, Жетісу облыстық филармониясының беткеұстар әншісі. Аймақтың мәдени шараларына белсенді атсалысып, вокалдық тұрғыдан күрделі халық әндерімен бірге, әлемдік және ресейлік хит әндерді де орындап, қуатты дауысымен және харизмасымен көрермен ықыласына бөленген жас талант.
«Байқау барысында қатты қобалжыдым. Ел намысын қорғау – үлкен жауапкершілік әрі үлкен мәртебе. Сенімді ақтадым деп ойлаймын. Себебі елімізде талантты әншілер көп болғандықтан, ұлттық іріктеуден өту оңай болған жоқ. Бұл – қатаң бәсеке, ал бәсеке бар жерде, даму бар. «Славян базарында» Stevie Wonder-дің әлемдік хит әні мен ақтық сында «Вечность» әнін орындап, жеңіс тұғырынан көріндім. Мен бұл жеңіске ұзақ жүріп жеткендеймін. Себебі әнді бала күнімнен айтамын. Менің алдымда «кім боламын? Қандай мамандыққа қол артамын?» деген сұрақ тұрған емес. Өйткені кішкентай кезімнен әнші болатынымды білдім. Биылғы «Славян базары-2025-те» туымызды желбіреткеніме қуанамын», дейді Алмагүл Батталиева.
Үш күнге созылған халықаралық ән додасының жеңімпаздары: 1-орын Беларусь елінің әншісі Валерия Бернатовичке табысталып, 2-орынды Армения әншісі Давид Киракосян мен Италиядан Доменико Барбеар бөлісті. 3-орынды ресейлік Эрик Ахметов пен Қырғызстаннан келген Рыскелді Старбеков иеленді.
Әлемнің көптеген талантының бағы мен жолын ашқан мәртебелі байқауда өнер керскеткен Алмагүл Батталиева кәсіби даралығы мен табандылығының арқасында әлі талай әлем сахналары төрінен ән шырқап, ұлт абыройын асқақтататынына сенімді.
АЛМАТЫ