
Шымбұлақ тау курорты дерегіне сүйенсек, EcoDay сенбілігіне қатысқан 100-ден астам ерікті Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі аумағына сенбілік жүргізген. Акция барысында жарты тоннаға жуық қоқыс жиналып, 200 килоға жуығы қайта өңдеуге жіберілді.
Шымбұлақ тау курорты әкімшілігі еріктілердің қоқысты жинап, мұқият сұрыптағанын алға тартты. Олар пластикалық және шыны бөтелкелерді қайта өңдеу үшін бір бөлек сұрыптаған. Жиналған қоқыс еріктілердің күшімен Шымбұлақ аумағына жеткізілді. Ал қайта өңделетін қалдықтар Recycle Birge қолдауымен мамандандырылған кәсіпорындарға жеткізілді.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды сенбіліктер ресми сипатта өтпеуі керектігін ескертіп, жуырда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру барысына қатысты кеңес өткізіп, аудан әкімдері, қалалық басқарма басшылары мен жауапты мекеме өкілдерімен кездескен болатын. Кеңес барысында мегаполис басшысы «Таза Қазақстан» акциясы ерекше бақылауда екенін атап өтіп, «Біздің міндетіміз – бір реттік сенбіліктер өткізу емес, көшелерде, аулаларда және халықтың санасында нақты өзгерістерге қол жеткізу» деді. Айтуынша, қалада әлі күнге дейін суару, көгалдандыру, жарықтандыру, қоқыс шығару сияқты мәселелер шешімін таппаған.
АЛМАТЫ