
Өткен аптада Президенттің баспасөз қызметі: «Мемлекет басшысы халықтан келіп түскен көптеген шағымға байланысты Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екеніне Үкіметтің назарын аударды. Атап айтқанда, қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды», деп мәлімдеді.
Расында, көлге қатысты қордаланған бірқатар күлбілтелі мәселе бар. Бірінші кезекте, санитарлық талаптардың сақталмауы алаңдатады. Көл маңындағы демалыс үйлері жобалық-сметалық құжаттамаға сай салынбаған. Көбі ретсіз орналасқандықтан, кәріз жүйесіне қосылмаған. Лас су әр мекеменің жеке шұңқырларына құйылады.
Сол шұңқырлар толған жағдайда лас су тікелей Қабанбай ауылының кәріз төгетін орнына бағытталады. Ол өз кезегінде белгіленген нормадан асып түсетінін ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері айтып келеді. Кейбір септиктерден шыққан лас су тікелей көлге құйылуы мүмкін деген қауіп бар. Екіншіден, жағажай бойында биодәретханалар жеткіліксіз. Демалушылар санына шаққанда санитарлық тораптардың саны сын көтермейді. Үшіншіден, қоқыс мәселесі де өзекті. Көл жағасынан жиналған қалдықтар Қабанбай ауылындағы полигонға жеткізіледі. Алайда оның өзі белгіленген қуатынан асып түскен, сол себепті бейберекет, рұқсатсыз қоқыс тастайтын орындар пайда болған. Төртінші, маңызды жайт – электр қуаты. Қазір демалыс орындары Қабанбай ауылынан тартылған желіге тәуелді, бірақ ол ауылдың өз қажетін әрең өтеп отыр. Туристік инфрақұрылымның дамуына бұл да – кедергі. Сонымен қатар мамандар аралда ұя салатын реликт құстардың саны жылдан-жылға азайып бара жатқанын да ескертіп келеді. Бұл мәселелер биыл ғана туындаған жоқ. Алакөл жағалауы 2018 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген.
Абай облысының әкімі биыл наурыз айынан бері туристік аймаққа үш мәрте барып, жағдаймен танысқан. Нәтижесінде, жағалауды ретке келтіруге, көктемде Арбат алаңын жөндеуге, жаңа қоғамдық кеңістік құруға 658 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Кейін қосымша 300 млн теңге қарастырылды. Алакөлдің жағасында күніне 15-20 мың адам демалады. Былтыр бір маусымда шипалы суға түскен турист саны 2 миллионға жуықтаған. Биыл еліміз бен алыс-жақын шетелден келетін демалушылардың саны былтырғы көрсеткіштен де асады деген болжам бар. Сарапшылар қаралған қаражаттың Алакөл жағалауының тозған инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға, жоғарыда аталған проблемаларды толық шешуге жеткіліксіз деген пікірде.
141,6 млн теңгеге Қабанбай ауылында өрт сөндіру депосының құрылысы, 57,7 млн теңгеге көл жағалауында құтқару стансасы салынады. Тағы 100 млн теңге туристік аумақты дамытудың бас жоспарын әзірлеуге бағытталған. Биыл жағажай аумағында 25 киім ауыстыру кабинасы, 100 қоқыс контейнері, 2 биодәретхана,
10 санитарлық торап орнатылып (саны 18-ге жетеді), жеті пирстің үшеуі салынды. Жарық түсіріліп, құтқару мұнаралары қойылды. Арбат аумағында тазалық жұмыстары әр 30 минут сайын, жағалауда күніне үш рет жүргізіледі. Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алакөл жағасынан күніне 10 тонна
тұрмыстық қатты қалдық шығады.
Алакөл – еліміздегі шипалы көлдің бірі. Оның экологиялық, туристік маңызын ескере отырып, бұл мәселені тек облыс шеңберінде емес, Үкімет аясында қарастыру қажет деген ой жиі айтылады. Көлдің бірегейлігін сақтау – ұлттық деңгейдегі міндет сатысында болуға тиіс.
Алакөлдің жағдайымен танысу үшін туристік аймаққа арнайы келген үкіметтік делегация Абай, Жетісу облыстарындағы Алакөл жағасындағы курорттық өңірлерде көшпелі жиын өткізіп, тексеріс жүргізді. Жауапты мамандар жоғарыда біз айтқан мәселелердің барына көз жеткізіп, туристердің шағымы орынды екенін пайымдады. Кейбір жағажайларда санитарлық-гигиеналық тораптар, душ кабиналары, қоқыс жәшіктері, арнайы белгілер мен қоршаулар жоқ. Су көліктеріне бақылау жеткіліксіз. Құтқару мұнаралары мен ақпараттық құралдар тапшы. Қауіпсіздікке қойылатын негізгі талаптар сақталмай отыр.
Вице-премьер Ермек Көшербаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында Алакөл инфрақұрылымын жаңартып, мәселені шешу жөніндегі жаңа жобаны талқылады. Мұнда басты назар демалушылардың қауіпсіздігіне аударылады. Қазір бұл аумақта өрт сөндіру орны мен құтқару бекетінің құрылысы басталып кеткен. Сонымен қатар электр энергиясы тапшылығын шешу мақсатында жаңа «Алакөл» қосалқы стансасы мен жоғары кернеулі желілер құрылысына жобалар дайындалды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың қазан айында аяқталады.
– Халыққа ең қажеттісі – қарапайым, қолайлы жағдай. Мысалы, қоқыс жәшіктері, киім ауыстыратын орын, әжетханалар. Қауіпсіздік жағынан – бақылау мұнаралары. Бұл мәселелер жөнінде әкімдіктерге нақты тапсырма берілді. Олар кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде түзеуге тиіс. Халыққа қарапайым әрі қауіпсіз демалыс жағдайын жасауымыз керек, – деді Туризм және спорт министрі.
Министр бірқатар курортты өңірде қызмет көрсету деңгейі заман талаптарына сай келмейтінін, «Туристік қызмет туралы» заңға міндетті стандарттар енгізу, өкілеттіктерді кеңейту, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған түзетулер әзірлеп жатқанын жеткізді.
– Туризм – экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан осы салада нақты, жүйелі қадамдар қажет. Жаңа өзгерістер отандық, шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді Е.Мырзабосынов.
Сапар барысында табиғи факторлар да назардан тыс қалмады. Мәселен, Балқаш көлінде су деңгейі тұрақты болғанымен, Алакөлде жиі құбылып тұрады. Бұл жағалау сызығының ауытқуына, инфрақұрылымдардың орнын алмастыруға мәжбүр етеді. Е.Көшербаев жаңа нысандарды салу кезінде табиғи факторларды есепке алып, ғылыми, инженерлік есептеу қажет екенін айтты.
Үкіметтік делегация тексерістен соң жергілікті атқарушы органдарға жағажай аумағындағы санитарлық жабдықтауды күшейту, қауіпсіз шомылу аймақтарын нақты белгілеп, арнайы белгілер желісін ұзарту, киім ауыстыратын орындар, душ кабиналары, басқа да абаттандыру элементтерін орнату мүмкіндігін қарастыруға қатысты бірқатар тапсырма берді. Алакөл жағасындағы кемшіліктерді жоюға нақты мерзім белгіленді. Министрлік тапсырманың орындалуын жіті қадағалап отырады. Демалыстың сапасы мен қауіпсіздігі Үкімет пен министрліктің ұдайы бақылауында болады.
Абай облысы