Өнер иесінің айтуынша, «ZEIIN» – соңғы екі жыл бойы үлкен зейінмен, терең эмоциямен жазылған алғашқы толыққанды альбомы. Әнші жаңа туындысында шынайылыққа, ішкі сезімге және тыңдарманмен эмоционалды байланысқа ерекше мән берген.

«Жаңа альбом «ZEIIN» деп аталады. Неге десеңіздер, бұл мен соңғы екі жыл бойы барынша зейін салып жазған алғашқы альбомым. Тыңдармандарым да альбомды зейін қойып тыңдаса екен дедім. Альбомда әртүрлі жанрда, әртүрлі стильде әндер бар. Сол әндерден әркім өзін табады деген ойдамын. Бұрын әзілдеп тұңғыш ұлымның атын Зейін қоямын дейтінмін, альбом да менің тұңғыш балам сияқты, сол себепті осылай атадым. «ZEIIN» – мен үшін терең мағына», деді Sadraddin.
Listening Party кезінде орындаушы жаңа альбомдағы тректерді алғаш рет үлкен аренада ұсынып, көрермендерге бірнеше тосын сый дайындаған. Оның ішінде тыңдармандар күтпеген фит те бар.

Sadraddin 2025 жылдың қорытындысы бойынша Яндекс Музыка сервисінен «Суперлонч патшасы» атағын алған болатын. Бұл атақ оған «Qaragym-ai» трегі үшін берілген.
«Көбінесе тыңдармандар менің әндерімді Яндекс Музыкадан тыңдайтынын байқаймын. Менің 3-4 жыл бұрын жазған әндерімнің әлі күнге дейін топ-чартта тұрғанын көру маған әрдайым шабыт береді, күшті көңіл-күй сыйлайды», деді орындаушы.
Өнер иесі болашақта көбірек музыкалық эксперименттер жасағысы келетінін де жеткізді. Оның айтуынша, қазір оған инди-поп пен инди-рок жанры жақын. Алдағы уақытта сол бағыттағы жұмыстарды да ұсынуы мүмкін.