Кино • Бүгін, 12:15

New York Film Academy-дің филиалы жас таланттарға грант ұсынады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Креативті индустрия – бүгінгі күннің ең серпінді әрі әлеуетті бағыттарының бірі. Осы салада жаһандық көшбасшылардың тәжірибесін Қазақстанда дамытуға жол ашатын ірі жобалардың қатарында New York Film Academy-дің елімізде ашылған филиалы ерекше назар аудартады. Бүгінде аталмыш академия отандық жас таланттарға арнайы гранттар ұсынып отыр, деп жазады Egemen.kz.

New York Film Academy-дің  филиалы жас таланттарға грант ұсынады

Қаскелеңдегі халықаралық деңгейдегі білім

New York Film Academy (NYFA) – кино, анимация, гейм-дизайн сынды салалар бойынша әлемдік деңгейдегі кәсіби мамандар даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. Биыл осы академияның Қазақстандағы ресми филиалы – NYFA Kazakhstan өз жұмысын бастады. Ол Каскелен қаласында, Energo University жанындағы Dala.edge креативті технологиялар паркінің негізінде орналасқан.

Бұл – Азия құрлығындағы NYFA-ның алғашқы әрі жалғыз кампусы. Оқу орнының ашылуы биылғы 1 наурызда Нью-Йорк киноакадемиясының президенті Майкл Янгтің қатысуымен өткен онлайн рәсімде ресми бекітілді.

Гранттық бағдарлама кімдерге арналған?

Жаңа оқу жылы қарсаңында Dala.edge паркі мен NYFA Kazakhstan жас таланттар үшін арнайы гранттық бағдарлама жариялады. Аталған конкурсқа креативті индустрияға қызығушылық танытқан, өз мүмкіндігін сынап көргісі келетін жастар қатыса алады. Бұл бағдарлама шығармашыл жандарға әлемдік деңгейдегі білімді ел ішінде алуға жағдай жасап отыр.

Гранттар екі бағыт бойынша берілмек:

  • 3D-анимация және визуалды эффектілер (3D Animation and VFX);

  • Гейм-дизайн (Game Design).

Бағдарлама аясында толық (100%) және жартылай (50%) гранттар ұсынылады. Жеңімпаздар бір жыл бойы аталған бағыттар бойынша білім алуға мүмкіндік алады.

Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер 1 тамыз 2025 жылға дейін kaz.nyfa.edu ресми сайты арқылы өтініш беріп, өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынуы тиіс. Өтініш қалдырған әрбір талапкер автоматты түрде гранттық байқауға қатысушы ретінде тіркеледі.

Айта кету керек, оқыту бағдарламаларын тәжірибелі америкалық оқытушылар жүргізеді. Ал соңында берілетін халықаралық үлгідегі сертификат NYFA-ның Нью-Йорк және Лос-Анджелес қалаларындағы кампустарында табысталатын құжаттармен тең дәрежеде танылады. Бұл – кәсіби мансапты әлемдік аренада жалғастыруға жол ашатын ресми құжат.

Грант иегерлері оқу бағдарламасынан тыс, Dala.edge экожүйесінің толыққанды мүшесі атанады. Бұл дегеніміз – креативті жобаларға қаржылай қолдау, техникалық базаға (студия, жабдық, цифрлық құралдар) қолжетімділік, кәсіби менторлық және салалық қауымдастықпен байланыс мүмкіндігі беріледі.

Мұндай интеграция жас мамандардың тек білім алуымен шектелмей, бірден шығармашылық индустрияның өндірістік үдерісіне араласуына жол ашады. Бұл – Қазақстандағы креативті экономиканың дамуына серпін беретін нақты қадам.

Еліміздегі  NYFA филиалының ашылуы мен гранттық бағдарламаның іске қосылуы – тек білім беру саласы үшін емес, елдегі креативті экономиканың қалыптасуына да маңызды оқиға. Жаңа толқын – жаңа индустрияның қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, NYFA Kazakhstan ұсынып отырған бағдарлама – әлемдік тәжірибе мен жергілікті таланттың түйісу нүктесі.