
Аңыздарға арқау болған, тастарындағы петроглифтерімен үнсіз сыр шертетін, арасан бұлақтарымен шипа дарытқан, көне өркениеттердің ізімен тарих тұнған бұл өлкеден шыққан әулетке терең дүниетаным, қажырлы еңбек, төзімділік пен нәзік те көркем талғам дарыған. Көрмеге әулеттің бірнеше буыны – аға ұрпақтан бастап шөберелерге дейін қатысып отыр. Олардың қатарында соғыс ардагері, суретші әрі өнертапқыш Ахметқали Қасымбеков және оның ұрпақтары: балалары Болат, Манарбек, Жанаргүл, Бегайым, немерелері Айғаным Дулатқызы, Гүлмира Аппасова, Назерке Манарбекқызы, Ілияс Слямғазы, Өркен Қасымбеков, Әдемі Нұртілеу, сондай-ақ шөберелері – Хамза Дулатұлы мен Ален Избасаров бар. Экспозиция қолданбалы өнер, мүсін, зергерлік өнер және дизайн салаларындағы туындыларды қамтиды. Әулет мүшелерінің шығармашылығы шеберлік деңгейінің жоғары болуымен, стильдік сан алуандығымен және материалға деген терең құрметімен ерекшеленеді. Көрмеге келушілер көркем тілдің уақыт ағымындағы эволюциясын, әр автордың дара шығармашылық қолтаңбасын, сондай-ақ отбасылық дәстүрлердің әр туындыда қалай көрініс табатынын тамашалай алады.
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Қасымбековтер әулетінің шығармашылығын таныстыруға арналған «Өнерлі әулет өрнегі» көрмесінде мүсінші Болат Қасымбековтің өнері ерекше орын алады. Назарға автордың әр кезеңдегі – ертеректегі және кейінгі жылдардағы жұмыстары ұсынылған. Олардың қатарында: «Қорқыт» (2013), «Абыз ата» (қола, 2012), «Алма ұстаған бала» (гипс, 2012), «Абай Құнанбайұлы» (гипс, 2019), «Дінмұхамед Қонаев» (гипс, 2020), «Шахмат фигуралары» (қола, 2023–2024), сондай-ақ 2024–2025 жылдары жаңадан қоладан құйылған туындылары бар. Көрмеде Алматы, Ұзынағаш, Жаркент және Маңғыстау қалаларында орнатылған монументалды шығармалардың фотоматериалдары қойылған: «Елтінді батыр» (2006), «Шоқан Уәлиханов» (2008), «С.Нұрмағамбетов» (2013), «Бағай батыр» (гранит, 2004) және басқалар.
«Өнерлі әулет өрнегі» — бұл тек көркем жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге отбасылық дәстүрлердің, рухани құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншіліктің қуатын бейнелейтін шығармашылық әулеттің тірі шежіресі. Көрме мәдениеттегі сабақтастықтың маңызын еске салып, ұлттық көркем мұраны сақтау мен дамытуға шабыт береді», дейді «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің әрі көрме жетекшісі Г.Жұбанова.
АЛМАТЫ