Заң • Бүгін, 08:48

Ұқыпсыздың малы – ұрының «наны»

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір облыста бұрынғыдай емес, мал ұрлығы деректері азайып келеді. Әрине, бұл – ең әуелі осы бағытта облыстық полиция департаментінің жедел-профилактикалық шараларды жүйелі түрде жүргізіп келе жат­қа­ны­ның арқасы. Полицейлер қабылдаған іс-шаралар нәтижесінде жыл басы­нан облыс көлемінде мал ұрлығы дерегі айтарлықтай төмендеген.

Ұқыпсыздың малы – ұрының «наны»

Дегенмен тұрғындар тарапынан «Айдай салдан аз өлді, көре салдан көп өлді» дейтін қамсыздық тыйылмай тұрғанын да айта кеткеніміз артық болмас. Олардың малының қолды болғанын кеш байқап, полицейлерге уақыт өткізіп барып хабар беруі де талай қылмыстың дер ке­зінде ашылмауына себеп болып отыр. Өз бетінше іздеп, табанынан таусы­лып жүргенде ұрланған мал мен ұры­ны іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақ­тар мен іздер жоғалып кететіні де бар.

Осыған дейінгі полицейлер әр ауыл­да міндетті түрде бақташы қою туралы сан мәрте ұсыныс берген. Тіпті оған жұмыссыз азаматтарды тарту арқылы ұрлықты та азайтып, жұмыссыздық көрсеткішін де төмендетуге болатынын да айтқан. Әуелгіде баяу жүрген бұл іс қазір қалыпқа түскен сияқты. Полиция мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактиканы күшейтуден бөлек бақта­шылармен де сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Оларға мал ұрлығы жасалған жағдайда қан­дай жаза қолданылатынын түсіндіріп, тиісті ережелер жазылған жадынама қағаз­дар таратты.

Әрине, ұрының көзіне әуелі қараусыз жүрген мал түседі. Оны бір-екі күн барлап, ізінде жүрген ешкімнің жоғын байқағасын ыңғайын тауып алып кетеді. Осыдан да белгіленбеген орындарда жайылып жүрген малына қарамаған ­
215 адам әкімшілік жауапкершілік­ке тартылды. Ветеринария қызметкерлері­­мен бірлесіп атқарылған рейдтік іс-ша­ра­лар барысында жалпы 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталыпты. Оның ­
93-і – мал немесе ет өнімдерін заңсыз ­тасымалдау дерегі.

Апта сайын полиция қызметкер­лері облыс орталығындағы КБИ шағын ауданында орналасқан базарға мал тасығандарды тоқтатып, малдың құжат­та­рын тексереді. Осы жылы жедел-іздес­тіру бөлінісі қызметкерлері мал ұрлығын кәсіп қылған 4 топты ұстады. Сырдария аудан­дық полиция бөлімі – 8, Шиелі АПБ – 3, Қазалыда – 1, Қармақшы аудандық поли­ция бөлімінде 2 эпизодтық қылмыс ашы­лып, қазіргі осы деректер бойынша тер­геп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Тіпті қайыру көрмеген малдың күре жолға шығып кетіп, талай апатқа себеп болып жатқаны да бар. Жыл басынан бері осындай 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 2 адам түрлі жарақат алған. Облыстық мәслихаттың 2020 жыл­ғы 21 қазандағы №473 шешімімен ай­мақ­та ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағи­даларын бекіту туралы ереже әзір­­­­ленген. Қазақстан Республикасы Әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы Кодек­сінің 408-бабының талаптарына сәй­­кес облыстық полиция департаменті жыл басынан ережені сақтамаған 313 мал иесін әкімшілік жауапкершілікке тарт­қан.

«Қала, аудан орталығында орна­ласқан мал базарлар мен оған келетін күре жолдарда, ет сату орындарында жүйелі түрде рейдтік іс-шара­лар жал­ғаса береді. Жедел-профи­лак­ти­ка­лық шаралар аясында бұрын жасалған мал ұрлық­тарының 7 дерегі ашылды. Мал ұрлық­тарының алдын алу және ашу бағытында жұмыстар нәтижесінде пада ұйымдастырылып, бақташылар белгіленді. Бұрынғыға қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс біраз жүйеленді. Дегенмен мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексерілсе де әрбір тұрғын қора мен өрістегі малына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын күшейткені жөн», дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов.

 

Қызылорда