Заң • Бүгін, 08:45

Осал топтарды қарызданудан қалай қорғаймыз?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлеуметтік теңдік – зайырлы мемлекеттің басты қағи­дат­­­та­рының бірі. Әсіресе қоғамның осал топ­та­рының құқы­­­ғын қорғау, оларды қолдау, ортаға бейімдеу өрке­ниет­­ті елдің өлшемі саналады. Алайда кейінгі жылдары Қазақ­­стан­да осы санаттағы азамат­тар қаржы ұйым­да­­ры­ның қысы­мынан зардап шегіп жатыр. Бұған не себеп?

Осал топтарды қарызданудан қалай қорғаймыз?

Ресми дерекке сүйен­сек, елімізде әлеу­меттік жағынан осал санаттағы 3,2 миллионнан аса азамат тұрады. Бұл қатарға зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы­лар мен әлеумет­тік көмек алушылар жатады. Олардың басым бөлігі үшін зейнетақы мен жәрдемақы – жалғыз табыс көзі. Бірақ бұл қаражат бүгінде несие жабуға жұмсалып, біраз отандасымыз күнкөріс деңгейінен төмен жағдайда қалып отыр.

Мәселе Мәжіліс мінберінде де көтерілген еді. Депутат Ерлан Стамбеков Қаржы нары­ғын реттеу агенттігіне, Әділет министрлігіне және Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігіне арнайы сауал­ жолдап, елдегі әлеуметтік осал топтардың, әсіресе зей­нет­керлердің қар­жы­лық жағ­дайын банк секторының пайда көзіне айналдыруды тоқтатуды талап етті. Сөз арасында ол осын­дай жағ­дай­ға тап болған аза­мат­тардың есімдерін де атады.

– Алматы қала­сында ту­ға­­нынан ІІ топ­ мүгедектігі бар Жантөре Ходжа­бер­ге­нов­тен сот шешімімен
15 млн­ теңге «СейфЛомбард» пай­дасына өндірілді. Жеке сот орындаушысы оның мүгедектігі бойынша алатын зейнетақысынан 100% мөлшерінде ұстап отырған. Тағы бір мысал, Ирина Скрип­никова есімді зейнеткер алаяқ­тардың құрбаны болып, 72 жа­сында тұтынушылық несие рәсімдеген. Несие берген банк Хоум кредит банкі оның жалғыз табыс көзі зейнет­ақы­сын негізге алған, – дейді мәжі­лісмен.

Ол белгілі бір деңгейде шара­лар қабылданып жат­қаны­мен, осындай әлеуметтік осал азаматтардың қарызға бел­­ше­сінен батып жатқан жағ­дай­­­лары әлі де жиі кездесетінін айтты.

– Біз қаржылық қызмет тұтыну­шы­ларының құқық­тарын қорғау үшін бірқатар шара қабылдап келеміз. Алайда соның өзінде қоғамның ең әлсіз және қорғалмаған азаматтар­ға қарыз қақпандарын құру тәжірибесі жалғасып отыр. Бір уақ ой елегінен өткізіп көрсеңіздер. Қазір несиелер нақты төлем қабілетінсіз, жеке мүлік кепілдігімен беріледі, тіпті ол жалғыз пәтер болса да. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есептеледі, бұл кей жағдайларда КДН (қарызды өтеу нормасы) талаптарына мүлде кірмейді. Ал соңында сол әлеуметтік төлемдердің өзінен қарыздар өндіріп алынады, – деді Е.Стамбеков.

Бұл уәжге Мәжіліс депутаттары Таңсауле Серіков пен Кенжеғұл Сейтжан да үн қосты. Олар бірлесе түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болар ұсыныстарын да әзірлеген.

– Әлеуметтік осал санат­тағы азаматтар (ӘОСА) үшін банкроттық рәсімін жеңілдету – 12 ай мерзімді күту талабынсыз, қарапайым схема арқылы жүзеге асыру. Зей­нетақы мен жәрдемақыны төлем қабілетін есептеу кезінде кіріс ретінде тануға заңмен тыйым салу. Несиелер бо­йынша берешекті өтеу үшін зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден қаражат өндіріп алуға заңмен тікелей ты­йым енгізу. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу агенттігін, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігін, Әділет министрлігін мынадай бағыт­тарда терең талдау жүргізуге шақырамын. Осылайша, әуелі әлеуметтік осал топтардың борыш жүктемесінің ауқы­мын анықтау, зейнетақы мен жәрдем­ақыны жалғыз табыс көзі ретінде қорғау­дың тиімді механизмдерін әзірлеу керек. Біз қоғамның ең әлсіз мүше­лерін креди­тор­лардың пайда көзіне айналдыру тәжі­ри­бе­сін тоқтатуымыз қажет. Бұл – мораль­­дық, құқықтық және әлеу­меттік жауап­кер­шілік мәсе­лесі, – деп түйіндеді депутат.

