Қоғам • Бүгін, 17:40

Депутат: Дәрі-дәрмекке байланысты заңға маңызды түзетулер енгізілді

2 мин
оқу үшін

Депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында тұтынушылар дәріханадан іздеген дәрісін таба алмай қалған жағдайда қажетті препаратты шетелден алдыруға мәжбүр болуына байланысты заңға маңызды түзетулер енгізілгенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Депутат: Дәрі-дәрмекке байланысты заңға маңызды түзетулер енгізілді

Фото: Ашық дереккөз

А. Аймағамбетовтің айтуынша, әлемде қолданыстағы ең жаңа өмірлік маңызы бар препараттар Қазақстан нарығына жеткенше жылдар өтеді. Өйткені оларды тіркеу, тексеру үдерістері тым ұзақ.

«Ал дәрі елде тіркелмесе, ол дәріханада сатылмайды. Бюрократия көп, тіркелген дәрі аз болған сайын бағасы да қымбаттай береді. Бұл мәселені заң жүзінде шештік», деп жазды депутат.

Оның сөзінше, арнайы зерттеле келе, заңға маңызды түзетулер енгізіліп отыр.

«Біріншіден әлемдік ең жаңа, ең үздік дәрілерге енді «жасыл дәліз» (Fast-track) енгізіледі. Егер дәрі АҚШ (FDA) немесе Еуропада (EMA) қатаң тексерістен өтіп, тиімділігін дәлелдесе, оны бізде қайтадан жылдап тексерудің қажеті жоқ. Біздің енгізген өзгерісімізбен мұндай препараттарды өте шұғыл тәртіппен 15 күнде тіркеп, халыққа тез арада жеткізуге жол ашылды», деді ол.

2027 жылдан бастап ел тұрғындары өздеріне қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады

Депутаттың мәлімдеуінше, басқа да дәрілерді тіркеу мерзімі де қысқарады.

«Қазір құжаттарды рәсімдеу ресми түрде 210 күн, ал іс жүзінде жылдап созылады. Біз барлық бюрократиялық кезеңдерді заңмен бір қызметке біріктірдік. Нәтижесінде бұл мерзім айтарлықтай қысқарады», деді депутат.

Сонымен қоса, Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, сапаға қатаң бақылау жасалады, ел ішінде шығарылатын дәрілердің құрамы (субстанциялары) енді шекарада қатаң тексерістен өтеді.

Бұған дейін отандық дәрі-дәрмек үлесі шамамен 40 пайызға жеткені туралы хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар