Аймақтар • Бүгін, 09:25

Жұрт көңілінен шыққан жобалар жолы неге ауыр?

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодарда 2020 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 322 өтінім мақұлданған. Алайда олардың үштен бірі жүзеге аспапты. Азаматтар көп жағдайда балалардың спорт ойын алаңын салып беруді, ауланы абаттандыруды, дыбыстағыш бағдаршамдарды орнатуды сұрайды. Бірақ көбі бірізді, креативті тәсілдер жоққа тән. Мысалы, биыл Назарбаев даңғылы бойындағы үйлерге жарық жүйесін орнату, Максим Горький көшесіндегі үйлер арасына тротуар төсеу, Малайсары батыр көшесіндегі үйлердің сыртында көлік тұрағын жасау жобалары мақұлданған. Былай қарағанда, «Халық қатысатын бюджет» жобасынан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар арқылы аулаларды асфальттауға, тротуар төсеуге, жарықтандыруға, балалар және спорт алаңдарын салуға онсыз да қаражат бөлініп жатыр.

Жұрт көңілінен шыққан жобалар жолы неге ауыр?

Суреттерді түсірген – Валерий БУГАЕВ

Бағдарлама алғаш іске қосылған 2020 жылы павлодарлықтар өті­ніш беруде аса белсенділік ­таныта қоймаған. Соған орай алғашқы екі жылда орташа алғанда 5-6 жоба ғана мақұлданды. 2022 жылы қала әкімдігі тұрғындарды осы іске белсене қатысуға шақы­рып, өтінімдерді қабылдау­дың үш кезеңін жариялады. Ақырында жұрттың 300-ге ­жуық өтініші мақұлданды. Бірақ оның барлығын өмір­шең етуге қы­руар қаражат қажет еді. 2024 жылдың ортасында мақұл­данса да іске аспаған 159 өті­ніш тұрып қал­ды. Ресми мәлі­меттерге сүйен­сек, олардың саны қазір 94-ке дейін азайған.

«Жүзеге аспай тұруына түр­­лі себеп бар: кейбірін тех­ни­­ка­лық тұрғыдан өміршең ету мүмкін емес, енді біріне қа­жетті бос аумақ жоқ. Тағы бір­нешеуін «Халық қатыса­тын бюджет» жобасы аясында іске асыруға келмейді. Өзге жо­ба­лар бюджеттен бөлі­нетін қара­жаттардың шегіне қа­рай біртіндеп іске асады», дейді ша­һар басшысы Хасар Хабылбеков.

Шенеуніктер 55 жобаны­ жарамсыз деп таныған. Олар­дың барлығы халық жаппай ұсыныс тастаған 2022 жылы тір­келген екен. Осылайша, әкім­­дік өкілдері «артық қыла­мыз­ деп, тыртық қылды». Қа­зір­  іске асуға тиістілер тізі­мін­де 30 өтінім ғана қалған. Мәсе­­лен, №41 мектеп жаны­нан «Халық қатысатын бюджет» бағ­дарламасы негізінде шағын сквер жасалуы керек еді. Бірақ тұрғындар жобаны әлі күтіп жүр. Келешекте аумақта сквер емес, саябақ құрылса да артық болмайтындай.

рег

«Бұл үйде тұрып жатқалы төртінші жылдан асса да тұр­ғындарға жасалған игіліктерді көр­медік. Мұнда автобус келе­­тіндей мүмкіндік жасаса, сая­бақ салса қандай тамаша болар еді. Қолайлы орта жоқ. Үй алдында балалардың ойын алаңы бар, бірақ біз сияқты жас­тар үшін серуендейтін орын тапшы», дейді Малайсары батыр көшесінің тұрғыны Бақыт Рахымжанова.

Мәшһүр Жүсіп көшесі, 20/2 мекенжайында орналасқан аулада да бағдарлама бойын­ша жоба іске асуы керек еді. Зейнеткерлер өз бетімен аула­ға гүл егіп, көріктендіріп қой­ған. Мұнда шағын көлік қоя­тын орын мен ескі баскетбол шеңбері ғана бар. Ал жоба бойын­ша стритбол алаңы жаса­луға тиіс. «Шенеуніктердің біз­дің аулада ештеңе жасағысы кел­мей­тіні байқалады. Бірнеше мәрте сұрап бардық, нақты жауап айтпайды. Біз сияқты қария­лар өз бетімен не істесін», деп қын­жылады тұрғын Юлия Елесеева.

Бағдарлама іске қосылғалы көпшіліктен 464 өтінім түсіп, оның 322-сі мақұлданған жобалар тізіміне енген. Алайда шенеуніктер өткен жылдардан қордаланып қалған жобаларды аяқтаудың орнына өтінім қабылдаудың жаңа кезеңін жариялап, кейбірін мақұлдап жатыр.

«2025 жылға дауыстардың басым бөлігін иеленген 6 жоба­лық ұсыныс мақұлданды. Биыл 81,9 млн теңге қарас­ты­ры­лып отыр», деп хабарлады қалалық әкімдік.

Шенеуніктер барлық кезең­нен өткен өтінім бір жылдан соң іске асырылады деп уәде еткен. Яғни мақұлданған ұсыныстар бюд­жетке енгізіліп, тиісті қара­жат бөлінуі керек. Ал іс жүзінде мұн­дай нақтыланған жоспар көзге шалынар емес.

 

ПАВЛОДАР