Аймақтар • Бүгін, 08:35

Баспана – басты мәселе

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлытау облысы Ұлытау ауданы орталығында тұрғын үй кезегінде 109 адам тұр. Оның ішінде мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік қызметкерлер санатында – 61, әлеуметтік осал топ санатында – 17, көпбалалы аналар санатында – 19, жетім бала санатында – 1, баспанасы апатты саналатын 11 адам кезекте тұр. Биыл республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топқа 523 млн теңге, жергілікті бюджеттен 50 млн 452 мың теңге бөлініп, 32 пәтер сатып алынды.

Баспана – басты мәселе

Абай көшесінің бойындағы жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйде 13 бір бөлмелі, 13 екі бөлмелі және үш бөлмелі алты пәтер бар. Мердігер «Самға» ЖШС үйді өз қаражатына салды. Әкімдік Құрылыс бөлімі арқылы сатып алып, алдымен кезекте тұрған әлеуметтік осал топ, көпбалалы ана және жетім санатына енетін тұрғындарға берді.

Баспанаға жылу орталықтан келеді. Жарық бар. Ыстық су титанмен қамтамасыз етіледі. Кәріз жүйесі іске қосылған. Әзірге 12 отбасы жаңа қонысқа көшті. Бұған дейін аудан басындағы Тайжан көшесінде екі қабатты төрт үй қолданысқа берілген. Жамбыл атындағы көшеде салынған үй де әлеуметтік осал топқа арнап сатып алынды.

Аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі автомобиль жолдары және тұрғын үй инс­пекциясы бөлімінің басшысы Сәбден Боранбайұлының сөзінше, 2021 жылы – 24 пәтер, 2022 жылы – 48 пәтер, биыл 32 пәтер берілді. Көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қа­батындағы 10 пәтерді сала қызметкерлеріне берілетін «қызметтік жатақхана» ретінде мердігерден сатып алу жоспарда бар.

«Баспанасы апатты жағдайда деп шешім шыққан 11 тұрғынға ауданда босап қалған үйлерден береміз. Салынған жаңа пәтер­ден бере алмаймыз. Бұл үй заңмен бекітілген әлеуметтік осал топтарға арналған. Таяуда комиссия отырысы болды, 11 адамның үшеуіне босаған үйді жалға ұсынып отыр. Жал­ға берілген үйлерді келешекте жекешелендіре алады. Бізде апатты жағдайда тұрған ескі жер үйлер. Бұдан басқа биыл облигациялық қарыздар есебінен Ұлытау ауданында 164 млн теңгеге 10 пәтер сатып алу жоспарланған», дейді.

Аудан орталығында салынып жатқан коммерциялық 2 пә­тер­лі 5 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Екі үйдің қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылып, шатыры орнатылған. Ал үшінші үйдің қабырғасын көтеру жалғасып жатыр.

«Қарағандыдағы «Тұрғын үй қоры» компаниясының құрылысшылары жұмыс істеп жатыр. Әзірге 12 құрылысшы бар. Одан кейін ішкі жұмысы басталғанда өзге мамандарды тартамыз. Құрылысқа қажетті материалдар қолжетімді, бәрі де отандық өнім. Газблок тас­тар – Теміртаудан, цемент – Жезқазғаннан, шикі материалдар өзіміздің өңірден әкелінеді. Жыл соңына дейін қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз», дейді құрылыс учаскесінің басшысы Әлтайыр Рысқұл.

Мердігер осы ауылдың техникаларын жалға алып отыр. Бір жағынан жастарға да жұмыс табылды. Бір техниканы жалға алу құны – айына 600–700 мың теңге шамасында. Бір үйдің құны 25 млн 200 мың теңгені құрайды. Бұл – қаладағыдай ішінде санузе­л бар үш бөлмелі үйдің бағасы. Сыртын қоршап, бүкіл жағдайын жасаған соң кілтін береді.

Осы жылы ауданға қарасты Жезді кентінде 2 пәтерлі 2 үй, Қарсақбай кентінде 2 пәтерлі 1 үйдің құрылысы басталады. Қазір жер таңдалып, заңдастыру жұмыстары жүріп жатыр.

 

Ұлытау облысы