
Қазақстан мен Қытайдың туризм индустриясы өкілдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналған форумға екі елдің жетекші сарапшылары, туроператорлары, қонақүй бизнесі мен «Ctrip», «Tongcheng», «JD Travel» тәрізді ірі технологиялық компанияларының өкілдері қатысты. Басқосу аясында «Kazakh Tourism» мен «Zowoyoo» компаниялары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат еліміздің туристік әлеуетін Қытай нарығында цифрлық форматта дәріптеуге, Қытайдан туристерді белсенді тартуға бағытталған.
Тараптар алдағы уақытта саяхатшыларға бейімделген заманауи цифрлық экожүйені дамытады. Серіктестік аясында еліміздің Қытайдағы «Douyin» (TikTok-тың баламасы), «Xiaohongshu» (Little Red Book) тәрізді танымал платформаларда, басқа медиаарналарда ұсынылуын кеңейту қарастырылған.
«Zowoyoo» Қытай қолданушыларының цифрлық мінез-құлқын жақсы түсінеді. Бұл бізге жаңа буын туристерінің талғамы қалыптасатын негізгі платформаларда барынша жеке стратегия құруға мүмкіндік береді. Осылайша, біз әрбір саяхатшыға бейімделген тәжірибе ұсынып, олардың сапарды жоспарлауын едәуір жеңілдетеміз», деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы.
Қытай делегациясына еліміздің туристік әлеуеті таныстырылып, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Панельдік сессиялар барысында екі негізгі тақырып: туризм экожүйесінің цифрлық трансформациясы, заманауи медиалар арқылы маркетингтік ілгерілету көтерілді.
Форум екі ел арасындағы туризм мен мәдени байланыстарды дамытуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.