Білім • Кеше

Абай облысында «Мектепке жол» акциясы жалғасуда

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысында тамыз айынан басталған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және жағдайы төмен отбасындағы балаларды мектепке дайындау әлі де жалғасып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Абай облысында «Мектепке жол» акциясы жалғасуда

 

Жарма ауданы Шар қаласының П.Карелин атындағы мектеп оқушыларына кәсіпкер Бақыт Серікқызы көмек көрсетті. Атап айтқанда, Б. Әкішова 7 оқушыға 10 мың теңге мөлшерінде жаңа оқу жылына арналған мектеп аяқ киімін сыйға тартты. Бұл қайырымдылық көмегі балалардың мектепке толық дайындықпен баруына өз септігін тигізіп, ата-аналарға материалдық қолдау болды. Білім беру ұйымы кәсіпкерге көрсеткен қамқорлығы мен әлеуметтік жауапкершілігі үшін өз алғыстарын білдірді. Ал Абай гарнизонындағы 28738 әскери бөлімінің жеке құрамы мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға көмек көрсетті. Акция аясында балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сөмкелер табысталды.

– Бұл игі іс-шара әскери бөлімде жыл сайын өткізіліп, дәстүрге айналған. Оның басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қуаныш сыйлап, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау, сондай-ақ қоғамда қайырымдылық пен жанашырлықты насихаттау, – дейді 28738 әскери бөлімінің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Қарлығаш Мақсұтова.

Сонымен бірге ҚМДБ Абай облысы Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша 12 мұқтаж  отбасыға арнап мектепке қажет құрал-жабдықтары табысталды.

Аягөз аудандық Қалалық көпбейінді қазақ мектеп-гимназиясында «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында аз қамтылған отбасы балаларына және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына жаңа оқу жылына дайындық барысында мектеп құрал-жабдықтары және қаржылай көмек берілді. Демеуші азаматтар 162 000 теңге қаржылай және 344 500 теңгеге мектеп формасы, спорт формасы, сөмке және оқу құралдарымен демеушілік жасап, оқушыларға қуаныш сыйлады.

Сонымен қатар мектепке балаларды даярлаудың ерекше үлгісін көрсеткен KAZ Minerals компаниясы болды. Ақтоғай кеншілері Аягөзде Ақтоғай, Тарлаулы, Қопа ауылдарында «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырып, 1 015 оқушыға оқу құралдарын табыстады. Аталған акцияға демеуші компания 19,3 млн теңге бөліпті. Акцияға қатысқан ата-аналар алғыстарын білдірді.

– Оқушыларымыз мектепке дайын келіп жатқанына біз де ерекше қуаныштымыз. KAZ Minerals компаниясы «Мектепке жол» акциясын жыл сайын ұйымдастырып келеді. Бүгінде мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтылған оқушыларымыздың көзіндегі қуанышты көріп, біз де марқайып қалдық. Жергілікті жердегі оқушыларға, еліміздің болашақ жастарына қолдау білдіріп жатқан Ақтоғай кен орнына айырықша алғыс айтамыз, – дейді Ақтоғай №6 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Гүлзипа Мақажанқызы.

Абай облысы