Депутаттық сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жауап қатты. Ол Әлеуметтік кодекстің 117, 174 және 203-баптарына сәйкес зейнетақылардан, мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеу­мет­тік жәрдемақылардан, еңбек­ке қабілеттілігінен айырылу жағдайына байланысты тағайы­н­далатын әлеуметтік төлемдерден ұстап қалуға тек атқа­ру­шылық іс жүргізу негізінде жол беріле­тінін алға тартты.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орын­даушылары­ның мәртебесі туралы» заңына сәйкес әлеуметтік төлем­дер­ден ұстап қалу белгіленген сома­ның 25%-ынан аспайтын мөл­шерде жүргізіледі, ал зей­нет­ақыларынан ұстап қалу бел­­гіленген соманың 50%-ынан аспауға тиіс. Сонымен қатар асыраушысы­нан айырылу жағдайы бойынша мемле­кет­тік әлеуметтік жәрдемақы мен әлеу­меттік төлемнен және әлеуметтік төлем­дер мен балалы отбасыларға бері­летін жәрдемақылардан ұстап қалу жүргі­зіл­мейді. Жәрдемақыларды төлеу оларды зей­нетақы мен жәр­демақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шот­тарына аудару жолымен жүргізіледі. Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мақ­са­тында зейнетақы және әлеуметтік төлем­дерді алушылар міндетті түрде мемлекеттік бюджет немесе Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қоры қаражаты есебінен төле­не­тін жәрдемақыларды, әлеу­меттік төлемдерді есептеу үшін жеке банктік шот ашу мүмкіндігі туралы хабардар етіледі. Мұндай шотта орналастырылған қаражатқа үшін­ші тұлғалардың өндіріп алуына жол берілмейді», делінген депутаттық сауалға берілген жауапта.

Әрине, бұл мәселе бір министрліктің құзыретімен шешілмейді. Сондықтан бүкіл мемлекеттік жүйе үйле­сімді жұмыс істеуге тиіс. Яғни заңнамалық база мен әлеу­меттік саясатты жетілдіру, қаржы институттарының әре­кет­терін қатаң бақылау, сон­дай-ақ азаматтардың қар­жы­лық сауатын арттыру бағы­тындағы кешенді шаралар қа­жет. Осы мақсатта әлеуметтік осал топтарға жататын немесе төтенше жағдайдан зардап шеккен отандастарымыздың несиесін шегеру туралы құжат қоғамдық талқы­лауға ұсынылған. Онда комиссиясыз кемінде үш ай мерзімге кейінге қалдыру қарастырылған. Егер ұсыныс қол­дау тапса, азаматтар дефолтқа ұшы­рамай, болашақта қайта төлеу мүм­кіндігін сақтап қалады. Ендеше, қоғам­да әлеуметтік тұрақтылық орнайды деген сөз. Бірақ мұның екінші тұсы да бар. Сарапшылардың айтуынша, ком­мер­циялық банктер уақытша табыс­тан қағылады, бұл олардың несие беру бел­сен­ділігіне әсер етуі ықтимал. Тіпті кей азаматтар жеңілдікті пайдаланып, жауап­кершіліксіз несие алуға бейімделуі де мүмкін. Бұған қоса мемлекет банкке өтем­ақы төлейтін болса, бұл бюджет­тік шығын­дарды арттыратын көрінеді. Демек әлеуметтік қолдаудың әділ әрі тиімді болуын қамтамасыз ету үшін несие­­лердің нақты мақсатын мұқият зерт­­т­еп, құқықтық тетіктерді жетілдіру қа­жет. Бұл өз кезегінде мемлекет­тік ре­сурс­­тарды тиімді пайдаланып, шынайы мұқ­таж азаматтардың ғана қорғалуына жол ашады.