Білім • Кеше

Оқулықтарды аудармайық, жазайық

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Оқулық – мемлекет үшін стра­тегиялық маңызы бар құндылық. Ол – білім үдерісінің негізі ғана емес, ұлттың дүниетанымын, тарихи санасын, мәдени қазы­насын, азаматтық ұстанымын қалыптастырудың ұстыны. Шын­дығында, әрбір азаматтың дүниеге көз­қарасын, танымын, ұлттық бірегейлігін қалып­тастыруда оқулықтардың алар орны ерекше.

Оқулықтарды аудармайық, жазайық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Біз білім стандартының негізі туралы ойланғанда, ең алдымен оқулықтардың ұлттық оқу бағ­дарламасының нақты көрінісі екеніне көз жеткізуіміз керек. Әр ел өз оқу­лықтары арқылы мектеп жүйесінде білім мазмұнының бірізділігін сақтап, оқушыларға біртұтас білім мүм­кіндігін ұсынады. Оқулықтарда елдің тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен тілі кеңінен қамтылуға тиіс. Ал бүгінгі біз­дің оқулықтарымыздың сапасы мен маз­мұны сын көтере ала ма деген сұрақ еріксіз туын­дайды.

Әлем бойынша білім жүйесі ең алдыңғы орынға шыққан Финляндия елінде «Біздің ең үлкен байлығымыз – мектеп» деген жақсы сөз бар. Әрине, бұл білім мен ғылымды мәңгілік байлық санаған халықтың көкірегінен қайнап шыққан даналық екені рас.

Ал Жапонияның мектеп оқу­лықтары жүйесі де өзгеше жағ­дай­да екенін білдік. Бұл елдің оқу­лық­тарының қалай жазылып,­ қалай қабылданатыны туралы із­де­ніп көрдік. Жеке баспа ме­ке­ме­­лері оқулықтардың жобасын жа­сап, оларды білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология ми­нистр­лігіне тексеруге ұсынады. Ма­құлданған оқулықтар мектептер­де пай­даланылуға беріледі. Аталғ­ан елде оқу бағдарламасы арқылы бірізділікке ұмтылу, оқу­лық автор­лары мен баспагерлердің дербес­тігі мен алуан түрлілікке жол ашу сияқ­ты жақсы әдістер бар­ екенін аңдадық.

Осындайда «Ал біздің оқу­лықтарымыз қандай деңгейде? Олардың сапасы мен мазмұнын кім тексереді?» деген сияқты сан түрлі сауал алдымыздан шығып та жүр. Сол сауалдардың жауа­бын­ оқырманға жеткізу үшін оқу­лық­­тарға қатысты мамандар­ды сөзге тарттық.

Оқу-ағарту ми­­нистр­лігінің Республикалық ғы­лы­ми-прак­тикалық білім­ маз­мұнын сараптау орталы­ғы­ның ди­ректоры Мәншүк Мұқа­мет­­қа­лиқызы қазір елімізде мектеп оқу­лық­та­рының сапасын же­тіл­діру мә­се­ле­сі Министрліктің күн тәртібі­нен түспегенін, соған байланысты бүгінде оқулық сапасын арттыруға қатысты кешенді жұмыстар үз­дік­сіз жүргізіліп жат­қанын айта келе, былай деді: «Оқулық сапасын арттыру және оқулық авторлары­ның жауапкершілігін күшей­ту мақ­сатында 2022 жылы «Мек­теп оқулықтары және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған ОӘК-тің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптар» (05.04.2022 жылғы№132 бұйрық) бекітілді.

Аталған талапқа сәйкес қазақ тілінде оқытатын мектептер үшін оқулықтарды (тілдік пәндерден басқасы) әзірлеу бірден қазақ тілінде әзірленеді.

Бұл талап оқу материалдары­ның қабылдауға жеңіл, жазылу тілінің жатық болуына және аудар­ма оқулықтарды пайда­ла­ну ба­рысында туындаған мәсе­ле­лер­ді шешуге ықпал етеді. Со­ны­мен қатар оқу басылымдарын­да қазақстандық мазмұнның (кон­тент­тің) кеңінен берілуіне баса­ назар аударылады. Атап айт­қан­да, Отанға және ұлттық мә­дени кодқа деген сүйіспеншілік қа­лып­тастыруға мәдениетаралық диалог­ті қамтамасыз етуге басым­дық бе­ріледі. Орта білім ұйым­­дарына арналған оқулық­тар­ды және оқу-әдістемелік ке­шен­­дерді дайындау, сараптау, сы­­нақ­тан өткізу және мониторинг жүргізу, басып шығару жө­нін­­­дегі қағидаға (24.07.2012 жылғы №344 бұйрық) сәйкес оқу­лық­тарды әзірлеуде оқулық ав­тор­­­ла­ры­­ның құрамында сала бо­йын­ша ғалымның, әдіскер мен практик-мұғалімнің болуы міндеттелген».

Көкейдегі сұрағымызға осылай жауап берген Мәншүк Мұ­қаметқалиқызы авторлар оқу­лық жазар алдында міндетті түрде оқулықтың теориясы мен­ оқу әдебиеттерін бағалау кри­терийлері бойынша арнайы оқыту курсынан өтуі қажет екенін де алға тартты. Тіпті бұл курстың алдағы уақытта оқулық авторлары үшін оқыту курстарын Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясы ұйымдастыратынын айтты.

Ал «оқулық жазудың, оны шығарудың жауапкершілігі қан­дай?» деген сауалымызға аталған сарапшы қысқа ғана жауап берді. Оның сөзінше, оқулық редакциясы Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының құзіретіне кірмейді екен. Бұл жұмыс баспа ұйымдарының міндетіне жататынын алға тартты.

«Алматыкітап» баспасы­ның Баспа ісі бойынша вице-пре­зиденті Әсима Рысқұл­беко­вадан «Оқулық­тардың көбі аударылады, арнайы автор жаз­бай­ды, бұл рас па?» деген сауалы­мызға жауап алдық.

«Мектеп оқулықтарын әзірлеу, білім саласының қазіргі талап­­тарына сәйкес келетін оқу­лық­­тарды жасау – бүгінгі күн­нің өзек­ті мәсе­лелерінің бірі. Бұл міндет біздің бас­памыз үшін де басым­ бағыт болып та­былады, себебі біз 25 жылдан астам уақыттан бері мектеп оқу­лықтарын шығарып келеміз.

Оқулық әзірлеу – авторлық топтың жан-жақты ізденісі, жинақтаған ең үздік тәжірибесіне негізделген шығармашылық жұмысы. Оқулық жазу үшін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен пәннің үлгілік оқу бағдарламасы негізге алынады. «Алматыкітап» баспасы еліміздің көрнекті ғалымдары, құрметті педагогтері мен әдіскер-педагогтермен ынтымақтаса жұмыс істейді, оқулық авторы болуға тартады. Сондай автордың бірі – Роман Қадырқұлов. Еліміз­де алғаш рет 1-11 сы­ныптарға арналған «Цифрлық сауаттылық», «Инфор­матика» оқу­лықтарын қазақ тілінде жазған адам. Оның жазған оқу­лықтары орыс, өзбек, ұйғыр тіл­деріне ауда­рылып қол­данылуда.

Қазақтілді емес мектептердің бастауыш сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы Әлия Хазимова – ең үздік авторларымыздың біре­гейі. Бұл оқулықтың мазмұны, әдістеме­лік-дидактикалық құры­лымы ұтымды болғандықтан, барша ұстаздар мен ата-аналар үнемі алғыс­тарын білдіреді.

Мүфтибекова Зүбайда – баспа­мыздың ардагер авторы. Жиырма жылдай уақытын оқулық авторы ретінде «Әліппе», 2-4 сынып­тарға арналған «Әдебиеттік оқу» оқу­лығын жазуға арнады. «Әде­биеттік оқу» баланың оқу сауат­ты­лығын және барлық таным­­­дық қабілеттерін (ойлау, елестету, сезіну, талдау жасау, т.б.) кешен­ді дамытуға мүмкіндік беретін маңызды пән. Сонымен қатар ұлттық ауыз-әдебиетіміз, көркем шығармалар мазмұнын талдау арқылы тұлғалық қасиеттерді тәрбиелеудің бірден-бір құралы.

Кейбір оқулықтар орыс тілінен аударылып қолданылатыны бел­гілі. 2022 жылдан бастап қазақ­тілді сыныптар үшін оқулық­тар ана тілінде жазылуы қажет деген арнайы бұйрық бекітіл­ген­нен кейін, қазақ сыныптарына арналған оқулықтар қазақ ­ті­лінде әзірленетін болды. «Орта білім ұйымдарына арнал­ған­­ оқу­лықтар және мектепке дейін­гі ұйымдар­ға, орта білім  ұйым­­дарына арнал­ған оқу-әдіс­те­ме­лік кешендер­­дің мазмұ­нына қойылатын талап­тар­дың» (05.04.2022 жыл­ғы №132 бұй­рық) 13-тармағына сәйкес қазақ тілін­де оқытатын мектептер үшін оқу­лықты қазақ тілінде (тілдік пәндер бойынша оқулықтар­дан басқа), басқа тілде оқыта­тын мектептер үшін – оқу тілінде әзірлеу немесе ­аудармада ұсы­налады. Баспа тарапынан атал­ған оқулықтар мен әдіс­теме­лік кешендер талапқа сай ұсы­ныл­маған жағдайда мем­лекеттік сараптамаға қабылдан­бай­ды».

Байыптап көрсек, осы салаға үлкен жауапкершілік пен ниет қажет-ақ екен. Себебі жоғарыда айтқанымыздай оқулықтар бі­лім алушыларға тек ақпарат бе­ріп қана қоймайды, олардың көз­қарасын, жанын, болмысын тәрбиелейді.

Бұл туралы Әсима Рысқұл­беко­ва өз ойын ашық жеткіз­ді. «Оқу­лық­пен жұмыс істеу бары­сында шығар­машылық ұжымның да ма­ңызы зор. Бас­памызда білікті редак­торлар мен корректорлар қыз­мет етеді. Редактордың бас­ты міндеті – оқулық мәтініндегі мазмұн­дық, стильдік және логика­лық қателіктерді болдырмау. Фак­тілердің қатесіз берілуі, сөйлем құ­рылымының түсінікті тілде болуы секілді оқулық мазмұнын құ­райтын мәтіндердің сапалы берілуін қадағалайды. Автордан келген қолжазбаны ең алдымен ре­дактор оқып, мазмұнын тек­серіп, оның ғылыми негізділігін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс барысында редактор автор ұсынған тақырып пен мазмұнды зерттеп, әр бөлімнің тақырыпқа сәйкес келуін қадағалайды. Редакциялау кезінде редактор оқулықтың құ­ры­лымына мұқият көңіл бөледі. Оқулықтың бөлімдері мен па­ра­­графтары оқушылардың жас ерек­­шеліктеріне сәйкес ұйым­дас­тырылуы керек. Әрбір тақы­рыптың логикалық тізбегі сақ­та­луға тиіс. Сондықтан редактор әр бөлімнің бір-бірімен байланысын тексереді және оқу материа­лын жеңіл меңгеруге мүмкіндік туғызатын түзетулер енгізеді».

Түйіндесек, жүйелі оқулық әзір­леу еліміздің білім саласына, ұрпақ тәрбиесіне, қалаберді мем­лекетіміздің өркендеуіне тіке­лей әсер ететін маңызды фак­тор. Авторлар, сарапшылар, бас­пагерлерден құралатын бі­лікті жұ­мыс тобы арқылы біз са­палы оқу­лық дайындайтынымыз рас. Ал енді бұл саланың мо­ральдық жауапкершілігін сезі­нудің өзі үлкен ғанибет десек, артық айтқан болмаспыз. Бұл жауапкершіліктің ішінде терең білім, ұрпақ алдындағы адалдық, ұлттық мүдде жатқанын аңдайтын сәт те жетті.