
Ақтау қаласының әкімдігі, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық әдеби ынтымақтастықты дамыту мақсатындағы фестивальға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Түрікменстан мемлекеттерінен 20-40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. «Проза», «Поэзия», «Драма» жанрлары бойынша аталған елдерден
59 талапкер қатысып, қазылар 12 жүйрікті анықтады.
Ә.Кекілбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне саяхаттан соң фестиваль Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханада әдеби форуммен жалғасты. Форумда ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан «Көркем әдебиет және Түркі әлемі», ақын Шерхан Талап «Түркі елдері әдебиетінің байланысын нығайту және жастар әдебиетін қолдау», жазушы Ырысбек Дәбей «Қазіргі түркі әдебиетіндегі аударма мәселелері», ақын Асылан Қуанышұлы «Заманауи түркі халықтары поэзиясы және Цзян Жуңның «Бөрі Тотемі» кітабы», ақын Бақтыбай Жайлау «Әбіш Кекілбайұлының түркі дүниесіне қызметі» тақырыбында баяндама жасады. Әр жанр бойынша үздік қаламгерлер марапатталды. Драма жанрында Мұрат Қолғанат, Поэзия жанрында Шерхан Талапұлы, Проза жанрында Нұрбек Нұржанұлы
1 орынды иеленді.
Әдеби форум ақындар айтысына ұласты. «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыстың ақтық сайысында Айтбай Жұмағұлов жетекшілік еткен Қарағанды және Бекарыс Шойбеков бастаған Түркістан облысының командалары бақ сынады. Сөз шеберлері сүре мен түре айтыста қоғамдағы өзекті мәселелерді өткір сынаса, өтірік айтыс пен қайым айтыста қағытпа қалжыңмен көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жыршылар қазақтың қаһармандық-тарихи жырларын қобыздың қоңыр үнімен тербеп, домбыраның күмбірімен әрледі. Күйшілер күй тартысқа түсіп, дәстүрлі ән сайысы да ғажапқа қалдырды.
– Әр команда тек суырыпсалма өнерімен ғана емес, өз өлкесінің сазын, мақамын, болмысын ала келді. Қос өңірдің өнерпаздарын бір-бірінен үстем деу қиын. Бастысы – халықтың көкейіндегі мәселе айтылды, ұлттық сана жаңғырды, – деді қазылар алқасының төрағасы Нұртөре Жүсіп.
Екі жылға созылған республикалық командалық айтыста Қарағанды мен Түркістан командалары тең түсіп, 1 орынды өзара бөлісті. 2 орын Астана қаласы мен Ақтөбе облысына бұйырса, 3 орынды Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстарының ақындары қанжығасына байлады.